Путин Трамп пен Си Цзиньпинге Украинадағы соғысты талқылауды ұсынды

Кремльдің көздегені – қақтығысты Мәскеу үшін тиімді шарттармен аяқтау жөнінде келісімге келу.

Путин Трамп пен Си Цзиньпинге Украинадағы соғысты талқылауды ұсынды Фото: nepalkhabar.com

Бұл туралы The Wall Street Journal басылымы жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Басылымның дерегінше, Ресей тарапы келіссөздерді 18-19 қарашада Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтетін Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭС) саммиті аясында ұйымдастыруды ұсынған.

Осылайша, Ресей президенті Владимир Путин қараша айында АҚШ басшысы Дональд Трамппен және Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен кездесіп, Украинадағы соғысты талқылауға ниетті.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков үшжақты кездесудің өткізілу мүмкіндігі қарастырылып жатқанын растады. Дегенімен, әзірге кездесудің нақты форматы мен ықтимал күн тәртібі белгісіз.

– Кездесудің өзі немесе оның ықтимал күн тәртібі туралы әзірге нақты түсінік жоқ. Дегенімен, үш тарап та мұндай кездесудің өту мүмкіндігін жоққа шығармайды, – деді Песков басылымға берген жауабында.

АҚШ әкімшілігіндегі жоғары лауазымды өкілдің айтуынша, Дональд Трамп әзірге мұндай саммит өткізуге келісім бермеген. Соған қарамастан, Ақ үй басшысы бұл ұсынысқа оң көзқарас танытуы мүмкін.

The Wall Street Journal Ресей барлау қызметінің бұрынғы қызметкеріне сілтеме жасап, Кремль бұл бастаманы 9 қазанда Путин мен Трамптың телефон арқылы сөйлесуі кезінде ұсынғанын хабарлады. Басылымның жазуынша, сол әңгіме барысында Ресейден АҚШ-қа дизель отынын жеткізу жөніндегі келісімге де қол жеткізілген.

Бұған дейін, 16 қазанда Трамп жарлыққа қол қойып, Мәскеуге қарсы маңызды санкциялардың күшін жойған еді.

Ақ үй, сондай-ақ Ресей мен Қытайдың Вашингтондағы елшіліктері бұқаралық ақпарат құралдарының түсініктеме беру туралы сауалдарына әзірге жауап қатпаған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу