Президенттің алдыңғы Жолдауы орындалды ма?

1937

Зейнетақы жинағының жемісін ерте тергендер көбейді.

Президенттің алдыңғы Жолдауы орындалды ма?

Алдағы бейсенбіде, 1 қыркүйекте, сағат 11:00-де елордада Мәжіліс пен Сенат бірлескен отырысқа жиналады. VII шақырылымдағы Парламенттің үшінші сессиясын Мемлекет басшысының өзі ашып, сонда биылғы жолдауын жарияламақ.

Осы орайда "ел Президентінің алдыңғы жолдауындағы тапсырмалар мен қойылған міндеттер қаншалықты орындалды" деген сауал туады. Ел Үкіметі Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі "Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі" атты жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын әзірлеген. Оны Президент бекіткен болатын. Сауалға жауап іздеу барысында осы жоспардағы ірі жобалар мен бастамаларға жеке-жеке тоқтала кеткенді жөн көрдік.

Бүгін әңгіме жолдаудағы "Азаматтарға зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегінен асатын бөлігін "Отбасы банк" АҚ-дағы шоттарға кейін тұрғын үй сатып алу мақсатында жинау үшін аударуға құқық беру" тапсырмасының орындалуы жайында болмақ.

Ресми мәлімет бойынша тапсырма "орындалған" мәртебесіне ие. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2021 жылғы 10 желтоқсандағы №642 бұйрығымен, қазақстандықтарға БЖЗҚ-дағы жеткіліктілік шегінен асатын жинағын Отбасы банкіне аударуға және оны әрі қарай баспана сатып алуға жұмсауға мүмкіндік ұсынылды.

Қаржылық ұйымның дерегінше, бұл қызмет үлкен сұранысқа ие. Биылғы жылғы наурыздағы жағдай бойынша 62 мың азамат зейнетақы жинақтарының көмегімен Отбасы банкіндегі депозиттерін жалпы сомасы 107 млрд теңгеге толықтырды. Осылайша, біржолғы зейнетақы төлемдерін (БЗТ) аталған банктегі жинақ шоттарына күн сайын 1 мыңға жуық адам аударып тұрған. Бұл ретте орташа сома 1,7 млн ​​теңгені құрады.

Отбасы банкінің түсіндіруінше, жинақтарын БЗТ-мен толықтырған қазақстандықтар болашақ баспанасына қажетті қаражатты тиімдірек жинай алады. Өйткені бұл қаражатқа тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің барлық стандартты шарттары таралады. Яғни БЗТ аударылған есепшоттарға жыл сайын 2%-дық банк сыйақысы, сондай-ақ 200 АЕК-тен аспайтын жинақ сомасына 20%-дық мемлекеттік сыйақы беріледі. Алғашқы жарна жиналғаннан кейін бұл депозиттің көмегімен 3,5%-дан 8,5%-ға дейінгі ставкамен арзан несие алуға болады.

Биылғы сәуірден бастап, жеткіліктілік шегі ұлғайтылғаны мәлім. Содан қазақстандықтар БЖЗҚ-дағы басыартық жинақтарын тезірек Отбасы банкіне аударып қалуға тырысты. Қарағандылық Жандос Дулатбеков солардың қатарында. Ол Отбасы банк арқылы қаладан пәтер сатып алыпты.

"Баспананы жөндеу шартымен қоса алдық. БЖЗҚ-дан аударылған қаражат соған жететін. Банк менеджері жөндеу жүргізілгенін фотоға түсіріп, есеп тапсыру керек болатынын түсіндірді. Бөлмелердің жөндеу жүргізілгенге дейінгі және содан кейінгі фотоларын дайындап қойдым. Белгіленген уақытта фотоесепті тапсырайын десем, платформа істемеді. Содан амалсыз, банк филиалына барып, сонда тапсыруға тура келді", – дейді Жандос.

Ол мемлекеттің басыартық бюрократияға салмай, комиссия жасақтамай немесе тексеруші аттандырмай, азаматтардың фотоесептеріне сеніп, соны құжат ретінде қабылдайтынына ризашылығын білдірді. 

Ең бастысы, мыңдаған қазақстандық зейнетақы жинақтары арқасында баспана иеленді. Бағдарлама ары қарай жалғасуда, демек тағы да мыңдаған қазақстандық бұл президенттік жобаның игілігін көре алады.

Сонымен бірге қазақстандықтар Үкіметтен бұл бағдарламаны кеңейтуді сұрап жатыр. 

Екатерина Назаренко БЖЗҚ-дағы жеткіліктілік шегінен асқан жинағын Отбасы банктегі депозитіне аударыпты. Бірақ ол жаңа үйді сатып алуға жетпейтін көрінеді. Екатеринаның меншігінде ипотекаға алынған өз үйі бар. Енді соның қарызын төлеу мұң болып тұр дейді.  

"Тағдыр тауқыметімен қазір кішкентай баламмен жалғыз қалдым. Менің ата-анам да жоқ. Қолұшын ешкім созбайды. Ай сайын 208 мың төлем төлеп тұрамын. Бұған 30 мың теңгедей коммуналдық төлемдер қосылады. Жалғызілікті ана үшін сонша сома табу қиынға түседі. Азық-түлік, дәрі-дәрмек, киім-кешек шығындары ол бар. Мен БЖЗҚ-дан Отбасы банкіндегі есепшотыма 3,2 миллион теңге аударғанмын. Осы соманы пәтердің төлеміне енгізуге рұқсат етсе деймін. Сонда ай сайынғы төлем көлемі күрт азаятын еді. Одан босаған қаражатты өзім мен қызымның лайықты тұрмыс сапасын қамтамасыз етуге жұмсайтын едім", – дейді Екатерина.

Қағида бойынша БЗТ-ны ипотеканың ай сайынғы төлеміне жұмсауға рұқсат етілмейді. Онымен ипотеканы толық өтеуге ғана рұқсат. Алайда азаматтардың көбінің жинағы ипотеканы өтеуге жетпейді.

Оның үстіне осы тетіктің жемісін теруге қызыққандардың үлкен бөлігін жастар құрайды. Бүгінде Отбасы банкіндегі шоттарын жеткіліктілік шегінен асатын зейнетақы жинақтарымен толықтырған 35 жасқа дейінгі клиенттердің үлесі 30,4 пайызға жеткен.

"Отбасы банк" АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, Отбасы банкіндегі БЗТ қосылған депозиттің көмегімен 3 жыл ішінде келесі игіліктерді пайдалануға болады:

- Бір банктік қарыз шарты аясында баспана алу және оған жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін тұрғын үй, аралық немесе алдын ала заем алуға;
- Отбасы банкінде қолданыстағы несиені қайта қаржыландыруға;
- Жеке тұрғын үй салуға болады. Оның ішінде жеке үй құрылысы немесе жеке қосалқы шаруашылық сияқты нысаналы мақсаты бар жер учаскесін сатып алуға пайдалануға болады.

Жалпы алғанда, Enpf-otbasy.kz платформасы іске қосылғалы бергі бір жыл ішінде 600 мыңға жуық қазақстандық жалпы сомасы 2,3 триллион теңге БЗТ-сын тұрғын үй жағдайын жақсарту мен емделу мақсаттарына жұмсапты.

БЗТ пайдалану мақсаты бойынша бірінші орында – тікелей сатып алу тұр, оны 233 мың адам таңдаған. Екінші орынға – Отбасы банкіндегі несие бойынша қарызды өтеу шықты. Бұл опцияны 70 мың қазақстандық қолданған. Үшінші орынды Отбасы банкіндегі салымды толықтыру тұйықтады. Биылғы бірінші тоқсанда бұл мүмкіндікті 62 мың адам пайдаланып үлгерген.

Отбасы банкінің түсіндіруінше, бірінші, яғни БЗТ-ны баспана жағдайын жақсартуға жұмсау тетігін пайдаланған адамдар арнайы шотына қаражат түскеннен кейін 20 жұмыс күні ішінде біржолғы зейнетақы төлемдерінің нысаналы мақсатын растайтын құжаттарды өткізуге тиісті. Растайтын құжаттар белгіленген мерзімде ұсынылмаса, осы қаражат БЖЗҚ-ға кері қайтарылады.

Ал Президенттің жолдауындағы бастама негізінде іске қосылған екінші тетікті – БЖЗҚ-дағы қаражатымен оны әрі қарай жинақтау үшін тұрғын үй құрылыс жинағы депозитін толтырған адамдар ол ақшасын тек Отбасы банкінен 3,5-8,5% ставкамен тұрғын үй заемын алуға ғана жұмсай алады. Принципті айырмашылығы да осында.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу