Путинцева Чарльстон турнирінің үшінші айналымына шықты

1108

Қазақстанның екінші, әлемнің 31-ракеткасы Юлия Путинцева Чарльстон (АҚШ) WTA 500 турнирінің үшінші айналымына шықты. Бұл туралы Қазақстан Теннис Федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.

Путинцева Чарльстон турнирінің үшінші айналымына шықты

Осы доданың 11-ракеткасы болып тіркелген Юлия Путинцева екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 88-орында тұрған отандасы Зарина Дияспен кездесті. Бірінші партияда Путинцева басымдылық таныта білді – 6:2. Екінші сетте де ол брейкпен алға шықты – 2:0. Юлия матчты тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:2. Қос қазақстандықтың бәсекесі 1 сағат 20 минутқа созылды. Ю.Путинцева жүлде қоры 565 мың АҚШ долларынан асатын жарыстың ширек финалына шығу үшін әлемнің 13-ракеткасы, испаниялық Гарбинье Мугурусамен таласады.

Сонымен қатар Юлия Путинцева Чарльстон турнирінен кейін Билли Джин Кинг кубогының плей-офф кезеңінде Аргентинаға қарсы Қазақстан әйелдер құрамасымен бірге  өнер көрсетеді. Турнир Кордова (Аргентина) қаласында Cordoba Lawn Tennis Club топырақ төсеніші корттарында 16-17 сәуір күндері өтеді. Қазақстан құрамасынан Путинцевадан бөлек,  Елена Рыбакина (әлемнің 23-ракеткасы), Зарина Дияс (88-ракетка), Анна Данилина (290-ракетка), Ярослава Шведовалар (738-ракетка) да жарысқа қатысады.  

"Ел құрамасы рейтинг пен теннисшілердің соңғы көрсеткіштеріне сәйкес жасақталды. Жекелей сында Рыбакина, Путинцева және Дияс Қазақстан намысын қорғайды. Жұптық сында менімен бірге Анна Данилина кортқа шықпақшы. Бірақ жұптық сында дәл кімнің ойнайтыны жекелей бәсекелердің нәтижесіне және теннисшілердің денсаулығы мен жай-күйіне байланысты болмақ", - деді Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны Ярослава Шведова.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу