Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ту көтеру рәсімінде сөйлеген сөзінде ұлттық рәміздердің мәртебесін арттыру мемлекет үшін маңызды міндет екенін атап өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Президенттің айтуынша, нағыз патриоттар ғана елдің дамуына үлес қосып, мемлекеттің қауіпсіздігі мен тұтастығын қорғауға қабілетті.
– Нағыз патриоттар ғана елдің көшін алға бастайды, жердің шетін жаудан қорғайды. Басқа сөзбен айтқанда, отаншылдық дегеніміз – жеріміздің қауіпсіздігі және тұтастығының кепілі, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық рәміздерді ұлықтау мен олардың мәртебесін арттыру аса маңызды мемлекеттік жұмыс екенін айтты.
Осыған байланысты Президент жуық арада Үкімет мемлекеттік рәміздерді орынды пайдалану мәселесіне қатысты қолданыстағы қаулыға қажетті өзгерістер енгізетінін мәлімдеді.
– Ұлт рәміздерінің мәртебесін арттыру – аса маңызды мемлекеттік жұмыс. Таяу арада Үкімет мемлекеттік рәміздерді орынды пайдалану мәселесі бойынша қаулыға қажетті түзетулерді енгізеді. Ұлттық нышандарымызды ұлықтау – ортақ парыз, бұл – әр азаматтың міндеті. Түптеп келгенде, рәміздерді қастерлеу – мемлекетімізді құрметтеу деген сөз, – деді Президент.
Мемлекет басшысы биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы атап өтілетінін еске салды. Оның айтуынша, бұл мерейтой өткен жолды саралап қана қоймай, елдің болашақ даму бағытын айқындау тұрғысынан да ерекше маңызға ие.
Президент тарихи датаны нақты нәтижелермен және қажырлы еңбекпен қарсы алу қажеттігін атап өтті.
– Біз биыл Тәуелсіздіктің 35 жылдығын атап өтеміз. Бұл тарихи кезең жүріп өткен жолымызды жан-жақты талдауға және болашаққа арналған стратегиялық жоспарларды айқындауға мүмкіндік береді. Аталған мерейлі датаны қажырлы еңбекпен және нақты нәтижелермен қарсы алуымыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы 2026 жыл Қазақстан үшін қоғамдық өмірдің барлық саласында ауқымды өзгерістер мен жаңғырулар кезеңі болып отырғанын айтып, елдің орнықты даму жолына түскенін жеткізді.