Президент Үкімет пен Парламентке бизнеске қатысты шұғыл тапсырма берді

Салық төлеу мәселесінде кәсіпкердің өзі екі топқа бөлінген. 

Президент Үкімет пен Парламентке бизнеске қатысты шұғыл тапсырма берді Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында салық төлеу мәселесінде әдемі көрсеткіштерге әуестеніп кеткенімізді сөз етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

– Қазақстанда түрлі салық режимі, көптеген жеңілдіктер мен преференциялар бар. Оның бәрі елімізде салық офшоры сияқты ахуал қалыптастырды. Кәсіпкерлердің екі негізгі тобы пайда болды. Олар – заңнамадағы олқылықтарды пайдаланып, салық салынатын табысын өзі үшін азайтып көрсететіндер және барлық салықты адал төлейтіндер. Кәсіпкерлердің осы екінші тобы бәсекеге төтеп бере алмай жатыр.

Үкімет салық төлеуден жалтару үшін бизнесін бөлшектейтіндердің әрекетіне орынды назар аударды. Өкінішке қарай, мұндай жағдай жаппай белең алған, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Заңнамадағы олқылықтарды байқаған Президент Үкімет пен Парламентке тиісті тапсырма берді. 

– Заңнамадағы олқылықтар бизнесті бөлшектеуге жол беріп отырғанын мойындау керек. Бұл мәселеге Үкімет те, депутаттар да жете мән бермеген.

Тағы да әдемі көрсеткіштерге әуестеніп кеттік: елімізде екі миллионнан астам салық төлеуші, яғни жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар тіркелген деседі. Бірақ олардың қандай кәсіпорындар екеніне, қалай пайда болғанына, қанша салық төлейтініне, тіпті оны төлеп жатыр ма, жоқ па дегенге еш талдау жасалмаған. Бірақ құр кінәлаудан іс оңға баспайды.

Енді ахуалды шұғыл түзету қажет. Үкімет пен Парламентке айтарым – заңнамаға жедел түрде тиісті түзетулерді енгізу керек, – деді Мемлекет басшысы. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу