Пригожин неге Мәскеуді алмады?

8549

Сарапшылардың байламынша, бүліктің бетінің тойтарылғаны емес, оның ендігі салдарлары маңызды.

Пригожин неге Мәскеуді алмады? Фото: inbusiness.kz

Кеше кешке, "қарулы бүліктің" екінші күнінде Евгений Пригожин вагнерліктердің кері шегінетінін және ұрыс даласындағы позицияларына, далалық лагерлеріне оралатынын мәлімдеді. Бұған ол Беларусь басшысы Александр Лукашенкомен келіссөздер нәтижесінде барғанын жеткізді. Өз кезегінде Мәскеу оның үстінен қозғалған қылмыстық істі доғарды. Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, Е.Пригожиннің өзі Беларусь елінен саяси пана тапты. Оның онда немен айналысатынын нақтыламады.

Осының алдында ресейлік "Фонтанка" басылымы Пригожиннің кеңсесін тінту барысында оның жалған паспорттары табылғанын жариялады. Оның бірінде мысалы, "Вагнердің" негізін қалаушы Владимир Бобров деген жаңа атқа ие болды. Ізінше бұл туралы посттан барлық фотосуреттер жедел өшірілді. Паспорттары оған қайтарылуы ықтимал.

Wildberries осының алдында жаппай жойған "ЧВК Вагнер" символикасы бар тауарларды электронды сөресіне оралтты.

Билік бүлікке қатысқан вагнерліктерді қудаламауға сөз беріпті. Олар Қорғаныс министрлігімен контракт бекітіп, Украинамен соғысқа қайтадан қатыса алады. Түнде вагнерліктер әскери техникаларына отырып, Ростов, Воронеж, басқа да өз қолына көшкен қалаларды тастап шықты.

Бұл жайт Украина жұртшылығын да, Путиннен шаршаған ресейліктерді де жаппай түңілтті. Әлеуметтік желі "ауыр күрсіністі" пікірлерге толды.

"Бұл өзі не болды?" деген сауал көпшіліктің көңілін күпті етті. Украина Қарулы күштерінің запастағы полковнигі, әскери сарапшы Роман Свитан мұның Мәскеу ұйымдастырған кең ауқымды "ИПСО" (ақпараттық-психологиялық арнайы операция) болғанына сенімді.

"Пригожиннің қарулы бүлік ұйымдастырғаны әу бастан күдік тудырды. Мысалы, біріншіден, ол Мәскеуге "Әділдік маршының" себебін түсіндіре алмады. Әділетсіздіктің бастауы болып табылатын Путинді тағынан құлату ойы болған жоқ. Бұған РФ армиясының вагнерліктердің базасына әуеден соққы беруі және соның салдарынан көптеген содырларының жер жастанғаны түрткі болғанын атады. Ал ұсынған бейнеайғағында ешқандай қырғын, алапат соққы ошағы байқалмайды. Екіншіден, өздерін шабуылдаған ресейлік әскери авиацияның 3 тікұшағын құлатып түсіргенін, дегенмен, олардың ұшқыштары тегіс аман қалғанын мәлімдеумен болды. Мен ұшқышпын, жақсы білемін: тікұшақтарда катапульта жоқ, ол апатқа ұшыраса, ешкім аман қалмайды. Егер экипаж бұлталақтап, теңселген тікұшақтың есігінен төмен секірсе, оның ұзын қалақшалары қылыш сияқты турап тастайды", – деді Р.Свитан.

Үшіншіден, Пригожин Ростов, Воронеж, Липецк облыстарын басып алып, Мәскеу іргесіне 200 шақырымға дейін таяп келді. Осы қашықтықты бір адамның қанын төкпей, қол астына көшіргенін айтып мақтанды. Егер бұл бүлікті Кремлдің өзі ұйымдастырмаса, сонша қашықтықты қалай оңай еңсерген? Төртіншіден, Пригожин Мәскеуге 25 мың жауынгерімен аттанғанын жария етті. Жұртшылық трассадағы ұзын колонналарды видеоға түсірді. Сарапшы оларды қарай келе, танк және басқа да ауыр сауытты техниканы көп таппапты.

"Мәскеуді алу үшін 25 мың жауынгер жетпейді. Шынында, вагнерліктер саны одан да аз болды. Басқасын айтпағанда, Мәскеуді Дзержинский атындағы жедел мақсаттағы алып дивизия қорғайды. Оның кем дегенде 10 мың іріктелген жауынгері, авиациясы, сауытты техникалары бар. Оларды жеңіл-желпі қарумен ала алмайсың. Жалпы, кең ауқымды ИПСО ұйымдастырғанда, оған ел Президенті де қатысып жатады. Путин осы арқылы кімнің кім екенін, қандай жақтастары, генералдары өзіне адал, қайсысы сатып кетуге даяр екенін білді. Енді қатарын тазарту науқанын бастауы мүмкін. Себебі, соғыс ұзаған сайын режим де қаталдана түседі. Әрине, бұл бүліксымақ Путиннің беделіне нұқсан келтірді. Одан оның ештеңесі кетпейді: халықаралық деңгейде онсыз да абыройсыз. Ал өз халқын репрессия арқылы тез қалыпқа түсіре алады", – деген ой айтты сарапшы.

Бұл жағдай Украина майданына көп әсер етпеді деуге болады: вагнерліктер майдан даласынан бір ай бұрын шығарылған.

Ресейлік қоғам қайраткері, Ресейлік еркіндік және әділдік партиясының көшбасшысы, экс-депутат Максим Шевченко мұның азаматтық соғыс та емес, бүлік те емес, билік үшін ішкі алауыздық болғанына сенімді. Оның пікірінше, Е.Пригожиннен Кремльге басып кіріп, Путинді жұрт көзінше масқаралайтын әлденені жасайды деп күту қиын еді.

"Себебі ол бүкіл ғұмыры үшін Путинге жеке қарыздар. Евгений Пригожин екі мерзімге сотталған адам, ол В.Путиннің рақымшылық жасауымен бостандыққа шықты. Оған дейін ол кім еді? Әйелдерді қылғындырып, әшекейлерін тонаған қылмыскер. Оның қарапайым аспаздан "Вагнер" жеке әскери компаниясының негізін қалаушысына айналуына да Путин көмектесті, РФ әскерінің қаруын берді. Былтырға дейін Пригожин жарық жерден, жұрттан жасырынып жүрген белгісіз біреу еді. Кремль бірнеше ай бойы бүкіл пропагандасын жұмылдырып, дәріптеп, одан тұлға жасады. Бірнеше ай бойы мұздай қаруландырды, түрмелерден, Ресей өңірлерінен еріктілермен жасақталуына жәрдемдесті. Оны ықшам ғана батальоннан қырық мың қолы бар армияға айналдырды. Пригожин толығымен Путиннің өнімі", – деп санайды М.Шевченко.

Сондықтан да Е.Пригожин Мәскеуге марш жасағанын жариялағанда Президентке қарсы шығатынын айтқан да жоқ.

Онда неге "Вагнер" армиясы қару кезеніп, Мәскеуге аттанды?

"Бұл Қорғаныс министрі Сергей Шойгуды тұлға ретінде жою үшін қажет болуы мүмкін. Сарапшылар бір жайтты ұмыта береді. 90-шы, 2000-шы жылдары Шойгу биліктегі ең беделді адамдардың бірі болды, халық та оны жақсы көрді. 2000 жылы билік басына келген В.Путин президент ретінде елдегі беделін көтеру үшін Шойгуға сүйенді. Шойгу "Единая Россия" билік партиясының негізін қалаушылардың бірі: соның "Единство" партиясының іргетасында құрылды. Сергей Шойгу РФ саясат сахнасында Путиннен бұрын пайда болды. Оның артында да көптеген тұлғалар тұр. Бункерге тығылған Путинге қарағанда, истэблишменттегі байланыстары мықты, жүйелі сипатта, өзара жылы қарым-қатынасқа құрылған. Сол себепті соғысқа дейін саясаттанушылар оны РФ келесі президенті болуға кандидат ретінде қарастырды. Мына бүлік оны абыройдан айырып отыр", – деді ресейлік сарапшы.

Максим Шевченко Е.Пригожинді Венесуэланың 1999-2013 жылдардағы Президенті Уго Чавеске теңеді. Ол 1980-ші жылдары астыртын Революциялық боливариандық қозғалысты құрып, 1992 жылы сол кездегі Президент Карлос Андрес Переске қарсы әскери төңкеріс ұйымдастырады. Бірақ ниетін жүзеге асыра алмады.

"Содан соң ол телеарнадан өз жақтаушыларына қайрылып, қаруларын тастауға шақырды. Ол екі рет бүлік ұйымдастырды, сол үшін атып, асылған жоқ. Артынан ол легитимді түрде Венесуэла Президенті болды. Біз Лукашенконың араағайындығымен өткен келіссөздерде Путиннің қандай уәде бергенін білмейміз. Бәлкім, алда Пригожинді ақтап қана қоймай, тақ мұрагері ретінде қарастыруы да ықтимал. Себебі, Пригожин бар соққыны өзіне қабылдайтын құрбанға айналып отыр. Оның бұл табансыздығын жақтастары да, жауынгерлері де кешпеуі мүмкін. Олардың бәрін Мәскеуді аламыз деп сендірді ғой. Вагнерліктер, оның жағына жасақтарымен өткен РФ армиясының офицерлері видеоүндеулерінде Пригожинді тіпті "жаңа Президент" деп те атап жіберді. 23 маусым күні Е.Пригожиннің биліктегі жемқорларға қатысты қатаң сыны әділ еді. Ол элитаның да, халықтың да көңілінен шықты. Алайда енді ол уәдесін орындамай, істі аяғына жеткізбей, кері кетті. Мұндай абыройсыздыққа бару үшін қомақты игілік ұсынылса керек", – деп болжады Максим Шевченко.

Қалай болғанда, көрші Ресейдегі қарулы бүлікке қатысты нүкте қойылған жоқ. Өйткені ол Ресейде төңкеріс болса, күш құрылымдары, элита және халық соны қызу қуаттауға әзір екенін паш етті. Жоғарыдан дені дұрыс жауап пен нұсқау ала алмаған арнайы органдардың өңірлерде абдырап, құпия құжаттарды жаппай өртегені белгілі болды. Тұтас батальондар табанды қорғаныс орнына вагнерліктерге қосылып жатты.

Осылайша, пропаганда аузы талмай айтып келген "халықтың 80 пайызы В.Путинді қолдайды" деген рейтинг жайына қалды. Масқара болғанда, әдетте Кремлден шыққан әрбір сөзді қағып алып, көпіртетін топ-пропагандистер ауыздарына құм құйылғандай үнсіз қалды немесе Пригожинге тиіспей, келісім мен тұрақтылыққа шақыру сияқты абстрактілі пікір білдірді.

Мұның бәрі қалыптаса алмаған мемлекетке, failed state-ке айналып бара жатқан көршіде алда басқа төңкеріс-бүліктер болмасына еш кепілдік жоқтығын көрсеткендей.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу