Кездесу "Барыс Аренада" өтіп, алаң иелерінің пайдасына 6:2 есебімен аяқталды. Алтыншы минутта команданы Мэтт Фрэттин алға шығарды. Ал екінші кезеңде, небәрі үш минутта (33-тен 36-минутқа дейін) "Барыс" ойыншылары қарсыластарына төрт гол салды. Бұл жолы Кирилл Савицкий, Коди Куник және Никита Михайлистер бірінен соң бірі қарсыластар қақпасына гол соқса, Фрэттин дубль авторы атанды.
Екінші кезеңнің аяқталуына бірнеше секунд қалғанда "Барыстың" бір ойыншысының айдыннан қуылғанын пайдаланып, "Куньлунь" командасынан Паркер Фу таблодағы көрсеткішті өзгертті. Ал 55 -минутта Грег Сквайрс алаң иелерінің осал тұсын тауып, гол соқты. Бірақ бір минуттан кейін Роман Старченко қарсыластардың қақпасына алтыншы голды соғып, кездесудің нүктесін қойды. Осылайша матч 6:2 есебімен аяқталды.
Сонымен қатар шайбалы хоккейден Қазақстан президенті кубогы аясында "Сарыарқа" "Торпедоны" жеңді. "Барыс Аренада" өткен кездесу 2:1 есебімен, қарағандылық клубтың пайдасына аяқталды. Екінші кезеңнің басында "Сарыарқа" сенімді түрде алға шықты - 2: 0. Тоғызыншы минутта Сергей Голоднюк есеп ашса, 22-минутта Кирилл Беляев есепті еселей түсті. Ал өскемендік команда бір ғана гол соқты. Матчтың аяқталуына бірнеше секунд қалғанда Антон Петров есеп айырмасын қысқартты. Бұл "Сарыарқа" үшін турнирдегі екінші жеңіс. Қарағандылықтар алғашқы матчта елордалық команданы 4:3 есебімен жеңген болатын. Қатарынан екі матчта жеңіске жеткен ел чемпиондары Президент кубогінде көш бастады.
Енді қарағандылықтар 14-тамыз күні 12:00-де "Куньлунь Ред Стар" командасымен кездеседі. Ал Юрий Михайлис шәкірттері келесі матчты сол күні 17:00-де өскемендік "Торпедоға" қарсы өткізеді және елордалықтар үшін бұл турнирдегі соңғы матч болмақ.
Ермұхамед Мәулен