Форумның ашылуында сөз сөйлеген Сенат төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың форум делегаттарына жолдаған құттықтау хатын оқып берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Баршаңызды бірінші жас діни лидерлер форумының ашылуымен құттықтаймын. Мен осыдан екі жыл бұрын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінде оның жұмысын жандандыратын жаңа тәсілдер ойластыруды ұсынған едім. Форум делегаттары бұл ұсынысты бірауыздан қолдады. Қазір осы бағытта бірқатар игі бастама табысты жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі - жас діни лидерлер форумы. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өркениеттер үндестігін орнықтырып, бейбітшілік пен келісімді дәріптейтін бірегей диалог алаңы саналады", - делінген құттықтау хатта.
Президент діндер арасындағы диалогқа жас буын өкілдерін жұмылдыру уақыт талабы екенін айтады.
"Себебі өскелең ұрпақ қашан да жасампаздық пен жаңашылдықтың жаршысы. Түрлі елде тұратын жастардың дін саласындағы ынтымақтастығы адамзаттың рухани болашағын айқындауға тікелей әсер етеді. Қазір әлемде геосаяси қайшылықтардың салдарынан түрлі сын-қатерлер пайда болды. Осы алмағайып кезеңде халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыру өте маңызды. Бұл ретте дін көшбасшылары айрықша рөл атқарады. Ал оған жастардың белсене қатысуы жұмысқа тың серпін берері сөзсіз. Қазақтың ұлы ойшылы Абай "толық адам" туралы айтып кеткен болатын. Бұл тұжырым ағылшын тіліндегі "a person of integrity", яғни, парасат-пайымы мен білімі толысқан, бойына рухани құндылықтарды сіңірген адал азамат деген ұғыммен үндес. Сондықтан жастарды толық адам болуға ұмтылып, әлемнің дамуына үлес қосуға шақырамын. Форум жұмысына сәттілік тілеймін. Ізгілік жолындағы істеріңіз табысты болсын", - деп жазылған Президенттің құттықтауында.