Президенттің Торғай облысын құрмауына не себеп?

6625

Торғайлықтар біраз жылдан бері Қостанай облысынан бөлініп, жеке отау құруды аңсап келеді. Президент өз Жолдауында 3 облысты құратынын жариялағалы торғайлықтардың белсенділігі қайтадан артты.

Президенттің Торғай облысын құрмауына не себеп?

Күні кеше, әз-Наурыз – Ұлыстың ұлы күнінде әлеуметтік желілерде, WhatsApp топтарында өлке тұрғындары "келесі жаңа жылды Торғай обылысында қарсы алайық" деп тілек тілеп жатты. Сондай-ақ өздерін "торғайлықпыз" деп санайтын, дегенмен кейбірі өзге өңірлерде тұратын азаматтар да Торғайды облыс ретінде қайта қалпына келтіру мәселесін көтеріп, бастама көтеруде.

Бастамашылар 2 ұсыныс айтады, жергілікті белсенді Ербол Мәндібек жария етті. Біріншіден, торғайлықтардың құрылтайын өткізу. Екіншіден, "Торғай тағдыры" қоғамдық қозғалысын ашу.

Белгілі қаламгер, сыншы, халықаралық "Алаш" сыйлығының лауреаты Амангелді Кеңшілікұлы Торғайдың жаңадан ашылатын аймақтар санатына енбей қалуы "жанына қатты батқанын" жеткізді.

"Ахмет пен Міржақып дүниеге келген Торғай – алты Алаштың алтын бесігі. Соңғы 30 жылда тап осы біздің Торғайдай азып-тозып кеткен елді мекен жоқ шығар. Басқасын айтпағанда, Ахаң мен Жахаңның аулына (Ақкөл мен Бидайық) баратын жол жоқ. Президентке Жолдауды дайындап берген кеңесшілері неге Торғайды елеп-ескермеген?! 90-шы жылдардағы асыра сілтеушіліктің кесірінен жабылған облыс қайта ашылса, бұл Торғайға ғана емес, ұлтымыздың рухына көрсетілген құрмет болар еді ғой", – дейді ол.

Ол биыл Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде атап өтілетінін еске салды.

"Ал ұлт ұстазының ауылына баратын жолды салуға тиесілі қаражат әлі бөлінген жоқ. Не деген сұмдық? Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Егер шынымен Жаңа Қазақстан құру ниетіңіз рас болса, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының ауылына барып, ондағы жағдайды өз көзіңізбен көріп қайтуыңызды және Архимед Мұхамбетов сияқты халыққа жаны ашымайтын әкімді орнынан алып тастауыңызды сұраймын. Құдайға шүкір, облысты басқара алатын азаматтар елде аз емес. Солардың бірін облыс әкімі қызметіне қоюға болады", – деді Амангелді Кеңшілікұлы.

Президент 2 жылдан соң, Торғай облысының қайта аша ма?

Айта кету керек, Қостанай облысы 1936 жылғы 29 шілдеде құрылған. Оның әкімшілік орталығы әрдайым Қостанай қаласы болған. Ал Торғай облысы 1970-1988 және 1990-1997 жылдары "өмір сүрді". Оның әкімшілік орталығы Арқалық қаласы болды.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, журналист Көсемәлі Сәттібайұлы Арқалық – Дінмұхамед Қонаев салдырған 47 қаланың бірі екенін айтады. Торғай облысын ашқан да сол дарабоз.

Дегенмен 1997 жылғы әкімшілік-аумақтық реформа нәтижесінде тәуелсіздіктің таңында, 1991 жылы болған 19 облыстың бесеуі жабылып, 14-і ғана қалған еді. Атап айтқанда, Торғай, Көкшетау, Жезқазған, Семей, Талдықорған облыстары жойылды. Енді Президент Қ. Тоқаевтың шешімімен, соңғы үшеуі Ұлытау, Абай және Жетісу облыстары түрінде қайта қалпына келтіріліп отыр.

Торғай облысының жабылуына Арқалық маңында өндірілетін, қалайы жасау үшін аса қажетті бокситтің мол қорының таусылуы да ықпал етті деген жорамал бар.

Айтқандай, ел азаттық алғанға дейін, 1989 жылы жаужүрек Торғай жұрты кеңестік билікке қарсы көтеріліп, "Торғай облысын қайта құру" талабын қояды. Сол кездегі жиналыстардан жеке архивтерде фотосуреттер сақталған. Халық үніне құлақ салған республика басшылығы 1990 жылы облысты қайта құрып, Арқалық қаласын облыс орталығы етті. Арада сегіз жылдай өткенде билік облысты жауып тынды.

"Президент Тоқаевтың Жолдауын тыңдап отырып, Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарының қайта құрылатынын естігенімде, көптеген қазақстандықтар сияқты мен де "Торғай облысын да айтатын шығар" деп елеңдей күттім. Бірақ айтылмады. Әрине, айтылмаса да өзімді-өзім жұбатып: "қазіргідей қиын шақта еліміздің экономикалық әлеуеті үшін бұрынғы басшының кесірінен жабылып, тоз-тоз боп кеткен облыстардың бәрін бірден ашу мүмкін емес шығар? Мүмкін, Президент 1,5–2 жылдан кейін Торғай облысының қайтадан ашылғаны жөнінде халқына қуанышты хабар жеткізетін шығар" деп үміттенемін", – дейді К.Сәттібайұлы.

Торғай облысы ашылса,қазақтар Қостанайдан бері ауа ма?

Саясаттанушы-ғалым Зейін Сабырқұлов Торғай облысының бұл жолы құрылмағанына экономикалық фактор ғана ықпал етті деу ағаттық дейді.

"Өйткені үш облысты құруға жеткен қаржы төртінші облысты құруға да жететін еді. Қ.Тоқаевтың бұл шешімінің басқа қырлары бар. Мысалға, демографиялық. Қостанай облысы әкімдігінің дерегіне жүгінсек, 2020 жылы Қостанай облысы халқының саны 883,9 мың адамды ғана құрады. Халықтың тығыздығы 1 шаршы километрге небары 4,5 адамнан келеді. Салыстыру үшін айтсақ, екі облысқа бөлінгелі тұрған Алматы облысында – 2,1 миллион, Қарағанды облысы мен ШҚО-ның әрқайсысында – 1,4 миллион адамнан тұрады. Егер Қостанай облысын екіге жарса, онда тұрғындарының саны 400 мыңдай ғана ұсақ екі облыс пайда болады", – дейді сарапшы.

Оның байламынша, келесі бір маңызды фактор – ұлттық құрамы.

"Қазақстанның 80–90-шы жылдардағы картасына үңілсеңіз, Торғай облысы ішкері өңір екенін, шет мемлекеттермен шектеспейтінін білесіз. Ал Қостанай облысы – қалпымен Қазақстан–Ресей шекарасында орналасқан өңір. Кеңес заманында Қостанай облысы толығымен орыстана жаздады. Тәуелсіздік жылдарында Ресеймен өзара шекара бөліскенде "осы облыс көршіге кетіп қала ма?" деген қауіп болды. Сол тұста, 1997 жылы сол кездегі Қазақстан Президенті Торғай облысын жауып, оны Қостанай облысына қосты. Бұл Қостанай өңірінің серпінді түрде қазақылануына үлес қосқаны жасырын емес. Мәртебесін жоғалтып, деградацияланған Торғай өңіріндегі қазақтар жаңа облыс орталығына жөңкіле көшті. Бұл үрдіс қазір де жалғасуда", – дейді З.Сабырқұлов.

Ол торғайлықтарды қазіргі жағдайға түсіністікпен қарауға шақырды.

"Менің ойымша, ел басшылығы Торғай облысын құруды кейінге қалдырғанда, тактикалық емес, стратегиялық мақсаттарды, жергілікті емес, жалпыұлттық мүддені көздеген шығар. Торғай қайтадан облыс болса, Қостанай жақтан қазақтар бері қарай көшуі ғажап емес. Әрине, жергілікті тұрғындардың жағдайын түсінуге болады. Арқалықтан Қостанайға дейін жарты мыңдай шақырым жүруге мәжбүр. Өзге аудан-ауылдардан облыс орталығына қыс түгіл, жазда жету күрделі. Бірақ бұл мәселені билік басқа жолмен шешуі керек. Көлік қатынасын жақсарту, пойыздар санын көбейту, жол ақысын субсидиялау, автокөліктерге арналған тегін, тақтайдай түзу жолдар салу қажет. Жұрт орталыққа шабылмауы үшін мемлекеттік қызметтер толық цифрландырылуы шарт. Облысқа айналдырмай-ақ, қазір әбден тозған Торғай өңірін дамытудың жеке бағдарламасын Үкімет деңгейінде қабылдаған жөн", – деді ол.

Саясаттанушының мәліметінше, ел Үкіметі 1997 жылғы 10 сәуiрде "Торғай облысының әлеуметтiк-экономикалық жағдайын жақсарту жөнiндегi қосымша шаралар туралы" арнайы Қаулы қабылдапты. Бірақ ол ақыры жұртты алдарқату болып, толыққанды жүзеге асырылмаған. Сол құжат арқылы Министрлер кабинеті Торғай облысы тарағанымен, енді өлкенің гүлденетініне уәде етті. Мәселен, Арқалық маңында алып жел электр станцияларының кешені тұрғызылатынын, Торғай кентінде балық консервiлеу кәсіпорны ашылатынын, ас тұзы мен балықты қайта өңдеу, спирт, сұйық шыны өндiрісі жолға қойылатынын, шағын және орта бизнес қуатты қолдау көретінін, тіпті ауыл шаруашылығы машиналары сонда жасала бастайтынын жариялады. Бүгінде оның бірі де жоқ.

Тарих ғылымдарының кандидаты, белгілі зерттеуші, доцент Зәмзәгүл Шахаманның мәліметінше, "әлемдегі ең ұзын құрлықтағы мемлекетаралық шекара" ретінде танылған Қазақстан мен Ресей арасындағы ұлан-ғайыр шекараның ең үлкен бөлігі – Қостанай облысының аумағына тиесілі.

"Облысымыз Ресейдің Челябі, Қорған және Орынбор облыстарымен шектеседі. ХХ ғасырдың екінші жартысында өңіріміздегі халық құрылымында орыс этносының үлесі үстем болды. 1989 жылғы санақ Қостанай облысында қазақтардың үлесі небары 22,8% екенін паш етті. Қазақтар көшеде сирек кездесетін жағдайға жетті. Мұндай көрініс облыстағы ауыл-селоларға да тән еді. Ал 1999 жылғы халық санағы қазақтардың үлес-салмағы Қостанай облысында бірден 10%-ға өсіп, 31,8%-ға жеткенін көрсетті. Бірақ өзге облыстармен салыстырғанда, дәл біздің облысымыздың тұрғындары құрылымында қазақтардың үлесі бәрібір төмен болып қалуда", – дейді Зәмзәгүл Бәйекеқызы.

Қостанай облысы әкімдігінің ақпаратына сәйкес, қазіргі уақытта облыс халқының ұлттық құрамы келесідей: қазақтардың үлесі – 39,71%, орыстар – 41,6%, украиндер – 8,6%, немістер – 3,2%, басқа ұлттар – 6,9%. Яғни, қазақтілділердің тым аздығы сол бойы өзекті болып қалуда.

Жанат Ардақ 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу