Қазақстандық теннисші Юлия Путинцева Белградта өтіп жатқан, жүлде қоры 235 мың доллардан астам WTA 250 сериясының жекелей турнирінің екінші айналымына өтті.
Өткен аптада әлемдік рейтингте бірнеше саты төмен түсіп, қазіргі таңда 35-сатыға жайғасқан Юлия Путинцева Сербия астанасында өтіп жатқан турнирде екінші нөмірмен тіркелді. Бұл оған өзімен салыстырғанда әлдеқайда төмен рейтингтегі теннисшілермен кем дегенде ширек финалға дейін кездесуге мүмкіндік берді. Алайда іс жүзінде алғашқы кездесудің өзі Путинцева үшін нағыз сынақ болды. Кездесу 4: 6, 6: 2, 6: 1 есебімен аяқталды. Матчтың ұзақтығы 2 сағат 20 минутты құрады.
Алғашқы айналымда жерлесіміз бір де бір рет эйс жасаған жоқ және екі мәрте қателік жіберіп, жиырма брейк-пойнттың тоғызын ғана сәтті орындады. Ал Путинцеваның қарсыласы словениялық теннисші Кайя Юван оңай қарсылас емес болып шықты. Ол 2018-жылы Буэнос-Айресте жасөспірімдер арасында өткен Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы және жасөспірімдер арасында жұптық сында Үлкен Дулыға турнирінің жеңімпазы. Дегенмен, 20 жасар словениялықтың бұл турнирде жолы болмады. Қазақстандық теннисшіге қарсы кездесуде Кайя екі мәрте қателік жіберіп, он екі брейк-пойнттың бесеуін орындады. Қорытынды есеп 4: 6, 6: 2, 6: 1.
Енді ширек финалға шығу үшін Юлия Бельгия өкілі Элисон Ван Эйтванк пен Хорватия теннисшісі Анна Конюх арасында өтетін кездесудің жеңімпазымен сынға түседі.
Ермұхамед Мәулен