Президент тапсырмасы: Жамаубаев пен Годунова екі түрлі есеп беріп жатыр

6632

Үкіметтің баяндамасы Есеп комитетінің тексеруімен үйлеспей тұр, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Президент тапсырмасы: Жамаубаев пен Годунова екі түрлі есеп беріп жатыр

Сенат пен Мәжіліс депутаттарының бірлескен отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндама жасап, Есеп комитетінің бұған дейінгі сынына жауап берді. Оның айтуынша, комитет мүшелері республикалық бюджеттің орындалуына байланысты жүргізген тексеруінде ескерілмеген жайттар бар. Өз кезегінде Наталья Годунова да жауапсыз қалған жоқ.

Жалпы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет меншігіндегі нысандарды жекешелендіруге қатысты Үкіметке нақты тапсырма берген болатын. Бұл тапсырманың тиісті деңгейде орындалмағанын Есеп комитетінің басшысы бұған дейін айтып өткен. Годунова жекешелендірудің кешенді жоспары төмен деңгейде іске асырылып, бұл көрсеткіш 62% ғана болғанын мәлімдеген еді. Әйтсе де...

"Шын мәнінде, жоспар іс жүзінде 93,4% деңгейінде орындалды. Жоспар бойынша барлығы 864 нысанды сату көзделген. Ал тапсырманың атқарылуына келер болсақ, 807 нысанның 506-сы сатылып, 301-і қайта ұйымдастырылды немесе таратылды",дейді бүгінгі баяндамасында Ерұлан Жамаубаев.

Қаржы министрінің айтуынша, мұқият дайындық қажеттілігі мен нарықтың қолайсыз конъюктурасына байланысты бірқатар кәсіпорынды жекешелендіру мерзімі кейінге қалған. Жалпы, қалған кәсіпорындар 2021 – 2025 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарына енгізілген.

Қаржы министрі сонымен қатар Есеп комитетінің мемлекеттік аудит органдары анықтаған тиімсіз пайдаланылған қаражат көлемі  жөніндегі баяндамасына да қарсы пікір білдірді. Нақтырақ айтқанда, Ерұлан Жамаубаев шын мәнінде, заңбұзушылықтардың өсімі өңірлердегі тексеру комиссияларының жүргізген тиімділік аудиті аясының айтарлықтай кеңейгенін мәлім етті. Осының нәтижесінде, жергілікті атқарушы органдардың 296 млрд теңгелік қаражатты тиімсіз жұмсағаны анықталған.

"Қалған мемлекеттік аудит органдары бойынша керісінше қаражаттың тиімсіз пайдаланылуының төмендегені байқалады. Атап айтсақ, Есеп комитеті белгілеген бұзушылық фактілері 32%, ал ішкі мемлекеттік аудит органдары бойынша 3 есе 
төмендеді", дейді ол.

Ерұлан Жамаубаев Есеп комитеті салықтық және кедендік  тексерулер мен камералдық бақылау нәтижелері бойынша ғана қосымша түсімдерді ескеретінін айтады. Министр фискалдық органдар қолданатын шаралар әлдеқайда кең және оның ішінде әкімшілендірудегі цифрлық қолдануды да қамтитынын жеткізді.
Өз кезегінде Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова Қаржы министріне жауап берді. Оның жауабына сүйенсек, Есеп комитетінің бұған дейінгі сынына Парламенттің отырыстарында Үкімет мүшелері нақты жауап бере алмаған.

"Оның орнына БАҚ арқылы өзін-өзін ақтағысы келетін жағдайды көріп отырмыз",дейді Наталья Годунова.

Аян Бекенұлы
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу