Президент: Конституцияға енгізілетін өзгерістер еліміздің дамуын жаңа әрі сапалы деңгейге көтереді

Қасым-Жомарт Тоқаев қолданыстағы Ата Заң Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде дамуына елеулі үлес қосқанын ерекше атады.  

Президент: Конституцияға енгізілетін өзгерістер еліміздің дамуын жаңа әрі сапалы деңгейге көтереді Фото: Ақорда

Десе де, жаңа Конституцияның жобасы тұтас мемлекеттік жүйені қайта түзуге жол ашады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

– Кешегі отырыстағы пікірталаста Комиссия мүшелері "Ата Заңға енгізілетін өзгерістер ауқымына қарасақ, жаңа Конституция қабылдауымыз керек" деген байлам жасады.
Шын мәнінде, ұсынылған түзетулер жобасы елді институционалдық-құқықтық тұрғыда жаңғыртумен ғана шектелмейді. Сонымен бірге бұл қадам тұтас мемлекеттік жүйені қайта түзуге жол ашады. Түбірімен өзгерген мүлдем жаңа құжаттың бейнесі қалыптасты.
Ата Заңымызда жарқын болашаққа нық қадам басқан бүгінгі Қазақстанның тұғыры әбден бекіген мемлекет ретіндегі идеалдары, қағидаттары мен басымдықтары көрініс табады.
Әрине, қолданыстағы Ата Заң Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде дамуына елеулі үлес қосты. Мұны ешкім жоққа шығармайды. Сондықтан былтырғы 30 тамызда Конституцияның 30 жылдығын кеңінен атап өттік, – деді Мемлекет басшысы. 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, Конституцияға енгізілетін өзгерістер еліміздің дамуын жаңа әрі сапалы деңгейге көтере түспек. 

– Бүкіл мемлекеттік жүйені қайта құрып, билік пен қоғамның ықпалдастығын жетілдіре түседі.
Ұсынылған түзетулердің ішінде жауапты әрі жасампаз отаншылдық туралы идея бар.

Патриотизм – құр ұран емес. Бұл қасиетті ұғымға жауапкершілікпен қараған абзал. Мен бұл жайында жақында өткен Ұлттық құрылтай отырысында айтқан болатынмын.
Отаншыл азамат дегеніміз – жауапкершілігі жоғары және жасампаз азамат.

Мен еліміздегі әрбір еріктіні – баршаңызды дәл осындай нағыз отаншыл азаматтар деп санаймын. Жауапты әрі жасампаз патриотизм идеясы әрбір волонтердің жанына жақын. Менің бұған еш күмәнім жоқ.

Әрбір азамат өзінің және қоғамның игілігі жолында күнделікті адал еңбек етіп, әлемді жақсарта түсуге ұмтылуға тиіс. Отанға деген шынайы сүйіспеншілік – осы.

Танымал қоғам қайраткері пастор Мартин Лютер Кинг "I have a dream", яғни "Менің де арманым бар" деген еді. Сондықтан "мына әлемді жақсарта түсемін" деп армандаңыздар. Мұраттарыңызға жетесіздер деп ойлаймын, – деп нақтылады Президент. 

Мемлекет басшысы "Сүйікті Отанымызды көркейту, яғни Заң мен тәртіп үстемдік құрған, Әділетті, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанды құру – баршамызға ортақ міндет" деген ой-пікірін де қоса кетті. 

– Әлемдегі ахуалды көріп-біліп отырсыздар. Түрлі қақтығыстар мен шиеленістер ушығып, болашақты болжау қиынға соғуда.

Соған қарамастан еліміз өсіп-өркендеп келеді. Біз табанды еңбектің арқасында барлық мақсат-мұратымызға жетеміз. Кез келген сын-қатерге төтеп береміз. Өскелең ұрпақтың көзі ашық, көкірегі ояу, ұқыпты, тәртіпті, жинақы болғаны, жақсы мен жаманды айыра білгені айрықша маңызды.

Тағы да атап өткім келеді: мен халқымыздың, әсіресе, жас буынның күш-жігеріне, жасампаз рухына сенемін.

Қазақстан – біздің жалғыз Отанымыз, бәріміздің қастерлі мекеніміз. Елімізді ешкім сырттан келіп көркейтіп бермейді. Қазақстанның мықты, қуатты, озық болғаны тек бізге ғана керек.

Сүйікті Отанымызды көркейту, яғни Заң мен тәртіп үстемдік құрған, Әділетті, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанды құру – баршамызға ортақ міндет. Осы міндетті орындау үшін бәріміз бір қоғам болып еңбек етейік, достар! – деп сөзін қорытындылады Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу