Президент сайлауына 12 067 475 сайлау бюллетені дайындалады

2175

Орталық сайлау комиссиясы әзірше 59 байқаушыны аккредитациялады.

Президент сайлауына 12 067 475 сайлау бюллетені дайындалады

Саяси партиялар мен ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясы өкілдерінің қатысуымен Орталық сайлау комиссиясының (ОСК)  отырысы өтті. Отырыста 4 мәселе талқыланды.

"Әрбір сайлау учаскесі бойынша тиісті әкім қол қойған сайлаушылар тізімдерін акт бойынша сайлау комиссияларына беру туралы" деген мәселе бойынша облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының аумақтық сайлау комиссияларының өкілдері  бейнебайланысқа шықты.

Айта кетейік, сайлау комиссияларына тиісті әкімдіктер сайлаушылар тізімін кеше берген. Онда сайлаушылардың жалпы саны 11 947 995 деп көрсетілген.

ҚР сайлаушылары өздерінің тұрғылықты жері бойынша құрылған сайлау учаскелерінде 15 күн ішінде сайлау тізімінде бар, не жоқ екенін білу құқығына ие және оларға тізімде болмаған жағдайда өздерін тізімге қосқызу мүмкіндігі берілген.

"Дауыс беруге арналған бюллетень мәтінін бекіту және олардың дайындалуын қамтамасыз ету туралы" мәселе тілге тиек етілгенде ОСК хатшысы Сабила Мұстафина: "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңның 37-бабы 2-тармағына сәйкес сайлау бюллетеньдерi сайлаушылардың жалпы санының 1% резервiмен сайлаушылардың санына тең мөлшерде дайындалады. Осыған байланысты, 12 067 475 сайлау бюллетенін дайындау қажет. ОСК Президенттi сайлау жөнiндегі дауыс беруге арналған бюллетеньдердiң нысаны мен мәтiнiн белгiлейдi, сондай-ақ оларды дайындауды қамтамасыз етедi. Президентті сайлау жөніндегі сайлау бюллетенінің нысаны ОСК-ның 2018 жылғы 23 тамыздағы № 11/192 қаулысының 1- қосымшасына сәйкес белгіленген. Сайлау бюллетенiне мемлекеттiк тiлдiң әлiпбилiк тәртiбiмен тегi, аты, әкесiнiң аты көрсетiле отырып, барлық тiркелген кандидаттар енгiзiледi. Бюллетеньдерді қолдан жасаудан және тиісінше оларды бұрмалаудан қорғауды қамтамасыз ету мақсатында сайлау бюллетеньдерінің қорғалу дәрежесі белгіленді. Сайлау бюллетеньдерін облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың сайлау комиссияларына жеткізу арнайы байланыспен жүзеге асырылады. Облыстық, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың сайлау комиссияларына сайлау бюллетеньдерін үш күннен, яғни 6 маусымнан ерте емес және сайлауға дейін бір күннен, яғни 8 маусымнан кешіктірмей жеткізуді қамтамасыз етуге тиіс", – деді.

"2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына халықаралық ұйым байқаушысын аккредиттеудің күшін жою туралы" мәселе қозғалғанда ОСК мүшесі Зәуреш Баймолдина шет мемлекеттердің және халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеудің күшін жоюды сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша ОСК жүзеге асыратынын айтты.

"ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-тың сайлауды бақылау жөніндегі миссиясының хаты және ҚР сыртқы істер министрлігінің ұсынымы негізінде ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-тың сайлауды бақылау жөніндегі миссиясының байқаушысы Александр Джон Фолксты аккредиттеудің күшін жою және куәлігін кері қайтарып алу туралы қаулы қабылданды. Осыған байланысты "2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу туралы" Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2019 жылғы 6 мамырдағы № 28/262 қаулысымен бекітілген, Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының жанында аккредиттелген халықаралық ұйымдар байқаушыларының тізімінде: "ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-тың сайлауды байқау жөніндегі миссиясы" бөлімінде реттік нөмірі 40 "Alexander Jonh Folkes" деген жол алынып тасталған",  – деді ол.

"2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің байқаушыларын аккредиттеу туралы" сұрақ күн тәртібіне қойылғанда Зәуреш Баймолдина сыртқы істер министрлігінен бірқатар миссиялардың байқаушыларын аккредиттеуге ұсыныстар келіп түскенін хабарлады.

"35 байқаушы ТМД байқаушылар миссиясының құрамында; 1 байқаушы ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросы миссиясының құрамында; 7 байқаушы Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі миссиясы құрамында. Сонымен қатар Армения, Болгария, Грузия, Малайзия, Молдова, Латвия, Ресей Федерациясы және Түркияның орталық сайлау органдарының өкілдері болып табылатын шет мемлекеттерден 16 байқаушы ұсынылып отыр. Барлығы 59 байқаушы аккредиттеуге ұсынылды. Аккредиттеуге ұсынымдардың келіп түсуіне қарай байқаушылар жөніндегі деректер жаңартылады. Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеуді ОСК 2019 жылғы 3 маусым күнгі сағат 18.00-ге дейін жүзеге асырады", – деді.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу