Путин сынаған башқұрт алыбынан Қазақстан теріс айналды

20930

Ресейдегі "көтеріліс" қазақ еліне де әсер етті.  

Путин сынаған башқұрт алыбынан Қазақстан теріс айналды

Әрбір қазақстандыққа таныс "Башқұрт сода компаниясы" (БСК, Башкирская содовая компания) үлкен дауға қалды. Ол шығаратын қызғылт-сары қаптамадағы соданы әрбір отбасы сонау кеңес кезінен тұтынатыны белгілі. Компания Башқұртстанда Куштау тауының қойнауын қопарып, қазба байлығын игеруге рұқсат алған-тын. Алайда бұған қоғам белсенділері қарсы шығып, үдере көтерілді. Наразылық дүмпуі Кремльге дейін жетіп, Ресей Президентінің құлағын шулатқан. Содан Владимир Путин РФ Бас прокуратурасына бұл компанияның жеке инвестор қолына өтуінің қаншалықты заңды екенін тексеруді жүктеді. Ресей лидерінің байламынша, БСК "елден сорған ақшаны оффшорларға тоғытқан".

"Мемлекеттің БСК-дағы үлесі 62% еді, күтпеген жерден 38% қалыпты. Салдарынан компания жұмысының басымдықтары күрт өзгеріп шыға келді. Прокуратурадан мемлекетті осы активті бақылауынан айырған мәміленің заңдылығын тексеруді сұраймын! Компаниядан табысты сорып алып, Францияға, Швейцарияға және Кипрдің офшорларына әкету үрдісі жүруде. Ешқандай инвестициялық міндеттеме алмай, қаражатты құр алып кетуі – өте өкінішті", – деді В.Путин.

Сарапшылар Кремльдің мұндай бағасынан кейін башқұрт компаниясын "қайғылы тағдыр" күтіп тұруы мүмкін деп болжап жатыр. Өйткені БСК-ны тексеруді бақылау Үкімет басшысы Михаил Мишустинге дербес жүктелді. Бас прокуратура Башқұрт сода компаниясының оффшорларға арна тартуы ықтимал жергілікті және шетелдік шоттарын індетуге кірісіп кетті. Ал Башқұртстан басшысы Радий Хабиров республика компанияның бақылау пакетін және тізгінін өз қолына алуы тиістігін мәлімдеді.

БСК осылай Куштауды игеремін деп жанжалға ілікті. Ол өзіне қарсы тұрған бұқараны басу үшін жеке күзет фирмаларының жасағын, айрықша мақсаттағы полиция отрядтарын (ОМОН) жұмылдырды. Қақтығыстар туындап, біраз адам ұсталды. Соған қарамастан белсенділер ауыр техниканың жолын тосқауылдап, тауға жібермеуге тырысты.    

Башқұртстан басшысының түсіндіруінше, компанияның шикізат базасы таусыла бастапты. Бұған дейін БСК ұзақ жыл бойы Шахтау кенорнын игеріп келді. Оның қоры 2023 жылы толық таусылмақ. Осыған орай ол біраздан бері баламалы кенорындарын іздестірді. Мысалы, жергілікті Торатауды және Юрактауды игеруден үміттенді. Бірақ олардың табиғи ескерткіш мәртебесі бар. Оның үстіне жергілікті билік башқұрт ұлты үшін киелі бұл асқарларға қол сұғуға болмайтынын кесіп айтты. Ақыры сода жасау үшін мемлекет қорғайтын мәртебесі жоқ Қостауды "құрбан" етуге билік келіскен. Былтырғы тамызда БСК Куштауда 2039 жылға дейін пайдалы қазбаларды өндіруге лицензия алғаны мәлім болды. Биылғы тамызда компания тауға апарар жол төсеу және тауды қазу үшін ондағы орманды отай бастады. Бұл халықтың наразылық толқынын тұтатты.

Компанияның Қазақстандағы "тарихы"

Ресейдің осы ірі химиялық кәсіпорны біраз жылдан бері Қазақстанда да жұмыс істейді. Башқұрт сода компаниясы елімізде титан-цирконий рудасы мол "Обуховское" ірі кенорнын игеруде. Оны игеру нәтижесінде орасан зор қалдықтар қалады. Оның арасында аса құнды сирек-жер металдары жетерлік. Алайда оның бәрі радиоактивті. Сондықтан компания "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясынан Степногордағы Sareco зауытын сатып алмақшы болды. Өйткені ол радиоактивтіліктен тазарту технологияларына ие.

Бұдан бөлек, БСК балама ретінде Қазақстанда натрий гидрокарбонатын (қарапайым тілде – ас тұзы) өндірмек болыпты. Әрине, қазақстандық белсенділер тарапынан еш қарсылыққа кезікпеді. Әйтсе де, биліктің батасын ала алмады.

Журналист Д.Серіковтың сұрағына жауап берген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов башқұрттың осы компаниясымен ынтымақтастықтан бас тартылғанын жеткізді.

"Башқұрт сода компаниясы 2019 жылғы 19 ақпанда елімізде қатты пайдалы қазбаларды барлауға лицензия алу үшін өтінім берді. Бұл ретте біздің министрлік құзырлы орган ретінде Қазақстанның мүддесін ұсынады және жер қойнауын пайдаланушыларға қатты пайдалы қазба байлықтарын барлап, өндіру құқығын береді. Сәйкесінше, құзырлы орган өзіне келіп түскен өтінімді заңда белгіленген тәртіппен қарады. Қорытындысында, БСК-ға ондай лицензия беруден бас тарту туралы шешім қабылданды. Себебі, ұсынылған өтінім Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану кодексінің талаптарына сәйкес келмейді деп танылды. Ал жалпы, жер қойнауын пайдалану контрактілері құпия мәліметтерден тұратынын да атап өткім келеді", – деді Б.Атамқұлов.

Яғни, БСК енді елімізде барлық бағытта тосқауылға маңдай соқты.

Sareco кімге сатылуда?

Осының алдында "Summit Atom Rare Earth Company" (Sareco) бас директоры Эшмурат Пирматов степногорлық зауыттың не себепті БСК-ға сатылмағанын жеткізді. Оны Лермонтов гидрометаллургиялық зауытының акционері, ресейлік "АТЭК" компаниясына сату көзделуде.

"Біз БСК-ны емес, "АТЭК"-ті таңдап отырмыз. Башқұрт сода компаниясы қазақстандық нарықта 10 жылдан бері бизнес жүргізуде. Соның ішінде 7 жылдан бері "Обуховское" кен орнымен айналысып жатыр. Мен өзім кірген сарапшылар тобы былай ақыл қостық: егер зауытымызды БСК алар болса, оған алдымен осында ниобий және титан шығаратын тау-кен байыту комбинатын салу қажет болады. Бұған бес жылдай уақыт кетеді. Ашығын айтайық, бес жыл ішінде біздің Sareco-дан ештеңе қалмайды. Оған қарағанда "АТЭК"-тің Ресейде жұмыс істеп тұрған комбинаты бар. Онда уран мен торийден тап-таза скандий суырып алынады. Яғни, уақыт жоғалтпаймыз, өндірісті қайта қалпына келтіре аламыз", – деді Эшмурат Пирматов.

Оның үстіне, Sareco зауытын салуда дәл осы ресейлік компания кеңес-консультация беріпті. Кейін степногорлық зауытқа қондырғыны да "АТЭК" жеткізді. Зауыттың 1000 шаршы метрі "АТЭК"-тің еншілес кәсіпорны "МАСТ"-қа табысталып жатыр. Ол концентраттан скандий алады деп күтілуде. Онымен меморандумға, келісімге қол қойылған.   

Айта кету керек, Степногордағы 4,4 миллиард теңгенің сирек-жер металдары зауыты 2012 жылғы 25 желтоқсанда Елбасыға жалпыұлттық телекөпір барысында таныстырылды. "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясы жапондық "Sumitomo Atom"-мен бірлесіп құрған зауыт "Қазақстандағы осы тектес жалғыз кәсіпорын" әрі "сирек-жер металдары саласын дамытудың бастауы" деп дәріптелді. Бірақ Э.Пирматовтың дерегінше, кен орны дер кезінде берілмегендіктен жапондық инвестор кетіп қалған. Содан бері кәсіпорын тоқтап тұрды. Бүгінде кен орны, яғни Каспий тау-кен металлургиялық комбинатының мол қалдығы 100% Sareco-ға тапсырылды. Бұл қор 5 жылға жетеді. Ары қарай жаңа кен орындары ізделмек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу