Путин мен Зеленский кездесе ме?

4723

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан араағайындық танытуға дайын екенін жеткізді.  

Путин мен Зеленский кездесе ме?

Аstana club саяси форумының V отырысында ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда Ресей президенті Владимир Путин мен Украина президенті Владимир Зеленскийдің жеке кездесуін ұйымдастыруға ықпал ететінін мәлімдеді.

"Ресей мен Украинаның арасындағы жағдай, әрине, қынжылтады. Олар бір-біріне өте жақын елдер. Алайда болары болды. Ішкі және сыртқы күштер араласып кетті. Украина мен Ресейді өте жақсы білемін. Алғашқы күндерден бастап-ақ екі елді татуластыруға тырысып келемін. Менің жұмысымның нәтижесі – Минсктегі алғашқы кездесу болды. Басында мен еуропалық елдерді аралап, Меркель ханыммен кездестім. Кейін Киевке келіп, Порошенкомен кездестім. Одан кейін Мәскеуге бардым. Франция президенті Қазақстанда болған кезде жол ортада Путинмен кездесуді өтіндім. Осының нәтижесінде біз Минскте бас қосып, мәселелерді шешуге тырыстық", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы кеше Владимир Путинмен бұл мәселені қалай шешуге болатыны туралы тілдескенін айтты. 

"Қарым-қатынастың ушыққаны соншалық, Украина Батыс пен АҚШ-қа аппеляциямен шығып отыр. Менің ойымша, Ресей мен Украинаның президенттерін жеке кездестіру керек. Тек осылай ғана келісуге болады. Себебі екі ел арасындағы нақты жағдай шешіледі. Мен осындай кездесу мүмкін деп ойлаймын. Меніңше, қазір осы кездесудің дәл сәті туып тұр. Біріншіден, Зеленский сайлауда халықтың қолдауына ие болды. Дума да жаңа президентті қолдайтын азаматтарды сайлады. Ол осы мәселені шеше алады. Қос тарап келіссе, бұл мәселені алға жылжыту керек", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті екі елдің әскері бір-бірінен алшақ орналасқанына тоқталды. 

"Мәселенің шешімі бар. Алға жылжу керек. Ресей мен Украина президенттері жігер таныта білуге тиіс. Бұл бағытта жұмыс жүргізіп жатырмын. Баршаңызды Ресей мен Украинаның арасындағы қатынасты бұзбай, керісінше жақындастыруды ұсынамын. Донбас пен Лугансктегі мәселені шешу керек. Процесс жүріп жатыр. Тұтқындағы азаматтар босап, әскер бір-бірінен алыстай бастады. Сондықтан осындағы сарапшылар да ондағы бейбітшілікті сақтау бағытында ой айтуға тиіс", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу