"Проммашкомплект" жұмысын біржола тоқтатқан жоқ!

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
17149

Екібастұз қаласы әкімінің баспасөз қызметі теріс ақпарат таратқан. 

"Проммашкомплект" жұмысын біржола тоқтатқан жоқ!

Өткен аптада Екібастұздағы "Проммашкомплект" зауытының жұмысын тоқтатып, 130 жұмыскердің мәжбүрлі түрде еңбек демалысына шыққанын жазған едік. Бұл ақпаратты Екібастұз қаласы әкімінің баспасөз қызметі таратқан болатын. Ал осы аптада зауыт басшылығына хабарласқанымызда, мүлде басқаша ақпарат алдық.

"Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне өкпеміз қара қазандай. Зауыттағы жағдайды дұрыс жазбаған. Теріс ақпарат таратқан. 860 адам жұмыс істейтін "Проммашкомплект" негізінен екі өндірістен тұрады. Біріншісінде, темір жолға арналған бағыттама өнімдері шығарылса, екіншісінде, темір жол дөңгелектері өндіріледі. Алғашқысы тапсырыстың жоқтығынан тоқтады. Ал дөңгелек өндірілетін зауыттағы жұмыстар жалғасып жатыр. Мұның бәрін қала әкіміне анықтап айтқан едім. Өкінішке қарай, әкімдіктің баспасөз қызметі дұрыс түсінбеген екен", – деді бізге "Проммашкомплект" ЖШС-ның бас инженері Сергей Аханько.

Оның айтуынша, темір жолға арналған бағыттамалық керек-жарақтарды өндіретін зауыт 2012 жылы іске қосылған. Ал темір жол дөңгелектерін шығаратын зауыт өткен жылдың соңында пайдалануға беріліпті.

"Бағыттамалық өнімдер шығаратын зауыттың басты тапсырыс берушісі – "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы. Өкінішке қарай, биыл ұлттық компания тарапынан ешқандай тапсырыс болмады. Сондықтан жұмыстың жоқтығынан 130 жұмыскер мәжбүрлі түрде демалысқа жіберілді. Жалпы, соңғы үш жылда бағыттамалық өнімдер шығаратын зауыт пен "Қазақстан темір жолы" арасында жүйелі түрде мәселелер туындап келе жатқанын атап өткен жөн", – деді кәсіпорынның бас инженері.

Сергей Аханько зауытқа тиісті көлемде тапсырыс түспей тұрғанын қынжыла айтты. Тіпті, бағыттамалық өнімдер шығаратын зауыт осы күнге дейін, әу,баста, жобаланған әрі есептелген өндірістік қуатының 50%-бен ғана жұмыс істеп келген. Бұл кәсіпорынның жартысы бос тұр деген сөз.

"Осыдан бір ай бұрын былтырғы тапсырысты толық орындап, "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясына тапсырдық. Осыдан кейін, олар биылғы жылдың өтінімін растауы керек еді. Өздері солай деп уәде берген. Бірақ өтінімді растамады. Өтінім болмағасын, ақша да алдын ала төленген жоқ. Біз қолда бар шикізатты өндіріске толық жаратып тастадық", – деп түсіндірді кәсіпорын өкілі.

Бас инженердің сөзінше, "Проммашкомплект" ЖШС-ның екінші зауытында – темір жол дөңгелектерін шығаратын өндірісінде жұмыс қызу жүріп жатыр.

"Зауыт тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Қазір тәулігіне 300-400 дана теміржол дөңгелегі шығарылады. Алдағы уақытта тәулігіне 600 дөңгелек шығару көзделіп отыр. Жыл соңына қарай кәсіпорын өндірістік қуатына жетеді деген болжам бар", – деді Сергей Аханько.

Белгілі болғандай, Екібастұзда өндірілетін темір жол дөңгелектері ішкі нарыққа, сондай-ақ ТМД елдеріне экспортталады екен. Негізгі тұтынушылардың қатарында Қазақстан, Ресей, Беларусь және басқа да мемлекеттер бар.

Еске сала кетейік, өткен аптада Нұр-Сұлтан қаласында Екібастұздағы зауытты қалыптасып отырған жағдай бойынша "Проммашкомплект" кәсіпорны мен "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы басшылары арасында кездесу өтті. Аталған кездесудің қорытындысы осы аптада белгілі болады деп күтілуде.

Тағы бір атап өтерлігі, 18 қыркүйек күні Екібастұз қаласы әкімінің баспасөз қызметі "Проммашкомплектке" қатысты теріс ақпарат таратылғанын ресми түрде хабарлады.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу