Президент Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасын бекітеді

1794

Қасым-Жомарт Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Президент Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасын бекітеді

Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтың бірі екенін атап өтті. Оның пікірінше, заң үстемдігін орнатып, нағыз құқықтық мемлекет құру үшін, ең алдымен, жемқорлықтың тамырына балта шабу керек. 

Президент соңғы жылдары бірқатар маңызды қадам жасалғанына назар аударды. Соттардың сапалы қызмет атқаруы үшін нақты шаралар қабылданды. Кейінгі үш жылда 174 судья жұмыстан шығарылды, я болмаса лауазымы төмендетілді. Жаңадан құрылған әкімшілік соттарға жарты жылдың ішінде 14 мың талап-арыз түскен. Соның тең жартысында сотқа арызданушылар жеңіп шыққан. Қылмыстық процестің үш буынды үлгісі енгізілді. Соның нәтижесінде прокурорлар былтыр үш жарым мыңға жуық адамның қылмыстық процеске негізсіз тартылуына жол берген жоқ. Басқа да бірқатар институционалдық шаралар жүзеге асырылды.

– Жемқорлық әрекеті үшін сотталған азаматтарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынды. Соттарға, құқық қорғау қызметкерлеріне, пара бергендерге және делдалдарға қатаң жаза қолданылатын болды. Былтырдан бері жалпыға бірдей салық декларациясын тапсыруды бастадық. Осы және басқа да шаралар айтарлықтай нәтиже беріп, жемқорлық деңгейі төмендеді. Дегенмен түбегейлі өзгеріс әкелген жоқ. Мұны ашық айтуымыз керек. Азаматтарымыз әлі де күнделікті өмірде сыбайлас жемқорлық жағдайларымен бетпе-бет келуде, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің тапсырмасы бойынша әзірленген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасын бекітетінін мәлімдеді. Бірақ жұмыстың тиімділігі нақты нәтиже бойынша бағаланады. Түпкі мақсат – сыбайлас жемқорлықтан таза қоғам қалыптастыру.

Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықпен тиімді күрес жүргізу құқық қорғау органдарының жұмысынсыз мүлде мүмкін емес деп санайды. Көп жыл бойы олар мәселені терең зерттемей тұрып, пара алушыларды қылмыс үстінде ұстап келді. Әртүрлі адам бір лауазымды атқарып отырып, бірдей мәселелерді шешкені үшін кінәлі деп танылған. Жемқорларды тұрақты түрде ұстап, түрмеге тоғытып отырған. Ал сыбайлас жемқорлықтың белең алуына қатысты себептер мен жағдайлар ешкімді қызықтыра қоймаған. Тек соңғы жылдары ғана осы мәселеге назар аударыла бастағаны байқалады.

– Бұл жерде ауыл шаруашылығындағы субсидияларға байланысты жемқорлық деректердің анықталғанын атап өтуге болады. Кейінгі бес жылда мемлекет аграрилерді қолдау үшін екі триллион теңге бөлді. Осы уақыт ішінде  аталған салада 960 қылмыстық іс тіркелген. 450 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бұл сала жылдар бойы жемқорлыққа белшеден батуда. Соның кесірінен мемлекет үлкен зиян шекті, азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келді. Атап айтқанда, жайылымдық жерлерді суландыруға бөлінген 80 миллиард теңгенің тең жартысы мақсатқа сай жұмсалмаған. Былтыр қуаңшылық болған кезде шаруалар жем-шөп таппай, мал қырылып қалды. Тіпті, кейбір өңірде шаруаларға субсидия ретінде күн батареясы берілген. Ашығын айтқанда, ауыл тұрғындарына не қажет екеніне ешкім бас қатырмаған. Субсидияны игердік деп есеп беру үшін сол күн батареяларының бағасы еселеп көрсетілген. Мұның бәрі уәкілетті органдардың жауапсыздығынан болған. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдер мұндай былыққа жол бергені үшін жауап беруі керек, – деді Президент.  

