Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесі: Дағдарысты еңсерудің 8 баспалдағы

Қасым-Жомарт Тоқаев қос сынақты жұрт болып еңсерудің жолдарын атады.     

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесі: Дағдарысты еңсерудің 8 баспалдағы   Фото: akorda.kz

Жер бетіндегі бүкіл адам баласының  ғаламшар атты алып бір кеменің жолаушысы екенін дер кезінде еске салған коронавирус індетінің беталысы күн сайын құбылып тұр. Бұл вирус онсыз да шатқаяқтап тұрған экономиканы тәлтіректіп-ақ тастады. Салдарынан кеше қабылдаған шешім бүгін тиімсіз болып, бүгін көтерілген проблема ертең өзектілігін жойып жатыр. Осындай аумалы-төкпелі кезеңде Қазақстан жұртына қайтпек керек? Азаматтарының қауіпсіздігі мен бақуатты өміріне Ата заң бойынша кепіл болуы тиіс мемлекет мұндай кезде не істей алады? Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық телерналар арқылы жұртқа жолдаған кезекті мәлімдемесінде осы сауалдарға жауап берді.

Мемлекет басшысы дағдарыс пен төтенше жағдайды ел болып еңсерудің 8 баспалдағын атады.

Зейнетақы 10 пайызға өседі

"Инфляцияның артуына байланысты зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін 10 пайызға индексациялауды тапсырдым. Осыған орай, аталған санаттағы азаматтардың табысын арттыру үшін мемлекет тарапынан 200 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінеді", - деді Президент.

3 млн адамға 42 500 теңге 
 
"42500 теңге көлеміндегі осы көмекті алатын азаматтардың санатын кеңейтуді тапсырамын. Бұл қолдауға өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен ресми тіркелмей жұмыс істейтіндер де ие болады", - деген мемлекет басшысы төтенше жағдай кезінде жалпы 3 миллионға жуық қазақстандық қолдау көретінін айтты.
 
МӘМС-ке қосылмағандар қамқорлықсыз қалмайды.
 
Бұған дейін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне кіріп үлгермегендер қиын-қыстау кезеңде көмексіз қалмайтын болды. 
"Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне сақтандырылмаған азаматтардың медициналық көмек алу құқығын 1 сәуірден 1 шілдеге дейін ұзартуды тапсырамын. Соған байланысты медициналық көмек азаматтарға бұрынғыдай қол жетімді болып қала береді", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
 

800 мың адамға тегін азық –түлік 

"Сонымен қатар, тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлікті тегін алатын азаматтардың қатары көбейеді. Мұндай көмек 1,2,3 топ мүгедектеріне, мүмкіндігі шектеулі балаларға, ресми тіркелген жұмыссыздарға беріледі. мүгедектер және жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар да иеленеді.  Тегін азық-түлік 800 мыңнан астам адамға беріледі. Оны өндіру мен жеткізуге жергілікті шағын және орта бизнес тартылуға тиіс", - деген Президент әлеуметтік көмектің әділ үлестірілуін қамтамасыз ететін платформа дайындауға отандық ІТ-компанияларды жұмылдыруды тапсырды.  
 

Дизельдің бір литрі 165 теңгеге арзандайды

Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус пен дағдарыстың көктемгі егіс науқанымен тұспа-тұс келгенін де ұмыт қалдырмады. 

"Ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге де қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, бюджеттен 70 миллиард теңге бөлінеді. Көктемгі егіс науқаны үшін "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы арқылы қосымша 100 миллиард теңге бөлуді тапсырамын. Ең алдымен, шағын және орта шаруа қожалықтарына қолдау көрсеткен жөн. Сонымен қатар, Үкіметке жанармайдың нарықтық бағасын 15 пайызға арзандатып, 165 теңгеге дейін төмендету міндеті жүктелді. Осыны қамтамасыз ету үшін 390 мың тонна жанармай жеңілдікпен сатылатын болады", - деді ол.

Жаңа жұмыс + 85 мың теңге
 
"Елорда мен, Алматы, Шымкент қалаларында енгізілген карантиндік шектеулер салдарынан еңбекке жарамды, қолы бос адамдардың шоғыры пайда болды. Оның көбі жастар. Үкімет пен жергілікті әкімдіктер "Жұмыспен қамтудың жол картасы" аясында осы аталған өңірлерде нақты жобаларды іске асырсын. Адамдар жабылған жұмыс орнының шлагбаумына телмірмеуі керек. Оларда күнкөріс көзі болуға тиіс. "Жұмыспен қамтудың жол картасы" арқылы өзге аймақта жұмыс істеуге дайын азаматтарға жұмыс орнын ауыстырған бетте екі айлық минималды еңбекақы көлемінде немесе 85 000 теңге көтерме ақы төленсін. Бұл бұрынғы айлығының орнына емес, еңбекақыға қосымша төленеді", - деді Президент.
 

ЕАЭО кедендік бажды азайтады

"Әкімдіктер жергілікті кәсіпорындардың өнімін кем дегенде 6 ай бойы кепілді сатып алу тәртібін жолға қоюы керек. Шағын және орта бизнес өкілдерін биылғы 1 қазанға дейін еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан босатуды тапсырамын. Мұндай қолдау сауда, көлік қызметі, қонақүй, туризм және басқа да салаларды қамтиды", - деген Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлер төтенше жағдай кезеңінде банктердегі несиенің пайызын есептемесе деген тілек айтып жатқанын еске салды. 

"Мен екінші деңгейлі банктерді конструктивтілік танытуға, азаматтық жауапкершілік пен ымыраластыққа шақырамын. Қиын кездерде мемлекет банктерге айтарлықтай көмек көрсетті. Енді сіздердің халыққа, отандық бизнеске қолдауларыңыз керек", - деді ол.

Індет пен дағдарыс құрсауындағы экономиканы құтқаруға Еуразиялық экономикалық одақтағы әріптес елдер де үлес қосуы керек. Президент бұл жағына да тоқталды.

"Үкімет Еуразиялық экономикалық одақтағы әріптестерімізбен біз үшін аса маңызды импорттық тауарларға салынатын алымды доғара тұру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Жеке қорғаныс бұйымдары мен өндірістік шикізат, вакцина, диагностикалық жиынтық заттар бойынша тиісті шешім шығып та қойды. Өзімізді толық қамти алмайтын импорттық тауарлар бойынша кеден алымын төмендету бойынша жұмыс жалғасуда", - деді ол.

Көмектің елге жетуін Есеп комитеті бақылайды
 
Мемлекет басшысы аталған шаралар пакетін жүзеге асыру үшін Үкімет пен Ұлттық банкке барлық қажетті қаржыны жүйелі жұмылдырып, тиімді игеруді міндеттеді. 
"Ұлттық қор қаражатын тиімді әрі ұтымды игеру керек. Қаржыны нақты экономикаға жедел және тура жеткізу үшін "Бәйтерек", "Аграрлық несие корпорациясы" сияқты мемлекеттік даму институттары арқылы тікелей қаржыландыру мүмкіндігін ескерген жөн", - деген Қасым-Жомарт Тоқаев  процесті Есеп комитеті қадағалайтынын ескертті. Ол іске өңірлік ревизиялық комиссиялар мен қоғамдық кеңестер де тартылмақ. 

"Коронавирус індетіне байланысты баршамыз күрделі кезеңді өткеріп отырмыз. Бірақ, бұл – уақытша қиындық. Біз оны міндетті түрде жеңеміз! Басты тойларымыз әлі алда. Төрт құбыламыз түгел болсын, ағайын! Біз біргеміз", - деп түйіндеді Президент.

Есімжан Нақтыбайұлы 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу