Путин Мариупольді алғанымен, оның қолы Донбасста жеңіске жетпей тұр

6746

Батыстың озық қаруы Украинаның шығысында да Ресей армиясын тұралата бастады. 

Путин Мариупольді алғанымен, оның қолы Донбасста жеңіске жетпей тұр

Кремль Мариуполь қаласының қирандыларын толық бақылауға алуға дайындалып жатқанымен, Украинаның бүкіл шығыс Донбассын жаулау әрекетінде жеңіліске ұшырау қаупіне душар болып отыр. Өйткені оның қалжыраған әскеріне айтарлықтай алға жылжу үшін адам күші жетісер емес.

Бірқатар сарапшылардың пікірінше, Ресей Президенті Владимир Путин Батыстан жеткізіліп жатқан заманауи қару-жарақтар Украинаның жауынгерлік қуатын күшейтетіндіктен, өзінің айтарлықтай әлсіреген басқыншы армиясын толықтыру үшін көрші мемлекетке қосымша әскер мен техника жіберуге шешім қабылдауы мүмкін.

Дегенмен Донбасс үшін шайқасқа жаңа әскер қосылмаса да, Ресей қарулы күштерінің тез арада талқандалуы екіталай.

"Менің ойымша, Ресей қазіргі күшімен жеңіліске ұшырайды немесе мобилизация жариялайды", – дейді Польшада орналасқан Rochan кеңес беру орталығының директоры Конрад Музыка.

Музыка мен өзге бір бақылаушыларлың ойынша, Ресей бүгінде жауынгерлері мен техникасын көптеп жоғалтып жатыр және де олардың майдан шептерін бұзу мүмкіндіктері күн өткен сайын азайып барады. Себебі Украина шайқасқа Батыстың ауыр артиллериясын тарта бастады.

"Уақыт ресейліктерге қарсы жұмыс істеп жатқаны сөзсіз. Олардың жабдықтары мен ерекше жетілдірілген зымырандары таусылып жатыр. Ал, украиндар күн сайын дерлік күшейіп келеді", – дейді Лондондағы RUSI зерттеу орталығының сарапшысы Нил Мелвин "Рейтер" агенттігіне берген сұхбатында.

РИА "Новости" агенттігінің хабарлауынша, сейсенбі күні Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков "бәрі жоспар бойынша жүріп жатыр... барлық мақсаттардың орындалатынына еш күмән жоқ" деп мәлімдеген.

Бірақ осы аптада Ресейдің басты телеарнасына әдеттен тыс сыни түсініктеме берген танымал әскери сарапшы ресейліктерді Путиннің "арнайы әскери операциясына" қатысты "ақпараттық транквилизаторларды" жұта беруді тоқтатуға шақырған.

"Украинаға АҚШ пен Еуропадан қару-жарақ жеткізу науқанының қарқын алуы жағдайымызды нашарлатады", – деді отставкадағы полковник Михаил Ходарёнок.

"Азовстальдың" күйреуі

Ресей Киевті алу үшін ақпанның 24-інде Украинаға басып кірді. Содан кейін ол 2014 жылы кейбір аудандары мәскеушіл сепаратистердің бақылауына өткен Донбасс пен оңтүстікті жаулау үшін сәуірдің 19-ында операцияның "екінші кезеңін" бастағанын жариялады.

Ресей Украинаның оңтүстігіндегі құрлық дәлізін сақтап қалды. Ал Мариупольдегі "Азовсталь" металлургия зауытында 82 күн бойы жаппай бомбалауларға қарсы тұрған украин жауынгерлері осы аптада қарсыластықты тоқтатты.

Бүгінде Путиннің армиясы Украинаның Изюм қаласынан оңтүстікке қарай жылжып, Украинаның шығысындағы шайқаста әбден шыңдалған жергілікті әскерді қоршап, маңызды бекіністерді алуға әрекеттеніп жатыр.

Мәскеуге жақтас сепаратистер Донбасстың үштен бір бөлігін Ресей әскері Украинаға басып кіргенге дейін басып алды. Мәскеу қазір Луганск облысының шамамен 90 пайызын бақылап отыр. Бірақ РФ бүкіл аймаққа бақылауды кеңейту үшін Донецк облысындағы Славянск және Краматорск сияқты маңызды қалаларды алу жолында үлкен қадамдар жасай алмады.

"Мен олардың Донбассты жаулап алу болашағына қатты күмәнмен қараймын. Украиналықтар күрт әлсіреген, бәлкім, моральдық деңгейі айтарлықтай төмендеген әскермен күресіп жатыр. Ресейлік офицерлердің шабуылдарды жалғастыруға ынтасы аз, ал Ресейдің саяси басшылығы стратегиялық жеңіліске тап болса да, шабандық байқатып отыр", – дейді АҚШ-тың коммерциялық емес зерттеу және талдау ұйымы – CNA-ның ресейлік әскер жөніндегі сарапшысы Майкл Кофман

Музыканың айтуынша, Ресей Донецктегі Украина қорғанысын бұза алмаған соң батальондық тактикалық топтарын шығысқа ауыстырып жатыр.

"Олар Северодонецк пен Лиманға көшті, мүмкін Украина күштерін сол жерлерде қоршауға алғысы келеді. Бұл мақсат жүзеге аса ма, аспай ма – ол мүлде басқа мәселе", – дейді польшалық сарапшы.

Вашингтондағы соғысты зерттеу институтының төрағасы Джек Киннің сөзінше, Ресей армиясының бас штабының жетекшісі генерал Валерий Герасимов шығыстағы проблемаларды шешу үшін осы айда майдан шебіне барған. Бірақ сол сапардың сәтті болғанына ешқандай дәлел жоқ. 

"Бұл шабуыл шынымен де тұралап қалды", – дейді Кин.

Соңғы күндері Украина армиясы солтүстік-шығыстағы Харковь маңында қарымта шабуылға көшіп, елді мекендерді азат етіп, тіпті Ресей шекарасына дейін жетіп, қарсы жақты екінші ірі қаланы атқылау мүмкіндігінен айырды.

Бірақ Украина Ресей әскерлері әлдеқайда тығыз шоғырланған Донбаста мұнша тез жылжи алмауы мүмкін.

"Бұл қиын жекпе-жек болады. Кескілескен әрі ұзақ шайқас болуы мүмкін. Ресей әскері шабуылдарда жақсы нәтижелер көрсеткен жоқ, бірақ олар қашып немесе оңай беріле салады деп ойламаймын", – дейді Кофман.

"Артиллериялық соғыс"

Батыстың ауыр зеңбіректері, соның ішінде АҚШ пен Канаданың M777 гаубицалары, ресейлік баламаларынан ұзағырақ қашықтыққа арналған. Олар Украинаға артиллериялық жекпе-жекте артықшылық бере алады.

"Украиналықтар ресейліктерден басым түсе бастады. Бұл оларға ресейліктердің контр-батареялық атқылауынан қауіптенбей жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бірақ мені қате түсінбеңіз: орыстар артиллериялық қару саны жағынан артықшылықтарға ие. Әрине, оның сапасына сенімді емеспін... Бұл – артиллериялық соғыс", – дейді Музыка.

Музыка мен Кофманның айтуынша, Путин Украинаға қосымша әскер жіберуге шешім қабылдаса да, бұл шаруаны ұйымдастыруға бірнеше ай кетуі мүмкін.

"Олар, кем дегенде, бұрынғы қызмет өтілі бар ер адамдарды армияға шақыру үшін қандай да бір шараларға дайындалып жатқаны анық. Бірақ, дәл қазір, менің білуімше, Ресей әскеріндегі жағдайдың нашарлауына жол берілген", – дейді Кофман.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу