Президенттік Түркия туры. Глеб Брусенский мәреге 8-болып келді

1125

Astana – Premier Tech шабандоздары "Президенттік Түркия турында" бақ сынауда.

Президенттік Түркия туры. Глеб Брусенский мәреге 8-болып келді

"Түркия турының" Мармаристен Тургутрейске дейін өткен жетінші кезеңінде күні бойы жел соқты. Жылдамдық өте жоғары болғандықтан және асулардың көп болуына байланысты шабуылдар толастамай, кезең жылдам өтті әрі қиынға соқты.

"Біз жарыс күнін барынша қиындатуға тырыстық. Алғашқы асуда пелотонда іріктеу жүргізу үшін кезең басталған сәттен бастап біз жарысты өз бақылауымызға алуғымыз келді. Команда өте жақсы жұмыс жасады. Шыңға жеткенде біз төрт шабандоздан тұратын шағын көшбасшы топтан кейін 25 шабандоздан тұратын топ құрдық. Бұл біз үшін керемет мүмкіндік болды және B&B Hotels командасымен тез тіл табысып кеттік. Алайда кейінірек олардың көшбасшысы құлап түсті. Содан кейін жұмысымыз алға баспады. Нәтижесінде қуғыншылар тобы бізді қуып жетті", - деді спорт директоры Сергей Яковлев.

Көшбасшы топты пелотон қуып жеткеннен кейін негізгі топта жаңа шабуылдар басталды. Сонымен қатар қапталдан жел соққандықтан, шабандоздар эшелондар ұйымдастыруға талпынды. Родриго Контрерас мәреге шамамен 6 шақырым қалғанда шабуыл жасауға тырысқан соңғы шабандоздардың бірі болды. Бірақ соңғы үш шақырымға дейін пелотон толық құраммен жетті. Мәреге 3 шақырым қалғанда төрешілер желге байланысты жарысты мерзімінен бұрын аяқтау туралы шешім қабылдады.

Жоғары жылдамдықпен өткен финалдық спринтте Андре Грайпель мен Марк Кавендишті басып озған Яспер Филипсен кезең жеңімпазы атанды. Astana – Premier Tech шабандозы Глеб Брусенский спринтті жақсы өткізіп, мәреге 8-болып келді.

"Финалда Мерхави Кудус пен Родриго Контрерас жақсы жұмыс жасады. Глеб Брусенскийді алға қарай спринт позициясына дейін жеткізді. Глеб өте жылдам өткен әрі қауіпті жол айрығында жарысты сегізінші болып аяқтады", - деп қоса кетті Сергей Яковлев.

Жалпы есепте айтарлықтай өзгерістер орын ала қойған жоқ: Хосе Мануэль Диас көшбасшылығын одан әрі жалғастыруда. Көшбасшыға 28 секунд ұтылған Мерхави Кудус бұрынғысынша 5-орында қалды. Хавьер Ромо 11-орынға, ал Родриго Контрерас әзірге 13-орынға тұрақтады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу