Президент Орталық Азия мен Әзірбайжан елдерінің басшыларын Ораза айт мерекесімен құттықтады

1022

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мемлекеттің басшыларымен телефон арқылы сөйлесті. 

Президент Орталық Азия мен Әзірбайжан елдерінің басшыларын Ораза айт мерекесімен құттықтады

"Телефон арқылы әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан Президенттері бір-бірін қасиетті Ораза айт мерекесімен құттықтады. Мемлекет басшысы бауырлас халықтарға жақсылық, бақ-береке тіледі", – деп жазылған Ақорда баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровпен сөйлесу кезінде қазақ-қырғыз стратегиялық серіктестігін дамытудың өзекті мәселелері талқыланды. Садыр Жапаровтың биылғы 2-3 наурыз күндері Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалуына ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар тараптар Орталық Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету ісіндегі тығыз ықпалдастықты жалғастыра беруге уағдаласты. Қырғыз көшбасшысы гуманитарлық көмек көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдірді.

Президент Эмомали Рахмонмен келіссөз барысында Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдағы уақытта Тәжікстанға жасайтын ресми сапарының жай-жапсары арастырылды.

Президенттердің пікірінше, Душанбеде өтетін келіссөздер қазақ-тәжік ынтымақтастығының көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік береді және өңірлік ынтымақтастықты жандандыру жөніндегі жаңа қадамдарды белгілейді.

Мемлекетаралық байланыстардың перспективалары да Қазақстан мен Түрікменстан Президенттері сұхбатының негізгі тақырыбы болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов қазақ-түрікмен көпжоспарлы серіктестігін жаңа әрі сапалы деңгейге жеткізуге бейілді екенін нақтылады. Мемлекет басшыларының пікірінше, бұған Қазақстан Президентінің алдағы уақытта Ашхабадқа жасайтын сапары айтарлықтай септігін тигізеді.

Мемлекет басшысының Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен әңгімелесуі кезінде достық, тату көршілік және стратегиялық серіктестікке негізделген қазақ-өзбек қатынастарының жоғары деңгейде екені айтылды.

Мемлекет басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстардың даму қарқынын сақтау мақсатындағы екі ел үкіметтерінің ықпалдастығын атап өтті. Қазақстан мен Өзбекстанның көшбасшылары Орталық Азия өңіріндегі ахуал мен Ауғанстан проблемасы бойынша пікір алмасты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевті биыл Қазақстанға сапармен келуге шақырды.

Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен әңгімелесу кезінде қазақ-әзербайжан ынтымақтастығының барлық бағытына тың серпін беру үшін әлеуетті барынша пайдаланудың маңыздылығы айтылды.

Өзара сауда-саттықты ұлғайтуға, экономиканың негізгі салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыруға бағытталған шаралар қабылдау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі кеңесіндегі Қазақстанның бастамаларына қолдау көрсеткені үшін әзербайжандық әріптесіне ризашылығын білдірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу