Путинцева Дубайдағы турнирді жеңіспен бастады

1035

Турнирдің жүлде қоры 703.5 мың АҚШ долларын құрайды.

Путинцева Дубайдағы турнирді жеңіспен бастады

Дубайда өтіп жатқан WTA 250 сериялы турнирінде қазақстандық теннисші Юлия Путинцева іріктеудің екінші кезеңіне өтті.

Қазіргі таңда әлемдік рейтингте 41-орында тұрған Юлия Қытай өкілі Чжан Шуаймен кездесіп, 1 сағат 13 минутқа созылған матчта еш қиындықсыз жеңіске жетті. Путинцева бес брейк-пойнт жасап, 6:1, 6:3 есебімен қарсыласынан айласын асырды. Келесі айналымда қазақстандық спортшының қарсыласы Польшадан келген теннисші Магдалена Фреш болмақ. Кездесу 13 ақпан күні, елорда уақытымен 15:00-ге жоспарланған.

Сонымен қатар Анна Данилина да Дубайдағы WTA 250 турнирінде жекелей сында өнер көрсетті. Данилина іріктеудің бірінші кезеңінде украиналық спортшы Даяна Ястремскадан екі сетте 6:7 және 0:6 есебімен жеңіліп қалды. Екі теннисші арасындағы кездесу 1 сағат 28 минутқа созылды. Матч барысында қазақстандық теннисші бір рет қос қателік жасап, бір рет допты ойынға қосу барысында мүлт кетті. Естеріңізге сала кетейік, жуырда өткен Australian Open турнирінде Данилина жұптық жарыста тамаша нәтиже көрсетті. Ол финалға дейін жетіп, әлемдік рейтингте 25-орынға тұрақтады.

Сонымен қатар қазақстандық теннисші Андрей Голубев Катар астанасы Дохада өтіп жатқан ATP 250 турнирінде іріктеу кезеңінің бірінші кезеңінен өте алмады. Қазақстандық бір сағат 43 минутқа созылған кездесуде Словакия өкілі Йозеф Коваликке қарсы ойнады. Ковалик екі сетте 6:4 және 7:6 есебімен жеңіске жетті.

Еске сала кетейік, үш күн бұрын Андрей Голубев Голландияның Роттердам қаласында өткен жұптық ATP 500 турнирінен француз Эдуард Роджер-Васселинмен бірге шығып қалды.

Ермұхамед Мәулен