Протокол шефы және ұйғыр жанашыры

12359

Қазақстанда дүниеге келген Әсел Робертс (Төленова) АҚШ президенті протоколының бастығы қызметін атқарушы лауазымына тағайындалды. Ал, оның жұбайы 30 жыл бойы Қазақ-Қытай арасындағы ұйғырлар мәселесін зерттеген.  

Протокол шефы және ұйғыр жанашыры

Әсел Робертс жауапты лауазымға Американың жаңа президенті Джо Байденнің инауграциясынан кейін – 2021 жылы қаңтардың 20-ында кірісті. Этникалық қазақ қызы 1976  жылы Алматыда дүниеге келген. Алайда Калифорнияда орыс жаңалықтарын тарататын Slavic Sacramento.com порталының хабарлауынша, Әсел Алматы облысында туған. Ол 1993 жылы Джорджтаун университетінің Эдмунд А. Уолш Дипломатиялық қызмет мектебіне түсіп, оны халықаралық құқық және ұйымдар саласы бойынша бакалавриат дәрежесімен тәмамдапты. Ал, Ақ үйдің протоколдық кеңсесінде отандасымыз Барак Обама кезінен бері еңбек етіп келеді. Саладағы тәжірибесі -15 жылдай. Мемлекеттік департаменттің мәліметінше, Әсел Робертс қазақ, орыс, жапон тілдерін де меңгерген. Сондай-ақ  ол - 20 жылдан бері АҚШ азаматы Шон Робертспен некеде, араларында Айдин есімді қыздары бар.

АҚШ президенті протоколының шефы қызметін атқаратын лауазым иесі – ұлттық және халықаралық дипломатиялық протокол мәселелерімен айналысатын мемлекеттік қызметкер. Мемлекеттік департаменттің протокол бөлімі дипломатиялық қол сұқпаушылықтар мен артықшылықтар, қабылдаушы елдің қауіпсіздігі, әуе кеңістігін дипломатиялық мақсатта пайдалану мәслелері бойынша шешім қабылдап, ресми этикеттің сақталуын жіті қадағалап отырады. Сонымен қатар, бұл бөлім екіжақты, көпжақты кездесулер мен  жоғары деңгейдегі сапарларды жоспарларда үкіметтер арасындағы байланысты жүзеге асыратын мекеме ретінде де қызмет атқарады. 

Айта кетсек, 20 қаңтарда 46-шы президент Байденмен бірге вице-президент Камала Харрис те қызметіне кірісті. Харристі енді АҚШ-тың атқарушы билігіндегі екінші адам деп атауға болады.

"Протокол басшысының кеңсесі сәтті дипломатия үшін орта қалыптастыра отырып, Құрама Штаттардың сыртқы саяси мақсаттарын ілгерілетумен айналысады. Біздің команда бірінші болып елімізге келген президенттерге, премьер-министрлерге, монархтар мен өзге де лидерлерге қошемет білдіреді. Сонымен қатар, дипломатиялық өзара іс-әрекеттердің бас-қасында жұмыс істей жүріп, біз мәдени алмасуға ықпал етіп, бүкіл әлем елдері үкіметтері мен халықтары арасында өзара түсіністіктің көпірін саламыз", – дейді мемдепартамент.

Ұйғырлардың жанашыры?

Бірде әйгілі "Нью-Йорк Таймс" газеті өзінің редакциялық мақаласын "Ұйғырларды кім қорғайды?" деген тақырыппен жариялады. Кейін бұл сауалға америкалық buffalonews.com порталының авторларының бірі Эрик Брэди "менің немере інім Шон Робертс" деп жауап берді.

Тілші Робертстің өмірі жайлы баяндай келіп, оның Әселмен қалай танысқанына да қысқаша тоқталған:  

"Оның "Ұйғырлармен соғыс: Қытайдың мұсылман азшылықтарға қарсы ішкі науқаны" деген кітабы Принстон университетінде басылып шығады. Шонның Николс мектебінде оқыған кезде КСРО-ға деген қызығушылығы артып, кейін ол Bowdoin колледжінде тарих және орыс тілі мамандығына түсті. Жоғары курста кейіпкеріміз Өзбекстанда білімін жалғастырып, содан кейін ұйғыр халқын зерттеу үшін Қытайға да сапар шекті.

Кейінірек Шон Робертс ұйғырлар туралы диссертация қорғап, далалық зерттеу жұмыстарын аяқтаған соң, Орталық Азияда бірнеше жылға қалып, халықаралық даму мәселелерімен айналысады. Ол болашақ әйелі Әселмен Қазақстанда кездесті: үйленгендеріне 20 жыл болды және де жұбайлар қазір Вашингтонда тұрып жатыр. Онда Шон Джордж Вашингтон университетінің Эллиотт халықаралық қатынастар мектебінің Халықаралық дамуды зерттеу бағдарламасының директоры болып еңбек етіп жүр. Оның кітабы, өзі айтқандай, "үйіндегі командасы"  – Әсел мен қызы Айдинге арналған.

Ұйғырлар негізінен Шыңжаңда - Қытайдың солтүстік-батысындағы Ресеймен және бұрынғы Кеңес республикаларымен шекаралас - автономиялық территорияда тұрады. 53 жасар Шон 30 жыл бойы ұйғыр халқын зерттеп келеді. Сонымен қатар, ол олардың түркі тілін меңгеріп, көшпелі мәдениетін де үйренген. Робертстің кітабы жыл сайынғы далалық зерттеулермен, жеке сұхбаттармен және академиялық жұмыстарда бұрын бағаланбаған құжаттарды, бейнематериалдарды талдаумен байытылған", - дейді мақала авторы.

Арыс Әділбекұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу