Президент: Кейбір азаматтар елімізді мазақ қылуға әуестеніп барады

Елде "Заң мен тәртіп" қағидасы халықтың санасына терең орнығуы керек.  

Президент: Кейбір азаматтар елімізді мазақ қылуға әуестеніп барады Фото: Ақорда

Ол үшін Үкіметтің және әкімдердің қызметі өз халқымызға да, сыртқы әлемге де ашық әрі түсінікті болуы керегі айтылды, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Мемлекет басшысының сөзінше, ақпараттық жұмыс уақытылы әрі сапалы жүргізілсе, қоғамда дүрбелең тудырған түйткілдерді ушықтырмай шешуге болады. Бұл орайда мұқият ойластырылған қоғамдық коммуникация стратегиясы көмекке келеді.

– Үкіметтің және әкімдердің қызметі өз халқымызға да, сыртқы әлемге де ашық әрі түсінікті болуы керек. Бірінші басшылар азаматтарды жеке қабылдауға тиіс. Бұл – өте маңызды. Әсіресе, аймақ, қала, аудан басшылары халықпен тікелей байланыста жұмыс істеуі қажет.

Дегенмен мемлекет пен қоғамның серіктестігі азаматтарға да зор жауапкершілік жүктейді. Соңғы кезде заң үстемдігіне және қоғамдық тәртіптің сақталуына басымдық беру қажеттігі дамыған елдерде, тіпті, АҚШ-тың өзінде жиі айтыла бастады. Біз мұндай пайымға әлдеқашан келгенбіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің сөзінше, "Заң мен тәртіп" қағидасы халықтың санасына терең орнығуы тиіс. Ол үшін кез келген құқықбұзушылыққа "мүлдем төзбеушілік" қағидасын берік ұстанудың маңызы бар. Яғни, осы бағыттағы жұмыстар барлық деңгейде ұйымдастырылуы керек. Мұны, әсіресе, аймақ әкімдері мықтап қолға алғаны дұрыс. 

– Шектеулер мен айыппұлдарға қатысты мемлекеттің де, қоғам белсенділерінің де ұстанымы көңілге қонымды болуға тиіс.

Мәжбүрлеу шаралары болмаса, тәртіп орнату мүмкін емес екенін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Сондықтан мемлекеттің іс-әрекеттеріне түсіністікпен қараған жөн. Бұл орайда диалог арқылы қоғамдық келісімге келу керек. Қалай десек те, мемлекет заң тәртібін қамтамасыз ету үшін қабылдайтын шаралар өз елін күстәналауға себеп болмауға тиіс.

Кейбір азаматтар елімізді мазақ қылуға әуестеніп барады. Мысалы, өзге елдердің өкілдері жоқ жерден "керемет жетістіктерді, табыстарды" тауып алып, оны шетелге жан-жақты насихаттап жатады. Ал біздің азаматтар, олардың ішінде шоу-бизнес өкілдері, өзін-өзі "қоғам белсендісі" санайтын жастар, тіпті, депутаттар да бар, Қазақстанға неше түрлі лақап ат қоятын болды. Бұл – мүлдем түсініксіз, ақылға сыймайтын нәрсе, – деп алаңдаушылық білдірде ел Президенті. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу