Pro ligasy. "Номад" "Сарыарқаны" жеңді

2109

Шайбалы хоккейден Қазақстан чемпионатының 7-қаңтар күні "Сарыарқа" мен "Номад" арасында өткен кездесуінде елордалық фарм-клуб 3:1 есебімен жеңіске жетті.

Pro ligasy. "Номад" "Сарыарқаны" жеңді

6-7 қаңтар күндері "Сарыарқа" мен "Номад" арасында тартысты ойын өтті. Бейсенбі күні қарағандылықтар өз айдынында "көшпенділерді" 2:0 есебімен ұтқаннан кейін екі команданың ұпай сандары теңесіп, (62 ұпайдан) чемпионаттың кестесінде екінші және үшінші орындарға жайғасқан болатын. Ал ауа-райының қолайсыздығына байланысты павлодарлық "Ертіс" Өскеменге бара алмағандықтан бұл екі кездесу де техникалық жеңіліспен аяқталды. Нәтижесінде 67 ұпай жинаған өскемендік "Торпедо" көш бастады.

"Номад" "Сарыарқаға" қарсы өткен алғашқы ойында жеңіліп қалғандықтан, бұл жолы айдынға жігерленіп шықты. Кездесудің 13-минутында Андрей Рунов айдын қожайындарының қақпасына алыстан соққы бағыттап, есеп ашты. 6 минут өткен соң ол дубль жасап, есепті еселей түсті. Алғашқы жиырма минуттың қорытындысы бойынша кездесу 0:2 есебімен аяқталды.

Екінші кезеңнің басым бөлігін "Сарыарқа"  қарсыластар аумағында өткізді. Бірақ, гол соға алмады. Айдын қожайындары таблодағы көрсеткішті тек 45-минутта өзгерте алды. Степан Грымзин Дмитрий Михайловқа пас асырып, Михайлов қонақтардың қорғаушысын алдап өтіп, қақпаға дәл соққы бағыттады. Нәтижесінде есеп 1:2-ге қысқарды. Осыдан кейін қанша тырысқандарымен, "Сарыарқа" "Номад" қақпасынан саңылау таба алмады. Ал кездесудің соңғы минутнда "Сарыарқаның" бапкерлік құрамы айдынға қақпашының орнына алтыншы ойыншыны шығарды. Осыдан кейін ойын аяқталуға 52 секунд қалғанда Рунов хет-трик жасап, матчтың нүктесін қойды.

"Біз екі қиын матч өткіздік. Қазір командамызға көптеген жас ойыншылар қосылды. Біздің құрам шектеулі. Ал бірінші ойында жолымыз болмады", - деді матч соңында "Номад" командасының бас бапкері Александр Высоцкий.

"Жақсы қарсылас болды. Жігіттер бірінші минуттардан бастап екінші және үшінші кезеңде ойнағанымыздай нәтиже көрсете алмады. Біз алғашқы кезеңде жекпе-жекте өзімізді көрсете алмадық", - деп мойындады өз кезегінде "Сарыарқаның" бапкері Александр Соколов. - "Номад" керемет ойнады, бүгін олар кешегі матчқа қарағанда белсенділік танытты. Біз есепті өзгертуге тырыстық. Бірақ нәтиже болмады. Енді бұдан кейін де жұмыс жасайтын боламыз", - деп уәде етті Соколов.

Осы жеңістен кейін "Номад" "Сарыарқадан" үш ұпаймен алға озды және 30 матчтан кейін 65 ұпаймен екінші орынға жайғасты. Көшбасшы "Торпедо" мен "Номад" арасындағы есеп айырмашылығы екі ұпайға дейін азайды. Бірақ өскемендіктер елордалықтармен салыстырғанда екі матчты аз өткізді.

 Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу