Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы Кіші Аралды құтқаруға қатысты түйткілді мәселелерді айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"2005 жылы "Сырдарияның арнасын реттеу және Кіші Аралды сақтау" жобасы аясында Көкарал бөгеті салынды. Бұл "ғасыр жобасы" республикалық бюджет пен Дүниежүзілік банк есебінен қаржыландырылды. Дегенмен бүгінгі таңда бөгеттің 200 метрін су шайып кеткен, бұл учаскені жедел жөндеу қажет", – деді Мұрат Бақтиярұлы.
Оның айтуынша, жобаның сметалық құжаттамасы әзірленіп, биылғы жылдың тамыз айында мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынған.
"Жобаның құны 4 млрд 582 млн теңгені құрайды. Биылғы қыркүйек айында Республикалық бюджет комиссиясының отырысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне Су ресурстары комитетінің бюджетін қайта бөлу арқылы жобаны бастау үшін 500 млн теңге бөлінді. Алайда 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджетте бұл жобаны қаржыландыру қарастырылмаған. Президенттің Көкарал бөгетін нығайту туралы тапсырмасы ескерусіз қалды", – деп мәлімдеді депутат.
Сенатор Көкарал бөгетін қазір сақтап қалмаса, экологиялық апат болады деп есептейді.
"Яғни бүгінде 27 млрд текше метр су жиналған Кіші Аралды жоғалтуымыз мүмкін. Осыған орай, жобаның ауқымы мен маңыздылығын ескере отырып, қалған 4 млрд 82 млн теңгені нысанның құрылыс жұмыстарын аяқтауға 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет аясында бөлуіңізді сұраймыз", – деді Мұрат Бақтиярұлы Премьер-министрге.
Еске сала кетсек, 2019 жылы 14 мамырда Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында Арал мәселесіне тоқталған.
"Көкарал бөгетінің төменгі жағын Сырдария ағыны бұзып жатыр. Дереу қолға алмасақ, Кіші Аралдан айырылып қалуымыз мүмкін. Осы уақытқа дейін жиналған 27 млрд текше метр су зая кетпеуі керек. Үкімет пен әкімдікке шаралар қабылдауды тапсырамын", – деген еді Мемлекет басшысы.