Қасым-Жомарт Тоқаев ақпараттық жүйелер мен деректер базасының жұмысына қатысты мәселелерге арнайы тоқталды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне мемлекеттік құрылымдар әзірлеген барлық ақпараттық жүйеге тексеру жүргізу тапсырылды.

– Олар қандай міндеттер орындайды, оларға кімнің қолы жетімді, қанша қаржы жұмсалды, азаматтар мен мемлекетке одан қандай пайда бар? Цифрландыру жөніндегі жұмыстардың басымдықтары нақты жүйеленуі керек. Мемлекет қызмет түрлерін алуды шынайы түрде жеңілдететін "Электронды үкімет" немесе жүргізушілердің жол жүру тәртібін күшейткен және жол ережелерінің бұзылуын тіркеуде адами факторды алмастырған "Сергек" сияқты жобалар болса, онда жөн. Сонымен қатар егер цифрландыру деген желеумен бюджеттен қаржы жұмсалып, кейін ешкімге қажеті жоқ ресурстарға көрсетілген қызмет үшін біреулер миллиондап алатын болса, онда әңгіме басқа, – деді Президент.

Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың барлық бағытын түбегейлі қайта қарауға шақырды, сондай-ақ уәкілетті органдардың алдына бірқатар міндет қойды. Оның пікірінше, кәсіпкерлер мен жұртшылықтың сыбайлас жемқорлық деректері бойынша берген өтініштері негізінде жүйелі жұмыс жүргізу қажет.

– Кеден, құрылыс, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы жемқорлықпен күресуге баса мән беру керек. Жауапты министрліктер осы бағыттар бойынша жемқорлықты жүйелі негізде жою жөнінде жоспар әзірлеуі қажет. Бұл жоспарды бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша мұқият пысықтап, ұсынуды тапсырамын. Барлық іс-шараны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен келісу қажет. Құзырлы органдардағы бірінші басшылардың жұмысын жемқорлықпен күрес көрсеткіші арқылы да бағалайтын боламын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент мемлекет белгілейтін бағаларды реттеу кезіндегі жемқорлықты түбегейлі жою мәселесіне ерекше назар аударды.

– Тиісті уәкілетті органдар бағаны белгілеген кезде оның қаншалықты негізді екенін мұқият қарауы керек. Мұның астарында  экономикалық себептен бөлек, біреудің жымысқы әрекеті жатқан жоқ па  деген сауал туындайды. Мысалы, отандық өнім өндірушілер теміржол саласын жемқорлық жайлағанын айтып, үнемі шағымданады. Кәсіпкерлер нақты бір нысанға апаратын теміржолды пайдаланғаны үшін төлейтін ақының көлеміне байланысты наразылық білдіруде. Осыған орай, бір уақытта бірнеше өңірден – Қостанай, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Ақмола және Павлодар облыстарынан арыз түскен. Монополист компаниялар бағаны өз бетімен еселеп өсірген. Бұл халық тұтынатын тауарлардың бағасына бірден әсер етеді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектордағы сатып алулардың тұтас жүйесін қайта қарауды тапсырды. Президент мемлекеттік сатып алуларға беделі бар, тиісті техникасы бар, білікті жұмысшылары бар, салықты уақтылы төлейтін өндірушілер қатысуы керек деп есептейді.

– Қазір сыбайлас жемқорлықты нақты жоюдың орнына, процесті бюрократияландыру жүріп жатқанын көріп отырмыз. Тапсырысты орындаушыны таңдауға бірнеше ай кетеді, бірақ бәрібір сапа мен адалдық жетіспейді. Қолданыста бар нормативтік сүзгілерге қарамастан, қандай тендер болсын, оны кім жеңетіні көбіне белгілі болып тұрады. Мәселен, екі жылда "Қазавтожол" техникалық қадағалау қызметі 99 сатып алу конкурсын өткізген. Олардың тең жартысын үлестікке қатысы бары айқын төрт компания жеңіп алған. Ал елімізде аккредитациядан өткен екі мыңнан астам ұйым мен сертификатталған алты мыңнан астам сарапшы бар. Сондықтан халықаралық деңгейдегі компаниялардың мемлекеттік сатып алуларға сирек қатысатынына таңғалуға болмайды, – деді Президент.

Үкіметке сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және қаржы мониторингі органдарымен бірлесіп, мемлекет пен квазимемлекеттік сектордың сатып алуларын реттеу тәсілдерін, соның ішінде осы саладағы мемлекеттік бақылау жүйесін түбегейлі өзгерту тапсырылды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы бақылауды күшейту қажет деп есептейді. Үкімет мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы заңды түбегейлі жаңарту мәселесін қарастыруға тиіс.

Президент салық және кеден саласындағы сыбайлас жемқорлықты жою мәселелеріне арнайы тоқталды.

– Қытаймен өзара сауда-саттық туралы екі елдің статистикалық мәліметтері екі түрлі. Олардың арасында миллиардтаған доллар айырмашылық бар. Былтыр бұл көрсеткіш 5,7 миллиард долларға жетті. Мұндай үлкен айырмашылық қалай пайда болғанын ешкім түсіндіріп бере алмайды. Ашығын айтқанда, бұл – контрабанда. Келеңсіздіктің бар екенін кәсіпкерлер де растап отыр. Сауалнамаға қарасақ, шетелмен сауда жасайтын адамдардың 90 пайызы жемқорлықпен бетпе-бет келген. Оның ішінде 45 пайызы кеденшілерге пара беруге мәжбүр болған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шығыс Қазақстан облысындағы үш көліктік бақылау бекетін жемқорлық әбден жайлағанын анықтады. Елімізде мұндай 49  бекет бар. Кеден және көліктік бақылау саласындағы парақорлық транзиттік әлеуетімізді толық пайдалануға мүмкіндік бермей отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізуді күшейтуге шақырды. Бүкіл қоғамды жемқорлықпен күресуге жұмылдыру қажет. "Жемқорлық – індет, онымен күресу – міндет" қағидатын баршаның санасына сіңіру бүкіл мемлекеттік органның ортақ жұмысы болуға тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мемлекеттік аппаратта жобалық басқару қағидаттарын енгізуді жалғастыру маңызды. Барлық мемлекеттік орган жұмыстың жаңа форматына белсенді кірісіп, оларды іс жүзінде қолдануы керек.

– Жалпы әкімшілік тәсілдерден бас тартып, басқарудың заманауи технологияларына жан-жақты бет бұру қажет. Мемлекеттік қызмет жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік қызметтің іс жүзінде сервистік және тұтынушыға қолайлы болуы үшін мемлекеттік қызмет жүйесін қайта құруы керек, – деді Президент.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттіктің Қоғамдық кеңесінің мүшесі Марат Бәшімов қоғамдық бақылауды кеңейтуді және мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз етуді ұсынды.

– Кадр мәселесінде адамның моральдық тұрғыдан таза болуы керек екеніне баса мән берілгенін қалаймын. Оның сыбайлас жемқорлыққа қандай да бір қатысы бар деген сыбыс мүлде болмауы қажет. Кейде қарайсың, оқисың: әкімдер әлдебір мемлекеттік сатып алуларды қайталайды, бір қызметтен екінші қызметке ауысады. Мұны жұртшылық ауыр қабылдайды. Барлық мемлекеттік орган және жұртшылық әрдайым бірге күш жұмылдыра отырып, сыбайлас жемқорлықпен күресуге және өскелең ұрпақтың тәрбиесіне атсалысуға тиіс, – деді Марат Бәшімов.

Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары лауазымды тұлғаларды тағайындаған кезде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қорытынды анықтамасын міндетті түрде талап ету қажеттігін айтты.

Жиын барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов, Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашүкеев, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин сөз сөйледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу