Президент сынынан соң вейптерге қарсы аса қатаң шара қабылданады

1439

Қазақстанда вейптер мен никотинді тұтынудың электрондық жүйелерінің нарығы 2020 жылдан бері 300 рет өсті. Мұндай рекордтық өсім бірде бір нарықта жоқ.

Президент сынынан соң вейптерге қарсы аса қатаң шара қабылданады Фото: aqorda.kz

Ұлттық құрылтай жиынында Мемлекет басшысы вейптерді есірткіге теңеп, одан нашақорлыққа бір ғана қадам қалатынын ашық айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың байламынша, осы арқылы қазақтың жас ұрпағына салмақты қауіп төнді. Сондықтан Президент Үкіметке осынау қауіпті құбылыспен күресте жүйелі, пәрменді шаралар қабылдауды жүктеді.

"Ұлт денсаулығына қатер төндірген кесір – вейптер мен электронды сигареттердің әралуан түрі. Өкінішке қарай оларды тұтыну әсіресе жасөспірімдер арасында сәнге айналды. Олардың кең қолжетімділігі және оларды "зиянсыз" деп жалған дәріптейтін агрессивті жарнама бұған ықпал етіп отыр", – деді Қ.Тоқаев.

Шынында, вейптер мен никотинді тұтынудың электрондық жүйелері (тұтынудың электрондық жүйелері немесе ТЭЖ) барлық дерлік сауда, ойын-сауық орталықтарында, әрі көрнекті жерде сатылады. Оған жеке дүңгіршектер, тұғырлар арналған.

Салдарынан, Қаржы министрлігінің дерегінше, вейп және ТЭЖ нарығы 2020 жылдан бері ғаламат ауқымда, 300 есеге жуық артып шыға келді.

Проблемасы сол, жаңа Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексіне (Денсаулық кодексіне) сәйкес, ТЭЖ және вейптер "темекі бұйымдарына" жатады. Яғни, есірткі емес, тиісінше, оған тыйым салынбаған.

Президенттің қатаң сынынан кейін оның саудасына толық тосқауыл қойылуы мүмкін.

Себебі, Денсаулық сақтау министрлігі Денсаулық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізетін жаңа заң жобасын ұсынды. Заң қабылданса, онда кодекстің 110-бабына келесі жаңа норма енгізіледі: "Шекпейтін темекі өнімдерін, тұтынудың электрондық жүйелерін, олар үшін хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салынады".

General Agreement on Trade in Services (GATS) мәліметінше, 15 жастағы қазақстандық ұлдардың 14%-ы және қыздардың 6%-ы қазірден вейптарды татып көрген. Жалпы алғанда, 15 жасқа дейінгі балалардың орта есеппен 6,2%-ы оларды тұрақты тұтынады.

"Жасөспірімдер мен балалар көп тұтынатындықтан, сондай-ақ бақылаусыз, кең саудалануына байланысты елде вейп эпидемиясын тудырғандықтан вейптерге, тұтынудың электрондық жүйелеріне және вейптерде қолданылатын хош иістендіргіштерге толық тыйым салу қажет. Қазір вейптар тек темекі бөлімінде ғана емес, сонымен қатар елдің кез-келген азық-түлік дүкенінде сатылады. Оның үстіне вейптар заңдағы талап пен тыйымды бұза отырып, жабық пердеше ішінде емес, ашықтан ашық саудаланады", – деп түсініктеме берді Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары.

Кодекстің 133-бабында 18 жасқа толмағандарға, балаларға темекі мен темекі бұйымдарын ғана емес, сонымен қатар вейптерді, ТЭЖ бен оларға арналған сұйықтықтарды сатуға тыйым салынған. Бұл талап та жаппай аяқасты етілуде. Ал заң ұдайы бұзыла берсе не істеледі? Ереже бойынша толық тыйым салынады.

Президент ұсынған қатаң жазаны ақтайтын тағы бір фактор бар. ТЭЖ/вейп индустриясының лоббиінің мықтылығы сонша, барлық құзырлы органдардың өкілдері бұл саладағы заңның бұзылуына көз жұма қарайды. Ресми статистикалық деректер бойынша 2018 жылдан бастап республика бойынша бар-жоғы 3 құқық бұзушылық қана тіркеліпті. Сорақысы сол, оның ішінде біреуі тоқтатылды.

Бұлардың лоббистері биліктің биігінде отыруы мүмкін. Себебі, сарапшылар Үкімет әзірлеген, Парламент депутаттары қабылдаған заңдарда ТЭЖ/вейптерге қарсы заңнамалық талаптарды бұзу үшін жазалау тетіктері тегеурінді емес, солқылдақ күйде қабылданғанына назар аудартып жүр. Әдетте жазалау полицияға немесе басқа құзырлы органдарға, күш құрылымдарына беріледі. Ал мына жағдайда неге екені белгісіз, оған әкімдерді жауапты еткен. Әкімқаралардың қалаларда басқа да жергілікті проблемасы жеткілікті.

"Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 199-бабына сәйкес, ТЭЖ/вейптер мен оларға арналған сұйықтықтарды сату жөніндегі ҚР заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жаза шаралары көзделген. Осы кодекстің 729-бабына сәйкес ол әкімшілік жазаны қолдануды облыс әкімі және оның орынбасарлары жүзеге асырады. Алайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаларды толтыру құқығын белгілейтін норма жоқ. Осыдан құқықтық қайшылық туындап отыр", – деп түсіндірді Денсаулық сақтау министрлігінің сарапшылары.

Себебі, әкім мен оның орынбасарлары ондай протокол толтырмайды. Осылайша, жеңіл болса да, символикалық жаза бар, бірақ соның өзін қолдану мүмкін болмай тұр. Сондықтан министрлік ең оңайы, оңтайлысы – ТЭЖ, вейп, электронды сигареттерге толық тыйым салған деп отыр.

Демократия ұстыны саналатын АҚШ-тың өзінде бірқатар штаттар ТикТокқа тыйым салуда. Оның қасында вейптардың ұрпақ денсаулығына қатері алапат.

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, ТЭЖ/вейптарды тұтыну көлемі елде орасан зор қарқынмен артып барады. Мысалы, 2020 жылы вейптардың, электронды темекінің жалпы саны 21 608 данасы ғана импортталыпты. Ал 2022 жыл қорытындысында бұл сан 6 млн 301 мың 623 данаға жеткен. Сөйтіп, олардың импорты небары екі жылда 292 есеге ұлғайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу