Президент өкілеттіктері шынымен қысқарды ма?

1953

Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі халыққа жолдауында президент өкілеттіктерін қысқартатынын мәлімдеді.

Президент өкілеттіктері шынымен қысқарды ма?

Атап айтсақ, енді Мемлекет басшысы партияға мүше болмайды, аудан мен ауыл әкімдерін тағайындау құқығынан айырылады және бұдан әрі Сенаттағы 15 емес, 10 депутатты тағайындайды. Президенттің жақын туыстары мемлекеттік, квазимемлекеттік секторда жоғары лауазымдарға тағайындалмайды деген де айтылды.

Осы бастамалар жөнінде саясаттанушы Шалқар Нұрсейітовтің пікірін сұрадық. 

"Суперпрезиденттік режимнен президенттік билікке көшу туралы бастама құптарлық. Бірақ іс жүзінде, өкінішке қарай, авторитарлы, абсолюттік биліктен толық президенттік-парламенттік жүйеге көшетінімізге күмәнім бар. Себебі президент партияға мүше болмайды дегеніміз айтарлық өзгеріс әкелмейді. Ол Конституциялық заңда арнайы көрсетілген құзырет емес. Ал аудан мен ауыл әкімдерін тағайындау құқығынан айырылуы ешқандай шектеу келтіріп тұрған жоқ. Өйткені олардың үстінен қарайтын облыс әкімдерін кез келген уақытта қызметке тағайындап, орынынан алып тастай алады. Одан кейін – Сенаттағы 15 емес, 10 депутатты тағайындауы. Бұл саяси процесске ешқандай әсер етпейді. Президент онсыз-ақ Сенатты бақылауда ұстап отыр. Сенаторлар президентке толықтай берілген деуге болады. Қасым-Жомарт Тоқаев палата спикері Мәулен Әшімбаевты бір күнде тағайындап, бір күнде спикер қылған адам. Сенат президентке қарсы шығып, билігін шектейді деуге келмейді", – дейді Нұрсейітов.

Саясаттанушы президенттің нағыз шектелуге тиіс өкілеттіктері туралы былай дейді:

"Бірінші, Үкіметті толығымен парламентке есеп беретін орын ретінде қалыптастыру керек. Президент қазір премьер-министрді қызметке тағайындап, орынынан ала алады. Министрлерді де тағайындап, алып тастайды. Орталық сайлау комиссиясы төрағасы мен екі орынбасарын, Конституциялық кеңес төрағасы мен екі орынбасарын, Есеп комитетінің төрағасы мен орынбасарларын тағайындайды. Облыс әкімдері мен республикалық маңызды қалалар әкімдеріне қатысты да тап солай. Президентке тікелей есеп беретін мемлекеттік органдардың бәрі бақылауында. Ресми Сенаттың мақұлдауымен тағайындалады дегенмен, Бас прокурор, Ұлттық банк, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы және Жоғарғы сот төрағасы – барлығын дерлік тағайындап, қызметтен алады. Осыншама құзыреті тұрғанда, президент билігі шектелді деп айту мүмкін емес".

Жолдауда президенттің жақын туыстары да лауазымды қызметке тағайындалмайтыны айтылған.

"Қазақстан секілді непотизм белең алған мемлекетке мұндай шешім керек те шығар. Бірақ қоғам өмірінде адекват құндылықтар дұрыс орнаған болса, бұндай ережені Конституцияға бекітпей-ақ президент туыстары меритократия арқылы қызметке келе алар еді. Бірақ туыстарының мемлекеттік билік пен квазимемлекеттік секторға араласпағанымен, кәсібін дөңгелетуге ешқандай кедергі жоқ екенін ескергеніміз абзал. Бұл бастама – саяси өмірге әсер ететін бастамадан гөрі жұртшылық көңіліне ұнауға бағытталған  шешім секілді көрінеді", – дейді Нұрсейітов.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу