Президент: Сапархан Омаров отставкаға кетуге тиіс

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров қызметтік міндетін атқара алмаған.

 Президент: Сапархан Омаров отставкаға кетуге тиіс

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген құрамдағы отырысында Ауыл шаруашылығы министрі отставкаға кетуі қажет деген тоқтамға келді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Осы қиын жағдайда министрлікке шұғыл шаралар қабылдауы тиіс еді. Алайда министрлік қажетті жұмыстарды уақытында атқара алмады. Сондықтан министр Сапархан Омаров отставкаға кетуге тиіс деп есептеймін", – деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қуаңшылыққа тап болған өңірлерге көмек көрсетуді тапсырды. 

"Жалпы осыған дейін бұл министрлікте бірқатар басшылар болды. Алайда әр министр өз бағдарламасын жүзеге асырған еді. Нәтижесінде мұндай жұмыс саланы қауқарсыз күйге түсірді, шаруаларды әбден қажытты. Үкімет пен әкімдер "Бәйтерек" холдингімен бірлесіп, зиян шеккен фермерлерге қолдау көрсету үшін шұғыл түрде кешенді шаралар әзірлеуі тиіс. Үкіметтің төтенше жағдайларға арналған резервін пайдаланыңыздар, қажетті көмекті беріңіздер", – деді Президент.

Мемлекет басшысы өңіраралық және салааралық мәселелерді шешу үшін құрылған республикалық штабтың жұмысына көңіл толмайтынын айтты.

"Жалпы республикалық штаб жедел жұмыс жүргізуі керек. Қабылданған шаралардың бағыты фермерлерге анық әрі түсінікті болуға тиіс. Мына нәрселерге назар аударғым келеді: мемлекет міндетті түрде қажетті көмекті көрсетеді. Сондай-ақ, шаруалар да ортақ жұмысқа атсалысуы қажет. Ең алдымен қиындыққа тап болған өңірлерге жем-шөпті жедел жеткізіп, малдың қырылуын тоқтату керек. Төтенше шара ретінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтардан шөп жинау мүмкіндігін қарастырған жөн", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Естеріңізге сала кетейік, бүгінде Ауыл шаруашылығы министрлігін басқарып отырған Сапархан Омаров қазіргі қызметіне 2019 жылдың 25 ақпанында тағайындалған болатын.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу