Прокурорлар тікелей тексеру мүмкіндігіне ие болады – Тимур Құлыбаев

15286

Бас шаһарда өткен бизнесті қорғау жөніндегі V форумда бизнесті қорғаудың жол картасы аясында атқарылған жұмыс қорытындыланды.  

Прокурорлар тікелей тексеру мүмкіндігіне ие болады – Тимур Құлыбаев

Шара шеңберінде "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев, бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Ғизат Нұрдәулетов прокурорлар жосықсыз кәсіпкерлікке жол бермеу, бизнеске жасалатын қысымның алдын алу, әкімшілік кедергілерді азайту сынды шараларға басымдық беріп жатқанын жеткізді. 

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және мүдделі тараптармен бірлесіп, нақты нәтижеге қол жеткіздік. Бизнесті тексеру айтарлықтай азайып, рұқсат беру құжаттарының саны 30 мыңнан 17 мыңға дейін немесе 40%-ға төмендеді. Тексеруді тіркеу автоматтандырылды. Заңсыз тексеруге тосқауыл қойылып жатыр", – деді бас прокурор. 

Оның сөзінше, Президенттің пәрменімен лауазымды тұлғалар мен қылмыстық қудалау органдарының кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуына жол бермеу шарасы пысықталып жатыр. 

"Қолданысқа қылмыстық процестің үшжақты моделі енгізілуде. Бұл шара бизнесмендердің құқығын қорғаудың қосымша тетігі қызметін атқарады. Бұған қоса кейбір тергеу әрекеттерін прокурордың немесе соттың келісімімен ғана жүргізу үшін қылмыстық іс жүргізу кодексіне бірқатар түзету әзірленді. Осы уақытқа дейін прокурорлар 60 мыңнан астам кәсіпкердің құқығын қорғады", – деді Ғизат Нұрдәулетов.

Тимур Құлыбаев "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы прокуратурамен, уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, пандемия кезінде бизнес нысандарын заңсыз тексерудің алдын алғанын айтты. 

"Бизнесті қорғауда прокуратураның рөлі күшейтілді. Алдағы уақытта прокурорлар кәсіпкерлерлік субъектілердің өтінімі бойынша тікелей тексеру мүмкіндігіне ие болады. Прокурорлар қылмыстық тергеу бастаудың заңдылығын тексеріп, тергеудің ақылға қонымды мерзімін белгілейді. Қылмыстық процесс барысында прокурорлармен ревизия өндірісі мақұлданады", – деді "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы.

Қанат Махамбет 
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу