Путин Ресей үшін соғысатын шетелдіктерге азаматтық ұсынды

1278

РФ паспортына қол жеткізгісі келгендер ең алдымен армиямен, "Вагнер" тәрізді әскери құрылымдармен шарт жасасуға міндетті.    

Путин Ресей үшін соғысатын шетелдіктерге азаматтық ұсынды Фото: reuters.com

Бейсенбі күні президент Владимир Путин Украинада Ресей үшін соғысатын шетелдіктердің өздері мен отбасыларына Ресей азаматтығын алуға рұқсат беретін жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Жаңа бұйрықта Мәскеудің Украинадағы "арнайы әскери операциясы" кезінде келісімшартқа отырған адамдар өздеріне, жұбайларына, балалары мен ата-аналарына ресейлік төлқұжаттарды алуға өтініш бере алады деп жазылған. Дегенмен, арыз берушілер РФ паспортына қол жеткізу үшін кем дегенде бір жылдық келісімшартқа қол қойғанын растайтын құжаттарды ұсынуға тиіс.

Мұндай келісімді шетелдіктер тұрақты қарулы күштермен немесе "Вагнер" тәрізді басқа да "әскери құрылымдармен" жасауға міндеттеледі.

Болжамдарға қарағанда, бұл қаулы әскери тәжірибесі бар шетелдіктердің ресейліктер қатарына қосылуға өтініш беруін қосымша ынталандыру мақсатында қабылданған сияқты.

Мәскеу Украинада өз жағында соғысып жатқан шетелдіктердің саны туралы мәліметтерді жарияламай келеді. Дегенмен, Reuters агенттігі бұған дейін хабарлағандай, орта есеппен айына 100 доллар жалақы алатын кубалықтар он есе көп сыйақы үшін Ресей әскеріне жазылған және "Вагнер" жалдаған үш африкалықтың екеуі соғыста қаза тауыпты.

АҚШ барлау қызметінің құпиясы жойылған есебіне жүгінсек, Украинадағы соғыста қаза тапқан және жараланған ресейлік жауынгерлер мен офицерлердің жалпы саны 315 мыңға жеткен. Бұл сан Путиннің көрші елге 2022 жылдың ақпанында енгізген әскерінің 90 пайызын жоғалтқанын білдіреді.

Ресей Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі алғашқы мобилизациясын 2022 жылдың қыркүйегінде жариялап, қарулы күштерінің қатарына қосымша 300 мың ер адамды шақырды. Ресей қоғамында тарап жатқан қауесеттерге қарағанда, Путин наурызда өтетін президенттік сайлауда жеңіске жетіп, тағы алты жыл мерзімге қалатын болса, мобилизацияны қайталауы ғажап емес.

Кремль болса, бұндай қауесеттерді үнемі жоққа шығарып, былтыр кәсіби сарбаз атану үшін әскери келісімшартқа жүздеген мың ер адамның ерікті түрде қол қойғанын және қосымша мобилизацияның қажет еместігін мәлімдеп келеді.

Ресей де, Украина да 22 айға созылған соғыстағы адам шығыны көлемін жариялаған жоқ. Украина президенті Владимир Зеленский өткен айда мәлімдегендей, оған әскерилер тағы 450,000-500,000 адамды армия қатарына тартуды ұсынғанын атап өтті. Ал Киевтегі парламент бейсенбіде мобилизация ережелерін қатайтатын және кеңейтетін даулы заң жобасын қарастыра бастады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу