Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі конституциялық реформаны Ата заңымызға 2022 жылы енгізілген өзгерістерден бөліп қарауға болмайтынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Жаңа Конституцияның мазмұны шын мәнінде халықтық сипатқа ие. Бұл маңызды құжат жұртымызға, әсіресе, өскелең ұрпақ пен жастардың игілігіне қызмет етеді.
Жаңа Конституция – жастарға өмірде бағыт-бағдар сілтейтін темірқазық іспеттес. Өйткені өзгерістерге толы жаңа дәуірде елдің де, жердің иесі, қорғаны – жастар. Сондықтан бұл құжатты Қазақстанның алдағы онжылдықтардағы орнықты дамуына негіз қалайтын саяси тұғыры десек, қателеспейміз.
Қазіргі конституциялық реформаны Ата заңымызға 2022 жылы енгізілген өзгерістерден бөліп қарауға болмайды. Ол кезде бас құжаттың үштен бірі жаңартылды. Бізге сол уақыттың өзінде жаңа Конституция қабылдауға болар еді. Осындай ұсыныс көптеген қоғамдық алаңда, сарапшылар ортасында айтылды.
Дегенмен бірқатар саяси жаңашылдықты жүзеге асырып, содан кейін ғана еліміздің конституциялық негіздерін біртіндеп өзгертуге кірісу жөнінде шешім қабылданды. Жасыратын ештеңесі жоқ, бұл менің шешім.
Қазіргі конституциялық реформа қоғам сұранысына сай келеді, сондықтан халықтық сипатқа ие болды. Әуелі күн тәртібіне парламенттік реформа мәселесі ғана қойылған еді. Алайда қоғамдық талқылаулар бұл бастаманың аясынан шығып кетті.
Азаматтардан 4 мыңға жуық ұсыныс түсті. Оның 15 пайызға жуығы Парламенттің қызметіне қатысты, ал қалғаны ауқымды конституциялық реформаның түрлі аспектісін қамтыды. Нәтижесінде конституциялық комиссияға келіп түскен өтініштердің саны он екі мыңға жетті. Негізгі заңның жобасына қатысты талқылаулар жарты жылдан астам уақытқа созылды. Бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланды.
Жалпы, бұл үдеріске бүкіл қоғам білек сыбанып кірісті. Азаматтарымыз eGov және eOtinish платформаларында ойларын ортаға салды. Комиссия отырыстарын әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирде көргендер саны миллионнан асты", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Ата заң жобасын жазуға тікелей қатысқанын да жасырмады.
"Ашығын айтайын, мен өзім де Мемлекет басшысы ретінде Жаңа Конституция жобасының мәтінін жазуға тікелей атсалыстым. Мен оның әр тарауына, әр бабына баса мән бердім. Әрбір сөздің мағынасына терең үңіліп, өз ұсыныстарымды Конституциялық комиссияға жолдадым.
Бұдан бөлек, біз терминдер мен сөздерді қазақы ұғымға барынша сай етіп беруге айрықша назар аудардық.
Мысалы, қазіргі Ата заңымызда "Қазақстан аумағының тұтастығы" деген ұғым бар. Негізі, бұл "жердің тұтастығы" болуы керек еді. Мен бұл мәселеге сарапшылардың назарын аудардым. Себебі, жер – қазақ үшін ең қастерлі ұғымның бірі. Ата-бабаларымыз бір қарыс жер үшін жанын құрбан еткен. Осы ұланғайыр жерді қорғап, ұрпаққа мирас еткен.
Оның табиғатын аялау, тұтастығын сақтау, шекарасын қас қақпай күзету – қасиетті борышымыз. Ұлы даланың бір уыс топырағы – баға жетпес байлығымыз.
Сондықтан "жердің тұтастығы" деген сөз халқымыздың дүниетанымына сай келетін, нағыз қазақы ұғым болар еді. Мен бұл ұстанымды қолдаймын. Алайда, халықаралық деңгейде орныққан термин болғандықтан, Конституциялық комиссияның басым көпшілігі "аумақтық тұтастық" ұғымын өзгеріссіз қалдырды.
Мен мұны жаңа Конституцияның жобасын әзірлеу кезінде әрбір нормаға, әрбір бапқа қатысты қызу пікірталас болғанына байланысты мысал ретінде айтып отырмын.
Қазақта "Келісіп пішкен тон келте болмас" деген сөз бар. Жұртшылық та бұл жұмыстан тыс қалған жоқ. Азаматтарымыздан мыңдаған ұсыныс келіп түсті. Соның барлығы мұқият зерттеліп, сүзгіден өтті.
Ақылға қонымды ұсыныстың барлығы ескерілді. Бұл халқымыз өз болашағы үшін жауапты екенін терең сезіне алғанын көрсетеді. Референдумға шығарылып жатқан жаңа Ата заң жобасы жан-жақты зерделеніп, қызу талқыдан өтті. Сондықтан оны нағыз Халық Конституциясы деп нық сеніммен айта аламыз", – деді Президент.