Президенттік орынтақтан үміткерлер арасында бәсекелестік қыза түсті

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2414

Сайлауға 15 күндей уақыт қалды.

Президенттік орынтақтан үміткерлер арасында бәсекелестік қыза түсті Фото: Серікжан Қобыланбаев

Адал еңбек және теңдік

ҚКХП атынан үміткер Жамбыл Ахметбеков және оның штабының мүшелері осы аптада жұмысшылар қауымынан бастап, зейнеткерлер мен студенттерге дейін қамтыды.

24 мамыр күні ол "Оңтүстік" АЭА жұмысшыларымен кездесіп, жиын қатысушыларын сайлауалды тұғырнамамен таныстырды. Жамбыл Ахметбеков отандық тауарға, әсіресе АӨК өнімдеріне тұтынушылық сұранысты ынталандыру бағдарламасымен бірге кедейлікпен күресу бағдарламасын қабылдауды ұсынып, оның жүзеге асырылуы үшін жұмыс істейтінін мәлімдеді.

"Байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық жылдан жылға артып келе жатыр. Ауқатты адамдар қоғам есебінен өздеріне қымбат үй, автокөлік алып жатады. Ал өз еңбектерімен ақша тауып жүргендер аз жалақыға күн көруге мәжбүр. Табыстың әділетсіз үлестірілу жүйесін тоқтату қажет. Еңбек адамы өз еңбегіне сай жалақы алуы тиіс. Біз ресурстарды дұрыс пайдаланған жағдайда Қазақстан өмір сүру деңгейі бойынша Кувейтпен, Біріккен Араб Әмірліктерімен және Норвегиямен иық тіресе алады", – деді ол.

23 мамырда коммунист-үміткердің қалалық сайлауалды штабының жетекшісі Н.Қадырқұлов және партия комитетінің белсенділері Индустриалды-техникалық колледжде Шымкент қаласының студент жастарымен кездесті. Олар марксистік-лениндік ұстанымдардың маңыздылығына тоқталып, коммунистік тәрбиенің негізгі тетіктерін айтты.

Ал 22 мамырда Ж.Ахметбеков Қызылорда облысының Талсуат ауылындағы "Талсуат" оңалту орталығында болып, орталық қызметкерлерімен және емделушілерімен, зейнеткерлік жастағы азаматтармен пікірлесті.

Демократия және мүмкіндік

"Ақ жол" партиясынан үміткер Дания Еспаеваның Ақмола облысындағы кездесулері жалғасуда.

24 мамыр күні ол өзінің республикалық штабының мүшелері Дмитрий Васильевпен және Меруерт Қазбековамен Көкшетау қаласына барды. Үгіт тобы қазақстандық Агро инновациялық корпорация ұжымымен кездесті.

Осының алдында 23 мамырда Дания Еспаева ат басын Шортанды ауылына бұрды. Оның сайлауалды үгіт тобы А.Бараев атындағы астық шаруашылығының ғылыми-өнеркәсіп орталығында болды. Үміткер орталықтың соңғы жетістіктерімен танысып, жаңа ашулар жасау үшін ғалымдарға не қажет екенін сұрап білді.

Бұдан соң, "Ақ жол" партиясының үміткері Шортанды ауданының бюджеттік қызметкерлері және кәсіпкерлерімен кездесті. Аудандағы 1300-дей адам шағын және орта бизнеспен айналысады.

"Дәл осындай ауылдық елді мекендерде бизнесті көбіне әйелдер ашады. Біздің үгіт кездесулерімізде мен сайлаушыларға бағдарламамдағы негізгі тұстарды атап өтемін. Мен үшін мына залда отырған әйелдердің менің сайлауға ұсынылуымды оң қабылдағаны маңызды. Өзімді еліміздің басты лауазымына ұсыну арқылы өзім үшін ғана емес, барлық қазақстандық әйелдер үшін батыл қадам жасадым. Бұл демократияға деген қадам, саяси және экономикалық салада әйел адамның мүмкіндігі ер адамдармен тең екендігінің көрінісі", – деді Дания Еспаева.

22 мамырда ақжолдық үміткердің Азат Перуашев бастаған штабы Ақмола вагон жөндеу зауытының ұжымымен кездесті. Өнеркәсіп мамандары баспанамен қамтамасыз ету, зейнет жасына байланысты сұрақтарды қойды. Көпшілікті Қазақстандағы жемқорлыққа қарсы күрес шараларына байланысты сұрақтар да қызықтырды.

Халықты қабылдау және флешмоб

"Ұлт тағдыры" ұлттық-патриоттық қозғалысынан үміткер Әміржан Қосанов және оның штабының өкілдері еңбек ұжымдарын аралап, флешмоб өткізді.

24 мамырда Әміржан Қосановтың облыстық сайлауалды штабының мүшелері және сенімді өкілдері Алматы облысының Көксу кентінде қант зауытының еңбек ұжымымен кездесті. Кездесудің модераторы облыстық штаб бастығы Жүкел Хамай болды. Штаб мүшелері кандидаттың сайлауалды платформасын таныстырып, кандидаттың түрлі мәселеге көзқарасы жайлы баяндап берді.

Осы күні оның облыстық сайлауалды штаптың мүшелері және сенімді өкілдері Атырау қаласында "Рауан Налко" ЖШС еңбек ұжымымен кездесті. Серіктестік Қазақстанның жетекші мұнай-химиялық кәсіпорындарының бірі болып табылады. Штаб мүшелері кандидаттың сайлауалды платформасын таныстырып, кандидаттың әртүрлі мәселеге көзқарасы жайлы баяндап берді.

23 мамырда Әміржан Қосанов Затобол кентінде "Заречное ауылшаруашылық тәжірибе станциясы" ЖШС-нің еңбек ұжымымен кездесті. Мекеме бидай, рапс, сұлы, арпа және басқа да дәнді дақылдардың құнды тұқымдарын өсірумен айналысады. Ол ұжымға кандидат өзінің сайлауалды тұғырнамасын таныстырды. Сайлаушылар тарапынан сайлаудағы байқаушылар тақырыбы бойынша сауал көтерілді, түрлі қоғамдық мәселелер бойынша пікірлер айтылды.

22 мамырда Кандидаттың Қарағанды облыстық штабының үгіт-насихат тобы Кеншілер мәдениет сарайы алдында флешмоб өткізді. 20-ға жуық белсенді парақшаларды, үгіт материалдарын таратып, демалушылар қойған сауалдарға жауап берді. Одан бөлек, штабта халықты қабылдау күні өтті. Тұрғындар кандидаттың сайлауалды платформасының бағыттарына қызығушылық танытты.

Заманауи ауыл және ұлттық би

"Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан үміткер Төлеутай Рақымбеков пен оның штабының мүшелері осы аптада жас ұрпаққа баса мән берді.

24 мамырда кандидаттың сенімді өкілдері А.Сапаров, С.Кешуов, С.Тәңірбергенов Алматыда жастар форумын ұйымдастырып, партия үміткерінің еңбек жолымен таныстырды, сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарына тоқталды. Форум барысында жаңа замандағы ауыл өмірі, ауылдағы кәсіпкерліктің дамуы, ауыл шаруашылығы өндірісінің техникалық жаңғыруы, жас мамандардың еңбекпен қамтылуы секілді өзекті мәселелер төңірегінде сөз қозғалды.

Өз кезегінде студенттер қауымы жұмыспен қамту, тұрғын үймен қамтамасыз ету, білім беруді дамыту туралы пікір алмасты.

