Президент Үкіметке шетелде жүрген еңбек мигранттары туралы ұсыныс әзірлеуді тапсырды

1453

"Еңбек миграциясын біржақты жағымсыз құбылыс ретінде сипаттауға болмайды".

Президент Үкіметке шетелде жүрген еңбек мигранттары туралы ұсыныс әзірлеуді тапсырды

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысына қатысып жатқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелде жұмыс істеп жүрген қазақстандықтардың мәселесіне тоқталды. 

"Ұлттық кеңес аясында қаралып жүрген тағы бір өзекті мәселе – қазақстандықтардың еңбек миграциясы. Бұл мәселе өте өзекті. Оны жылы жауып қоюға болмайды. Жыл сайын мыңдаған отандасымыз еңбек мигрантына айналуда. Біздің азаматтар шетелде тек жоғары біліктілікті талап ететін салаларда ғана жұмыс істеп жүрген жоқ. Көбі қызмет көрсету саласында жұмыс істеуде. Онда олар өз елінде істеуге келіспеуі мүмкін  жұмыстарды қолға алуға дайын. Мұндай жағдайларда еңбек қатынастары көбінесе ресми реттелмеген. Бірқатар елде қазақстандықтар заңнан тыс жұмыс істеп жүр. Осындай жағдайдан келіп туындайтын тіркеу бойынша және өзге де түрлі тұрмыстық қиындықтарға азаматтарымыз күн сайын тап болуда. Бұл пандемия кезінде айқын көрінді", – деген Мемлекет басшысы ел тұрғындарының шетелде жұмыс істеуінің тиімді тұстарын да атады.

"Заманауи әлемде еңбек миграциясы жаһандық сипатқа ие екенін түсіну керек. Оны біржақты жағымсыз құбылыс деп сипаттауға болмайды. Бұл – көпқырлы процесс. Біліктілікті арттыру, жаңа қабілеттерді меңгеру, өз ісіңді ашу үшін бастапқы капитал жинау, басқа әлеуметтік-мәдени ортаға бейімделу сияқты жағымды жақтары да бар. Сондықтан мемлекет қазақстандықтардың, соның ішінде еңбек миграциясында жүргендердің де  әлеуетін іске асыру үшін күш салады. Үкіметке осы мәселелердің бәрін егжей-тегжей зерделеп, ұсыныс енгізу керек", – деді ол.

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу