Зеленскийге Путин мен Шольцтің ұзақ сөйлескені ұнамады

878

Екі лидер Украинадағы соғысты тоқтату мәселесін талқылады. Әңгіме барысында РФ президенті Киевтің бейбітшілік үшін төрт облыстан бас тартуын сұраған. 

Зеленскийге Путин мен Шольцтің ұзақ сөйлескені ұнамады Фото: CentralAsia.media

Германия канцлері Олаф Шольц жұма күні Ресей президенті Владимир Путинмен бір сағат бойы сөйлесті. Бұл – Кремль басшысының соңғы екі жылдағы батыстық ірі держава басшысымен алғашқы жарияланған сұхбаты. Шольц Путинді Украинамен келіссөздерге ашық болуға шақырды, деп хабарлайды неміс үкіметі жетекшісінің кеңсесі.

Путин кез келген бейбіт келісім Ресейдің аумақтық табыстары мен қауіпсіздік талаптарын, соның ішінде Киевтің НАТО-ға қосылудан бас тартуын ескеруі керектігін ескертті.

Германия үкіметінің өкілі Штеффен Хебестрейттің айтуынша, Шольц бір сағатқа созылған екеуара әңгімеде Путинді Украинадан әскерлерін шығарып, 2022 жылдың ақпанында басталған жаппай басқыншылықты тоқтатуға шақырған. Бұл соғысқа сейсенбіде 1000 күн толады. Қуғында жүрген ресейлік оппозиция жетекшілері, солардың ішінде Алексей Навальныйдың жесірі Юлия жексенбі күні Берлинде Украинадағы қарулы жанжалға қарсы шеру ұйымдастыратындарын хабарлады.

"Канцлер Ресейді әділ және ұзақ бейбітшілікке қол жеткізу мақсатында Украинамен келіссөздер жүргізуге дайын болуға шақырды және Германияның Ресей агрессиясына қарсы күресте Украинаны қажет болғанша қолдауға әрдайым табанды түрде әзір болатынын атап өтті", – делінген Хебестрейтің мәлімдемесінде.

Шольц пен Путиннің 2022 жылдың желтоқсанынан бері бірінші байланысқа шығып отыр. Және де бұл келіссөздер сайланған президент Дональд Трамптың жаңа әкімшілігі Украина үшін нені білдіреді деген сауал кең талқыланып жатқанда жүргізілді.

"Трамп мырза Ресей мен Украина арасында бейбіт келіссөздер жүргізуге тырысуы мүмкін. Еуропалықтар Трамптың бұндай әрекеттеріне алаңдайды. Себебі өздері де сол үстелдің басында отырғысы келеді", – дейді Германияның сыртқы байланыстар кеңесінің қауіпсіздік бойынша бұрынғы сарапшысы Кристиан Моллинг "Нью-Йорк Таймс" газетіне берген сұқбатында.

Айта кету керек, жақында Шольц өз елінде саяси дағдарысқа тап болды және келесі айда оның үкіметіне сенім білдіру бойынша дауыс беріліп, ақпанда Германияда мерзімінен бұрын сайлау өтуі мүмкін.

Мәскеулік саясаттанушы және Кремльдің бұрынғы кеңесшісі Сергей Марков Telegram арнасында жазғандай, "Бұл қоңыраудың себебі сол — Шольц үшін сайлау жақындап келеді, ал сайлаушылар Германияның соғысқа емес, бейбітшілікке ұмтылғанын қатты талап етіп жатыр. Ал Ресей Батыс лидерлерін басқа да қоңыраулар күтеді".

Вашингтон - Украинаның ең үлкен әскери қолдаушысы. Бірақ Трамп Украинаға берілетін көмек көлеміне бірнеше рет күмән келтіргені белгілі. Трамп соғысты тез тоқтата алатынын айтқанымен, Украина бейбітшілік үшін Мәскеуге жер беруден бас тартып отыр.

"Пандора жәшігі"

Украина президенті Владимир Зеленский Шольцтің Путинге үндеуін сынап, бұл әңгімені "Пандора жәшігінің ашылуы" деп атап, оны Ресейдің өзге әлемнен оқшаулануын жеңілдететін әрекет деп жариялады.

"Қазір басқа әңгімелер, басқа қоңыраулар болуы мүмкін. Көп сөз айтылады. Путиннің күткені де сол еді. Ол үшін оқшаулануды әлсірету өте маңызды", – дейді Зеленский өзінің түнгі жолдауында.

Шольц Ресейдің Украина азаматтық инфрақұрылымына әуе шабуылдарын айыптап, Солтүстік Корея әскерлерінің соғысқа қатысу үшін Ресейге жетуін елеулі шиеленіске әкелетінін ескертті. Естеріңізге сала кетсек, АҚШ, Оңтүстік Корея және Украина Солтүстік Кореяның Ресейге мыңдаған жауынгер жөнелткенін айтып отыр.

Кремль бұл телефон әңгімесіне Германияның бастамашы болғанын, оның барысында лидерлер "Украинадағы жағдай туралы егжей-тегжейлі және ашық пікір алмасқанын" хабарлады.

"Путин қазіргі дағдарысты НАТО-ның Ресей Федерациясының қауіпсіздік мүдделерін елемей, орыстілді тұрғындардың құқықтарын аяққа таптап, Украина аумағында Ресейге қарсы бекініс құруға бағытталған ұзақ жылдық агрессивтік саясаты деп атады", – делінген Кремль таратқан мәлімдемеде.

Путин, сондай-ақ, Ресейдің бейбіт келіссөздерді қайта бастауға әлі де ашық екенін айтқан. Бірақ, бұл үшін Киев НАТО-ға қосылу ниетінен бас тартып, Мәскеу 2022 жылы заңсыз аннексиялап алған Украинаның төрт аймағынан әскерлерін шығаруы керек екен.

"Мүмкін келісімдер Ресей Федерациясының қауіпсіздік саласындағы мүдделерін ескеріп, жаңа аумақтық шындықтарды мойындап, ең бастысы, қақтығыстың түпкі себептерін жоюы керек", – делінген Кремльдің мәлімдемесінде.

Осы айдың басында Батыс лидерлері Ресеймен қарым-қатынасын қалпына келтіруі керек деген Путин Германия мен Ресей арасындағы екіжақты байланыстардың "бұрын-соңды болмаған деңгейге дейін құлдырап кеткенін" атап өтті. Және де екі басшы Таяу Шығыстағы ахуалды да талқылаған.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков лидерлер "толық" және "ашық" пікір алмасты, бірақ "ойлардың тоғысуы туралы әңгіме жоқ" дейді.

Тағы бір айта кететін жайт, Путин мен Шольц осы телефон әңгімесінен кейін де байланыста болуға келіскен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу