Президент кубогы Қиыр Шығысқа кетті

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3348

"Барыс" хоккейшілері өз жерімізде өткен халықаралық додада Ресей клубтарына есе жіберіп алып, үшінші орынмен шектелді.

Президент кубогы Қиыр Шығысқа кетті

Шайбалы хоккейден дәстүрлі ҚР Президенті кубогы көмбесіне жетіп, бас бәйгені Хабаровскінің "Амур" клубы жеңіп алды. Екінші орын Нижнекамскіден келген "Нефтехимик" командасына бұйырып, "Барыс" үшінші орынды қанағат тұтты. Негізінен, әлеуеті зор жас хоккейшілерімізбен жасақталған Қазақстан құрамасы төртінші орынға табан тіреді. 

Биылғы Президент кубогы мейілінше тартысты өтті. Отандық жанкүйерлердің назары "Барыс" клубына ауған. Алайда құрамы да, бапкерлері де, тіпті басшылары да өзгерген елорда клубы сенім үдесінен шыға алмады. Үш ойынның екеуінде ұтылып қалғаны былай тұрсын, өрнекті ойын үлгісін көрсете алмай, жанкүйерлерін жасытты.

Әрине, қамшының сабындай қысқа уақыт ішінде жаңа ойыншыларының бір-бірімен тіл табысып кетуі оңай емес. Сол себепті, ҚР Президенті кубогы "Барыс" хокейшілері үшін баға жетпес сынақ болды. Жаңа маусым басталғанша, осы турнирдегі қателіктерін түзеп, ойын өрнектерін жетілдіре түседі деп сенеміз.

Ал төрт күнге созылған мұзайдын додасына келсек, "Барыс" әуелі "Амурды" әупіріммен ұтты. Тек овертаймда жеңіске жетіп, екі ұпай еншіледі. Содан соң бұрын өзінің бас бапкері болған Андрей Назаровтың командасынан, яғни "Нефтехимик" клубынан ұтылып қалды. Ал Қазақстан құрамасы Ресейден келген екі ұжымға да есе жіберіп алды.    

ҚР Президенті кубогы додасының соңғы күні ресейлік екі клуб өзара кездесіп, "Амур" айласын асырды. Ал "Барыс" Қазақстан құрамасының намысын қорғаған жастарымыз бен деңгейлері өздерінен төмендеу ойыншыларымыздан ұтылып қалды. 1:3 есебімен ұтылып жатып, таразы басын теңестірген. Десек те, овертаймда жаза басып, жеңілістің кермек дәмін татты.

Бұл жерде Қазақстан құрамасы сапында ойнаған жігіттеріміздің жанкештілік танытып, көпшілікті қайран қалдырғанын айта кетуге тиіспіз. Юрий Михайлис жетекшілік еткен жас хоккейшілеріміздің бәрі де "Барыс" сапында ойнауға лайық екендерін көрсетуге тырысып, аянған жоқ. Тек ойынның негізгі уақытында жеңіске жетудің сәті түспей, "Барысқа" бір ұпай беріп алды. Әйтпесе, үшінші орынға ие болатын да еді.

Ойындар нәтижесі:

1-күн
Қазақстан құрамасы – "Нефтехимик" – 1:4
"Барыс" – "Амур" – 2:1 ОТ

2-күн
Қазақстан құрамасы – "Амур" – 0:4
"Барыс" – "Нефтехимик" – 3:6

4-күн
"Амур" – "Нефтехимик" – 2:1
"Барыс" – Қазақстан құрамасы – 3:4 ОТ

1."Амур" (Хабаровск, Ресей) – 7 ұпай, 2."Нефтехимик" (Нижнекамск, Ресей) – 6 ұпай, 3."Барыс" (Астана) – 3 ұпай, 4.Қазақстан құрамасы – 2 ұпай.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу