Президенттің тапсырмасын орындау жайлы – Дәурен Абаев

2627

 Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссияның отырысы өтті.  

Президенттің тапсырмасын орындау жайлы – Дәурен Абаев

Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі төтенше жағдай мерзімін ұзартуға қатысты мәлімдеме жасап, мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берген еді. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Мемлекет басшысының үндеуінде айтылған тапсырмалардың орындалуы жайлы мәлім етті.

Ол сөзінде біз неғұрлым карантин талаптарын қатаң сақтасақ, соғұрлым күнделікті тіршілікке тезірек қайта оралатынымызды айтып, бұл мамыр айындағы мереке күндері мен қасиетті Рамазан айында өте өзекті екенін ерекше айтты. Сол себепті коронавируске халықты тексеру жиілеп, 20 мыңнан астам медициналық қызметкер індеттен тексерілген.

"Басты міндеттің бірі  – тестілеу жұмыстарының көлемін арттыру. Осы ретте айта кеткен жөн  – сәуір айында анықталған ауру жағдайларының 67%-ы симптомсыз болған. Бұл профилактикалық диагностика арқасында анықталды. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, медицина қызметкерлерін тест арқылы тексеріп отыру өте маңызды. Сол үшін, елімізде 20 мыңнан аса медициналық қызметкер тест арқылы тексерілді", – деді ол.

Дәурен Абаев Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы қалалары және өңірлерде жұмысын қайта жандандыратын бизнес саласын жариялады.

"Мемлекет басшысының экономиканың кейбір салаларында жұмысты кезең-кезеңімен қайта бастау туралы тапсырмасын орындау үшін ертеңнен бастап барлық облыстарда және 1 мамырдан бастап Шымкент қаласында өнеркәсіптік кәсіпорындар; құрылыс компаниялары; көлік, қойма және логистика саласындағы компаниялар; автосалондар мен техникалық қызмет көрсету станциялары; екінші деңгейлі банктер, нотариустар; бизнеске қызмет көрсету үшін ХҚКО жұмысын қайта бастайды", – дей отырып, елорда мен Алматыда жұмысын жаңадан жандандыратын салаларға тоқталды.

"Нұр-Султан қаласында тұрмыстық техника сататын ірі дүкендер; жануарлар дүкендері, гүл сататын дүкендерді қоспағанда, көшеттер, тұқымдар сататын дүкендер; риэлторлық компаниялар; жылжымайтын мүлікті бағалау агенттіктері; сақтандыру компаниялары; екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары жұмысын жандандырады. Алматы қаласында техникалық қызмет көрсету станциялары, автожуу, доңғалақ жондеу станциялары; тұрмыстық техника жөндеу; жарнама агенттіктері; ауылшаруашылық техникасы дүкендері; автосалондар клиенттерге тек техникалық қызмет көрсету тұрғысынан; көлік және қойма компаниялары; ақпараттық-коммуникациялық технологиялар компаниялары; қызметкерлерінің 50%-ы шығу шартымен екінші деңгейдегі банктер; микроқаржы ұйымдары, сақтандыру компаниялары, брокерлер, ломбардтар жұмысын қайта бастайды", – деп мәлім етті министр.

Сонымен қатар, мамырдың 1 күні басталатын ұшақ қатынасы Нұр-Сұлтан және Алматы арасында күніне 4 рет орындалатыны белгілі болды. Алайда жолаушыларда COVID-19 белгісі жоқ екенін растайтын анықтама болуы керек.

"Бірінші кезеңде күніне 4 рейс жасау жоспарлануда. Оның ішінде 2 рейс Air Astana, 1 рейс FlyArystan, 1 рейс Scat компанияларына тиесілі. Олар билет құнын карантинге дейінгі деңгейде ұстауға міндетті. Жағдай түзелген сайын рейс санын және ұшақ сиымдылығын арттыру мәселесі қарастырылады. Әуе тасымалы көліктегі бас санитарлық дәрігер бекіткен күшейтілген санитарлық талаптарды орындау арқылы жүзеге асады", – деген министр, жолаушылардың коронавирус инфекциясын жұқтырмағаны жайлы анықтамасы болуы керек екенін айтты.

"Ұшу үшін жолаушыда COVID-19 белгісі жоқ екенін трастайтын анықтама болуы керек. Анықтаманың жарамдылық мерзімі пысықталуда. Жолаушылар жеке қорғаныс құралдарын қолдануы керек. Маска және қолғап киіп, дене қызуын өлшетіп, тиісті арақашықтықты сақтау қажет. Әуежайда және ұшақта күшейтілген дизинфекция жасалады", – деді Дәурен Абаев.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі шетелде 175 мың отандасымыз бар екенін айтып, мемлекет ешкімді қиын жағдайда қалдырмайтынын айтты.

"Қазір шетелде Қазақстанның 175 мың азаматы бар. Олардың көпшілігі отанына оралғысы келеді. Президент айтқандай, мемлекет ешкімді қиындықта тастамайды. Сондықтан, қайта оралғысы келетіндердің барлығын әкелеміз. Қазір Сыртқы істер министрлігі осы бағытта үлкен жұмыс жүргізуде. Өздеріңіз де білетін шығарсыздар, кейбір жоғары дамыған елдердің өзінде шетел азаматтарын емдеуден бас тартып, медициналық сақтандыру жойылып жатыр. Мысалы, АҚШ-тан 179 азаматымызды әкелеміз. Бұл студенттер мен мектеп оқушылары. Польшадан – 65, Израильден – 28 азаматымызды әкелеміз. Ресейден мамыр айында 6 мыңнан аса азаматымызды әкелу жоспарлануда", – деді.

Сөзінің соңында министр бизнесі экспортқа бағытталған кәсіпкерлерге қажетті жаңалықпен бөлісті. Оның айтуынша, Сауда министрлігі экспортқа сауда жасағысы келетін кәсіпорындарға көмектесетін арнайы бағдарлама – QAZTRADE акселераторын іске қосқан. Бағдарлама келісім-шарт жасамас бұрын сатып алушылар мен нарықтарды табуға көмектеседі. Көмек еш ақысыз болмақ.

 Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу