Президент: Қазақстан Қытай мен Бразилияның Украина жөніндегі бейбіт жоспарын құптайды

636

Мемлекет басшысы "БРИКС плюс" саммитіне қатысты. 

Президент: Қазақстан Қытай мен Бразилияның Украина жөніндегі бейбіт жоспарын құптайды Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазан қаласында өтіп жатқан БРИКС-тің пленарлық отырысының "БРИКС плюс"/"аутрич" форматында сөз сөйледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы БРИКС өзара тиімді ынтымақтастыққа ниетті көптеген елдің назарын аударатын халықаралық ауқымдағы жаһандық орталыққа айналып келе жатқанын атап өтті.

– БРИКС даму тұрғысынан мол әлеуетке ие және түрлі құрлықтағы мемлекеттерді біріктіреді. Сондай-ақ ынтымақтастықты нығайтып, ортақ ресурстарды барлық қатысушының игілігіне тиімді пайдаланады. Өзара құрмет пен серіктестік, бірлесе өркендеу қағидаттарына негізделген келешектің іргесін қалауға БРИКС-тің тәжірибесі де, мүмкіндігі де жетеді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, БРИКС-тің көпжақты күш-жігері әлемде әлі де баламасы жоқ әмбебап құрылым саналатын БҰҰ қызметін толықтыра түседі.

– БҰҰ Жарғысындағы дипломатия мен диалог қағидаттары БРИКС-тің негізгі күн тәртібіне айналды. Ол қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеуге және стратегиялық тұрақтылықты нығайтуға ықпал етіп отыр. Біз Еуразияның тең әрі біртұтас қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты Ресейдің тұжырымдамасын жоғары бағалаймыз. Оның түп негізінде өзара сенім мен ынтымақтастықты нығайту арқылы геосаяси қысымды төмендету ниеті жатыр. Қазақстан Қытайдың халықаралық тұрақтылықты сақтау, егемендікті қорғау, қақтығыстарды бейбіт жолмен шешу және көпқырлы тәсілдерді қолдану арқылы жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бастамасын қолдайды. Сондай-ақ еліміз Қытай мен Бразилияның Украина жөніндегі бейбіт жоспарын құптайды, – деді Президент.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу