PTC Holding қытайлық серіктестерімен теміржол тасымалы саласында ынтымақтастығын нығайтады

437

Астанада PTC Holding басшылығы Қытайдағы Сюйчжоу қаласының мэрі Шэнь Цзюньфэн бастап келген делегациямен кездесті.

PTC Holding қытайлық серіктестерімен теміржол тасымалы саласында ынтымақтастығын нығайтады

Келіссөздің басты нәтижесі ретінде PTC Holding пен "International Freight Trains in Xuzhou" компаниясы арасындағы стратегиялық ынтымақтастық келісіміне қол қойылғанын атап өтуге болады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Келісім халықаралық теміржол тасымалын дамытуға, Қытайдан қосымша жүк ағынын тартуға және Қазақстан мен Орталық Азия арқылы өтетін бағыттарда логистикалық сервистерді кеңейтуге жол ашады.

Сюйчжоу – Қытайдың шығысындағы Цзянсу провинциясының ірі өнеркәсіптік әрі транзиттік орталығы. Халқының саны 9 миллионға жуықтайтын қалада машина жасау, құрылыс және арнайы техника, өнеркәсіптік жабдықтар шығаратын өндіріс орындары шоғырланған. Қала Қытайдың теміржол логистикасында маңызды орынға ие: осы жерден халықаралық жүк пойыздары Орталық Азияға, Ресейге және Еуропаға жөнелтіледі.

PTC Holding компаниясының Сюйчжоудың логистикалық компанияларымен ынтымақтастығы 2026 жылдың көктемінде Jiangsu Train Company мен компанияның ҚХР-дағы еншілес мекемесі – PTC Freight Agency (Шанхай) арасында алғашқы байланыс орнағанда басталған болатын. Бұл сапар сол серіктестікті жаңа деңгейге көтеріп отыр.

Кездесу барысында Орталық Азия елдеріне тасымалдауды ұйымдастыру мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. PTC Holding Ташкент облысында Silkway CA заманауи көпбейінді логистикалық орталығын салу жобасын жүзеге асырып жатыр. Кешен құрамына контейнерлік терминал, қойма инфрақұрылымы және әртүрлі санаттағы жүктерді өңдеуге арналған алаңдар кіреді.

Қытайлық серіктестер бұл жобаға және болашақ логистикалық орталықты өңірде жүктерді тасымалдау мен тарату үшін пайдалану мүмкіндіктеріне қызығушылық танытты.

PTC Holding үшін Қытайдың теміржол операторларымен серіктестік – халықаралық бизнесті дамытудағы маңызды бағыттардың бірі. Қазірдің өзінде компаниялар тобының Қазақстан-Қытай шекарасында логистикалық инфрақұрылымы, меншікті тасымалдау қызметтері және Шанхайда еншілес компаниясы бар. Жаңа келісім қытайлық жүк жіберушілермен әріптестікті кеңейтіп, қолданыстағы халықаралық көлік дәліздері бойынша тасымалды дамытуға мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу