Путинцева Adelaide International WTA 500 турнирінің екінші айналымына шықты

2443

Әлемнің 28-ракеткасы қазақстандық Юлия Путинцева Аделаида (Аустралия) турнирінің екінші айналымына шықты.

Путинцева Adelaide International WTA 500 турнирінің екінші айналымына шықты

Қазақстандық теннисші Юлия Путинцева сейсенбі күні Adelaide International WTA 500 турнирінде жекелей жарыс бойынша алғашқы айналымда германиялық Лаура Зигемундты жеңді. Жүлде қоры 535 мың долларды құрайтын Аустралияның Аделаида қаласында өткен турнирде әлемнің 28-ші ракеткасына жеті жыл бұрын америкалық ITF сериялы турнирінің финалында жеңілгені үшін Германиядан келген қарсыласына есе қайтарды.

Ол уақытта Пелхэмде (АҚШ) Зигемунд екі сетте де Путинцевадан басым түскен болатын - 6: 1, 6: 4. Содан бері жеті жыл ішінде ересектер рейтингінде қарыштап дамыған Путинцева ешқашан неміс ракеткасымен қайта кездескен емес. Зигемунд қазір әйелдер теннис қауымдастығының рейтингіне 54-ші орында тұр.

Adelaide International WTA 500 турнирінің 7-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші алғашқы айналымда германиялық Лаура Зигемундты тізе бүктірді. Бірінші партияда Ю.Путинцева брейк жасап, жеңіске жете алды – 6:4. Екінші сетте есеп 2:1 болған мезетте қазақстандық теннисші брейкке қол жеткізді. Алайда Л.Зигемунд сол бойда қарымта қайырып, таразы басын теңестірді – 3:3. Дегенмен Ю.Путинцева матчты тағы бір брейкпен бітірді – 6:4. Біршама тартысты өткен бәсеке 1 сағат 49 минутқа созылды. Юлия ширек финалға шығу үшін рейтингте 292-сатыдағы аустралиялық Сторм Сэндерспен шеберлік байқасады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу