PTC Holding Астананың Орталық саябағында сенбілік өткізді

132

PTC Holding Көлік-логистика саласындағы инвестициялық тобы елордадағы Орталық саябақта сенбілікке шықты. 

PTC Holding Астананың Орталық саябағында сенбілік өткізді

Холдинг пен оның еншілес компаниялары – PTC Cargo, PTC Operator, Petroleum және Silkway CA-дан шамамен 80 қызметкер жалпыұлттық "Таза Қазақстан" акциясына қатысты. Бірнеше сағат ішінде олар екі гектардан астам аумақты тазалап, 100-ге жуық қап қоқыс жинады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

PTC Holding үшін сенбілік жай ғана бір реттік шара емес. Компания 2021 жылдан бері экологиялық бастамаларға тұрақты түрде қатысып келеді және бұл бағыттағы жұмысын жалғастыруға ниетті.

"Бұл тек сенбілік емес, біздің корпоративтік мәдениетіміздің бір бөлігіне айналды. Демалыс күні ұжымның бір мақсатпен жиналуы біз үшін маңызды. Біз өзімізді тек бизнес өкілдері ретінде емес, қоғамның ажырамас бөлшегі ретінде де сезінеміз. Осындай үлесіміз қаламызды таза, жайлы әрі көрікті етуге септігін тигізеді деген үміттеміз", –  деді Басқарушы директор Бауржан Баймулдинов. 

Тазалау жұмыстары жүргізілетін аумақ Нұра ауданы әкімдігімен бірлесіп таңдалды. Еңбек қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау қызметінің басшысы Әлішер Лимановтың айтуынша, компания жыл сайын әлеуметтік маңызы бар нысандарды көгалдандыру мен абаттандыруға арнайы қаражат бөліп, оны кезең-кезеңімен ұлғайтып келеді:

"Алдыңғы жылдары біз мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған “Нұрлы Жүрек” пансионатының аумағын көгалдандырумен айналыстық. Биыл “Таза Қазақстан” акциясына қатысып, қаланы тазартуға өз үлесімізді қосып отырғанымызға қуаныштымыз. Мұндай бастамаларға қызметкерлерді де, балаларды да тартып, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауды қалыптастырамыз".

Бұл сенбілік тек экологиялық емес, ұжымды біріктіретін шараға да айналды. 

"Мұндай шаралар таза аумақпен ғана шектелмейді, ұжымның бірлігін нығайтады. Бұл – өзінше бір тимбилдинг. Көңіл-күй тамаша, ауа райы да қолайлы. Біз осындай бастамаларды әрдайым қолдаймыз", – деді "Silkway Transit" ЖШС Бас директорының орынбасары Елдос Орынбаев. 

Холдинг қатысушылардың жайлылығын да назардан тыс қалдырмады: арнайы бас киімдер мен жейделер таратылып, дастарқан жайылып, шараның көңілді өтуіне жағдай жасалды. Көптеген қызметкерлер сенбілікке отбасымен келіп, шараға ерекше жылылық сыйлады.

Солардың бірі – PTC Operator қызметкері Әсел Сәдуақасова. Ол сенбілікке холдингте жұмыс істейтін жұбайымен және екі баласымен бірге келген. Бұл олардың отбасы үшін қалыптасқан дәстүрге айналған.

"Сенбілікке келудегі басты мақсат – балаларға үлгі көрсету, табиғатты сүю мен тазалыққа баулу. Олар қызығушылықпен қатысады, көмектесуге ұмтылады. Компанияның отбасылық форматты қолдауы балаларға да, қызметкерлерге де өте қолайлы", – дейді ол.

Орталық саябақтағы таза аллеялар – атқарылған жұмыстың көзге көрінетін нәтижесі ғана. Ең бастысы – экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен қала ортасына деген жауапкершілікті арттыру. Осындай бастамаларға бизнес өкілдері де белсене атсалысса, оның игілігін бүкіл қала тұрғындары көреді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу