Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды 2022 жылмен құттықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
"Егемендік жылнамасының тағы бір маңызды белесіне жеттік! Ескі жылмен қоштасып, Жаңа жылға қадам басамыз. Бұл – әрбір адам ерекше көңіл-күймен қарсы алатын айрықша әсерлі сәт. Біз өткен жылды қорытындылап, алдағы кезеңге жоспар жасаймыз. 2021 жыл еліміз үшін оңай болған жоқ. Дегенмен халқымыз кез келген сын-қатерге төтеп беріп, барлық кедергіні еңсере білді", - деді Мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, Қазақстан індет кезіндегі қиындыққа қарамастан, көптеген жетістікке жеткен.
"Экономикамыз біртіндеп оңалып, жұрт қалыпты өмірге орала бастады. Кәсіпкерлікті дамыту мақтасында тиімді шаралар жүзеге асырылды. Жас ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздар қауымының жалақысы көбейді. Миллионнан аса тұрғын зейнетақы жинағын баспана алуға, ипотекасын өтеуге, емделуге жұмсады", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы елдегі саяси өзгерістерге де тоқталды.
"Алғаш рет ауыл әкімдерінің сайлауы тікелей өтті. Адам құқықтары саласына қатысты іс-шаралардың арнайы жоспары бекітілді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жан-жақты қолдау үшін жүйелі жұмыс жүргізілді. Менің бастамам бойынша Парламент реформаларды одан әрі жалғастыруға тың серпін беретін бірқатар заң жобасын қабылдады. Жалпы әрбір салада нақты нәтижеге қол жеткіздік. Мемлекет халықтың әл-ауқатын жақсартып, елдің бәсекеге қабілетін арттыруға бар-күш жігерін жұмылдырды. Бір сөзбен айтсақ, биыл күрделі жыл болса да толағай табысқа толы, жемісті жыл болды", - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға алғыс айтты.
"Мұның бәрі сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасы. Ел игілігіне еңбек етіп жүрген әрбір азаматқа осы сәтте шынайы ризашылығымды білдіремін", - деді Мемлекет басшысы.
Дәурен Ерболат