Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев онлайн режимде өтіп жатқан Қазақстан машина жасаушыларының VIII форумы қатысушыларына құттықтау хатын жолдады.
"Құрметті форум қатысушылары! Сіздерді Қазақстан машина жасаушыларының VIII форумының ашылуымен құттықтаймын. Форум мемлекет пен бизнестің жүйелі диалогы, машина жасау саласының өзекті мәселелерін шешу үшін сұхбат алаңына айналды. Биыл шаралардың басым бөлігі онлайн режимде өтіп жатыр. Бұл форум да солай өтуде және оның аясында І Халықаралық машина жасау және металл өңдеу онлайн-көрмесі ашылған", – деген Президент саланың жетістіктеріне тоқталды.
"Пандемияға байланысты күрделі экономикалық кезеңге қарамастан, отандық машина жасау биылғы жылы 14%-дық жақсы өсім көрсетіп отыр. Осы көрсеткіш бойынша машина жасау елдің бүкіл өңдеу секторында көшбасшы орынға шықты. Менің Жолдауымда нағыз әртараптандырылған, технологиялық дамыған экономиканы құру, өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемін 1,5 есе арттыру тапсырмалары жүктелді", – деп жазылған Мемлекет басшысының құттықтау хатында.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет отандық өндірушілерді қолдау тетіктерін жетілдіріп, өнеркәсіптік саясат туралы заң қабылданатынын мәлімдеді.
"Жаңа жағдайдағы Қазақстан машина жасау саласы өзінің қарқынды дамуын жалғастыратындығына сенімдімін. Саланың өндірісті кеңейтуге және экспортты арттыруға айтарлықтай әлеуеті бар. Барлықтарыңызға жемісті жұмыс және алға қойылған мақсаттарға қол жеткізуді тілеймін!", – деді Мемлекет басшысы.
Құралай Құдайберген
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!