23 мамырда Талдықорғанда "Ауыл" партиясының өкілін қолдау акциясы өткізіліп, жергілікті жастар арнайы флешмоб ұйымдастырды. Төлеутай Рақымбеков өз бағдарламасында жастар мәселесіне ерекше көңіл бөлген. Оның ішінде бай рухани мұрамызды сақтап, жас ұрпақтың санасына сіңіру жолдарын ұсынады. Осы мақсатта Талдықорған қаласының қақ төрінде флешмоб ұйымдастырылып, жергілікті қыз-жігіттер ұлттық биді ерекше нақышта орындап шықты.

"Жастар саясатын бір жолға қою ұлттық құндылықтарды сақтаудан ғана тұрмайды. Оның ішінде білім алу, жұмысқа тұру және баспана мәселелері де шешімін табуы керек", – дейді партия кандидаты.

22 мамырда Төлеутай Рақымбеков Шығыс Қазақстандағы агрофирма қызметкерлерімен кездесіп, жұмысшылар жағдайын жақсарту мәселесін көтерді. Ауыл шаруашылығын дамыту қарапайым жұмысшылар жағдайын жасаудан басталады. Егер жалақыға, баспанаға және жайлы жұмыс орнына қатысты мәселелер бір жолға қойылса, еңбек өнімділігі өздігінен еселенеді.

Ұсыныс және автокеруен

ҚР Кәсіподақтары федерациясы атынан үміткер Аманкелді Таспихов және оның штабының өкілдері еліміздің әр өңірін аралап, халықпен, жастармен, қарапайым еңбеккерлермен кездесулер өткізуде.

24 мамыр күні Аманкелді Таспихов Ақмола облысы Шортанды аудандық мәдениет үйінде жергілікті тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында кандидат Аманкелді Таспихов тұрғындарды өзінің өмірбаянымен және сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, өз тұғырнамасында көтерілген мәселелердің өзектілігіне баса назар аударды. Мәселен, 23 мамыр күні кандидат ел Үкіметіне әлеуметтік қорғау және педагог қызметкерлерінің еңбегін ынталандыру жөніндегі мәселелермен ұсыныс жасады.

"Ең алдымен, мәселе, коммуналдық қызметтердің шығыстарын жабуға және тұрғын үйлерді жылытуға отын сатып алу үшін төленетін өтемақылар туралы болып отыр. Соған байланысты, біржолғы ақшалай өтемақы мөлшерін ұлғайту туралы, сондай-ақ, өңірлердің климаттық жағдайын ескере отырып, ауылдық жерде тұратын педагог қызметкерлерді коммуналдық қызметтермен және отынмен қамтамасыз етудің бірыңғай тетігін әзірлеу қажеттігі туралы мәселе пісіп жетілді", – деді Аманкелді Таспихов.

23 мамырда оның сенімді өкілі, облыстық штаб филиалының төрағасы Ғ.Сахипов БҚО-ның Сырым, Қаратөбе аудандарында және шаруашылық ұжымдарымен бірнеше кездесулер өткізді.

Ал 22 мамырда кәсіподақтың белсенді жастары – БҚО өңірлік штабының белсенділері бастаған автокеруен аудандарды аралады. Бәйтерек ауданының орталығы Переметный ауылында және Теректі ауданының орталығы Федоровка ауылында болған жастар ауыл ішіндегі ақпараттық тақталарға өз үміткерінің үгіт-насихат материалдарын орналастырды.

Әлеуметтік міндеттемелер және жақтастар форумы

Nur Otan партиясы атынан үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабының мүшелері әр өңірді және саналуан саланы қамтуға күш салуда.

24 мамырда нұротандық үміткердің​ РҚШ мүшелері​ Қызылорда​ облысында​ бірқатар​ еңбек​ ұжымдарымен​ кездесіп,​ жақтастар​ форумына​ қатысты. Жергілікті​ теміржолшылармен​ жүздескен​ штаб​ мүшелері​ кандидаттың​ сайлауалды​ бағдарламасының​ басымдықтарына​ тоқталды. Сондай-ақ штаб мүшелері ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерімен кездесіп, бағдарламада ауыл тұрғындарына қолдау көрсетуге басымдық берілгенін айтты.

"Ауыл тұрғындарына жағдай жасау кандидатымыздың негізгі басымдықтарының бірі. Сондықтан сайлауалды бағдарламада осы саладағы кәсіпкерлерге қолдау көрсету, олардың өнімдерін өткізуге жағдай жасау тетіктері жан-жақты қарастырылған",​ – деді штаб басшысы Мәулен Әшімбаев.

23 мамырда РҚШ мүшелері Маңғыстау облысының активімен, "Құрық" паром кешенінің жұмысшыларымен және өңірдегі басқа да кәсіпорындардың еңбек ұжымымен жүздесті. Сондай-ақ олар аймақтағы бизнес қауымдастық пен ҮЕҰ өкілдерімен және бірқатар аудандардың тұрғындарымен кездесті. Бұдан бөлек, штаб мүшелері Жаңаөзен қаласының тұрғындарымен кездесті. Мұнда халықтың әл-ауқатын арттыру және барлық әлеуметтік міндеттемелерді сақтау үшін қажетті шараларды қолға алу мәселелері сөз болды.

22 мамырда РҚШ мүшелері үгіт-насихат жұмыстарын Атырау облысында жалғастырды. Штаб мүшелері өңірдегі бюджет саласының қызметкерлерімен және жергілікті белсенді азаматтармен кездесті. Мұнда кандидаттың сайлауалды бағдарламасының басымдықтарына, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған нақты ұстанымдарға ерекше назар аударылды.

Парктегі концерт және Құлагер ескерткіші

"Ұлы дала қырандары" республикалық қозғалысы атынан үміткер Сәдібек Түгел елордадағы "Жерұйық" саябағында "Нұр-Сұлтан" қаласындағы өзінің сайлауалды штабы ұйымдастырған концертке қатысты. Ол жиналған қала тұрғындары мен қонақтары алдында сөйлеген сөзінде осыдан 20 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа дәл осы саябақтың аты "Жерұйық" болса деген ұсыныс жасағанын және оның қабылданғанын айтты.

Жұртшылыққа өз бағдарламасын түсіндірген үміткер ана тілді қолдау, ұлттық салт-дәстүрді дамыту, жемқорлыққа тосқауыл қою, демография мәселесіне зор көңіл бөлу керектігіне назар аудартты.

20 мамырда Сәдібек Түгел Алматыда Қазақ спорт және туризм академиясында зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізді.

"Халқымыз ана тілі және жер-ана деп неге айтады? Бұл – тіл мен жер тағдырын бөліп қарауға болмайды деген сөз. Демек, ұлттың жаны мен арына баланған мәселеге бей-жай қарамайтын ұрпақ ар-намысты бәрінен биік қоюы керек. Ол үшін жастардың әлеуметтік жағдайларына да көңіл бөлу қажет", – деді ол.

Ол барлық қазақстандықтарды баспанамен қамтамасыз ету, жоғары білім және медициналық көмекті тегін беру, зейнетақы көлемін көтеру, жастар арасындағы жұмыссыздықты жою мәселелерін көтерді.

Кездесуде сөз алған "Жұлдыз" журналының бас редакторы Ғалым Жайлыбай: "Сәдібектің бағдарламасы ұлттың жанына, діліне, болмысына құрылған", – дей келе Құлагер ескерткішін орнатқан ерлігіне арнап жазған "Оралу" атты өлеңін оқыды. Кездесуге қатысушылар үміткердің жазушылық, қайраткерлік, азаматтық қырларын тілге тиек етті. Кездесуді белгілі журналист Алма Серікқалиқызы жүргізді.

Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан президенттігіне кандидаттардың сайлауалды үгіт-насихаттары 11 мамырда Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 18:00-де басталған болатын. Ол 7 маусымда сағат түнгі 23:59-де аяқталуға тиіс.

8 маусым сайлау алдындағы "тыныштық күні" болып жарияланды.

Қазақстан Президентінің сайлауы 9 маусым күні өтеді.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу