Сауда-экономикалық және инвестициялық байланысты жандандыруға баса мән беру қажет.
Былтыр өзара сауданың көлемі шамамен 2 миллиард долларға жетті. Қазақстан Жапония нарығына уран, сирек кездесетін металдар және мұнай жеткізеді.
"Жапония – Қазақстан экономикасының негізгі инвесторларының бірі. Оның елімізге құйған қаржы көлемі 8,5 миллиард доллардан асты. Қазақстан ұзақ уақыттан бері ірі жапон корпорацияларымен табысты қарым-қатынас орнатты. Біз елімізде еңбек етіп жатқан Жапонияның шағын және орта компанияларының қызметіне қолдау көрсетіп келеміз.
"Орталық Азия – Жапония" форматындағы бизнес форумында екіжақты байланыстарды жандандырып, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруда қажетті уағдаластықтарға қол жеткізетінімізге сенімдімін. Жапонияға сапарымның аясында 60-тан астам екіжақты құжатқа қол қойылды. Оның ішінде сомасы 3,7 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдер де бар", – деді Президент.