Бірқатар нормативтік құқықтық актілерге түзетулер енгізу арқылы жүйеге шамамен 1,5 миллион адамды тарту жоспарланған, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.
Бұл туралы әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры стратегия департаментінің директоры Дамир Көпжасаровпен мәлімдеді.
Жақында ғана Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде нақты нәтиже жоқ екенін ашық айтқан болатын.
"Медицинаға бөлінетін қаржы көлемі артқанымен, қордаланған мәселелер әлі шешімін таппай жатыр. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі тиімсіз болып шықты, нақты нәтиже жоқ. Үш миллионға жуық адам медициналық сақтандырусыз қалды, соның салдарынан олар медициналық қызметтерді толық пайдалана алмайды", - деді Президент.
Өз кезегінде жуырда ғана тағайындалған Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ведомство отырысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгелі оған кететін шығынның өсіп, 2023 жылы оның 2,6 трлн теңгеге жеткеніне назар аударды. Сонымен қатар ол сақтандырылған адамдардың арасында тегін медициналық көмекті ала алатындарының саны шектеулі екенін атап өтті.
"Жоғарыда аталған мәселелерді шешу үшін медициналық көмек жүйесін жаңғырту бойынша кешенді шаралар қабылдап, ресурстарды үнемдеуге және азаматтардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға баса назар аудара отырып, ашықтықты, тиімділікті, қаржы ресурстарын ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету қажет", - деді министр.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мәліметтеріне сәйкес, қазір елімізде 16,4 млн азамат МӘМС жүйесінде сақтандырылған, бұл халықтың 81,9%-ы. Олар төлеген жарна сомасына қарамастан, медициналық көрсеткіштері болса, МӘМС есебінен толық медициналық қызмет алуға құқылы.
Ал 3,6 миллионнан астам қазақстандық сақтандырылмаған, бірақ МӘМС жүйесінде мәртебесі жоқ азаматтардың барлығы жұмыссыз деген сөз емес. Арасында жұмыс істеп, салық төлемейтіндер бар. Егер адамның табыс көзі болса, заңды түрде әр табысынан салық пен жарна төлеуге міндетті.
Осыған орай, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры стратегия департаментінің директоры Дамир Көпжасаровтың айтуынша, сақтандырылмаған азаматтарды тартуда жергілікті атқарушы органдардың қатысуын қарастыратын бірқатар нормативтік құқықтық актілерге түзетулер әзірленді.
"МӘМС жүйесі бесінші жыл жұмыс істеп жатыр. Әрине, әлі де өзгерістерді қажет ететін көптеген мәселе бар. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша азаматтарды медициналық сақтандырумен қамту жөнінде жұмыстар атқарылуда. Осыған байланысты сақтандырылмаған азаматтарды тартуда жергілікті атқарушы органдардың қатысуын қарастыратын бірқатар нормативтік құқықтық актілерге түзетулер әзірленді. Яғни азаматтардың жекелеген санаттарды үшін МӘМС-ке жарнаны облыстардың, республикалық маңыздағы қалалар мен елорда әкімдіктерінің қаражаттары есебінен төлеу көзделуде", - деді Д. Көпжасаров.
2025 жылдан МӘМС жүйесінде сақтандырылған азаматтардың саны артады деп жоспарланып отыр. Тұрмысы төмен отбасы санатына кіретін адамдар үшін МӘМС жарналарын жергілікті атқарушы органдардың есебінен төлеу жағы қарастырылуда. Бұл жүйеге шамамен 1,5 миллион адамды алып келеді деп күтілуде. Әкімшілендіруді жетілдіру және халық табыстарының ашықтығын арттыру бойынша шаралардың нәтижесінде МӘМС жүйесімен қамту деңгейі кемінде 95% құрайды деп күтілуде, деп мәлімдеді Қор өкілдері.
Сонымен бірге ТМККК және МӘМС – екі медициналық пакетке әкімшілік ету қиын екендігіне медицина қауымдастығы тарапынан бірнеше рет наразылық айтылып келді.
"Осыған байланысты 2026 жылдан бастап Бірыңғай пакетті кезең-кезеңмен қалыптастыру жөнінде "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексіне тиісті түзетулер әзірленді.
Бүгіннің өзінде жоба жүзеге асырылып, онда үш және одан да көп шарттардың орнына – бір шарт, ал екі қаржыландыру көзінің орнына – бірыңғай пул жасалуда. Біз қазір нақты емделіп шыққан жағдайға және көрсетілген медициналық қызмет үшін едәуір жетілдірілген төлем жүйесін кезең-кезеңмен іске асырып жатырмыз", - деп жауап берді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры стратегия департаментінің директоры.
Сондай-ақ Қордың өз ішіндегі мониторинг және постмониторинг жүйесіне тәсілдер өзгертілуде. МӘМС-ті жетілдіру және жақсарту мақсаттарында, Қор 2024 жылы "Е-Денсаулық" базасында медициналық көмектің бірыңғай төлем жүйесін енгізуді жоспарлап отыр, аталған жүйе медициналық қызметтерді алғандығын науқастардың өздері QR-растауды қарастырады. Бұл қазірдің өзінде қосып жазу мәселесін болғызбай, жүйені қаржылық жағынан одан сайын ашық етпек.
"2026 жылы МӘМС-ке жеке тұлғалардан аударымдарды жинау үшін Қазақстан Республикасы қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетіне жауапкершілікті беру жоспарлануда. Сондай-ақ, Мемлекеттік кірістер комитеті кірістер мен мүлікті жалпыға бірдей декларациялауды енгізеді", - деді маман.
Сонымен қатар қазір Қор Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп 2024 жылғы 7 ақпанда өткізілген Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысының медициналық көмектің бірыңғай топтамасын қалыптастыру бойынша тапсырмасын орындау аясында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберіндегі медициналық көмектің тізбелерін қайта қарау бойынша ұсыныстарды қалыптастыру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Жалпы 2023 жылдың қорытындысы бойынша МӘМС жүйесінде:
• 122 млн. астам клиникалық-диагностикалық қызметтер көрсетілді;
• пациенттердің белгілі бір санаттарына 9,6 млн. стоматологиялық қызметтер көрсетілген;
• елдің тәулік бойғы стационарларында
2,3 млн. емделген жағдайлар;
• 21 мың жоғары технологиялық медициналық көмек (ЖТМК) көрсетілді;
• еліміздің күндізгі стационарларында 860 мың тиісті ем-дом тағайындалды;
• еліміздің ауылдық стационарларында 820 мың ем-дом тағайындалды;
• ауыл тұрғындарына 2,2 млн медициналық қызметті жылжымалы медициналық пункттер көрсетті;
• тәулік бойғы және күндізгі стационарларда 302 мың медициналық оңалту жүргізілді.