"Прованс Турының" 2-кезеңінде жеңіске жетті

1850

Қазақстандық "Астана Про Тим" велокомандасының ресейлік легионері Александр Власов беделді "Прованс Туры" көпкүндігінің 2-кезеңінде жеңіске жетіп, командаға осы маусымдағы алғашқы жеңісті сыйлады. 

"Прованс Турының"  2-кезеңінде жеңіске жетті

Власов 175 шақырымдық жарыс жолының соңғы асуына жеткенде шабуылға шығып, қарсыластарын артқа тастап, жекелей жеңіске жетті.

Жеңімпаздан 24 секунд уақыттан кейін мәреге келген топ шабандоздары қалған жүлделі орындарды өзара бөлісті. Екінші орынды голландиялық Вилко Келдерман иеленсе, Қазақстан чемпионы Алексей Луценко үздік үштіктің қатарын толықтырды. Сонымен қатар "Астана Про Тим" велокомандасының тағы бір шабандозы Алекс Аранбуру 11-нәтиже көрсетті.

- Жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Бұл "Астана" сапындағы алғашқы маусымым, және бүгінгі жеңіс мен үшін ерекше болды. Асуға жеткенде барлығымыз Алексей Луценконы қорғап, бір бірімізге көмектестік. Екі шабандоз шабуылға шыққанда мен олардың жылдамдығына ілесіп, арадағы алшақтықты жабуға тырыстым. Шабуылға мүмкіндік бар болғанын көріп, тоқтамауды жөн санадым және 100 пайыз барымды салдым. Жалпы есептің көшбасшысының жейдесін киген сондай тамаша! Мен бақыттымын! Маған сенім артқан командама алғысым шексіз. Жейдені сақтап қалу үшін келесі жарыс күндері де бар күшімізді салуға тырысамыз, - деді Александр Власов.

Францияда өтіп жатқан көпкүндіктің 2-кезеңі Обань қаласынан басталып, Ла-Сьотада аяқталды. Жарыс жолында төрт аса қиын асулар орналасқан еді. Кезең басталысымен үш шабандоздан тұратын көшбасшы топ құрылды. Бірақ, "Астана" командасы кейінгі топта болғанымен, мәреге шамамен 23 шақырым қалғанда көшбасшыларды қуып жетті.

Соңғы асуда (4.7 км, 7%) бірнеше шабандоз шабуылға шығуға тырысты. Алайда "Астана Про Тим" жағдайды өз бақылауында ұстап, тек алдыңғы қатарда болды. Екі бәсекелес шабуылға шыққанда олардың қатарына Александр Власов та қосылды. Сәлден кейін қайта шабуылға шыққан Власов қарсыластарын шаң қаптырып, жеңімпаз атанды.

Ертең "Прованс Турының" 3-кезеңі өтеді. Истра - Мон-Ванту бағыты бойынша өтетін жарыс жолының ұзақтығы 140 шақырымды құрайды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу