Әлемнің 33-ракеткасы Юлия Путинцева Истборн WTA 500 турнирінің үшінші айналымына шықты. Бұл туралы ҚТФ баспасөз қызметі хабарлады.
Жарысты екінші айналымнан бастаған Путинцева әлемнің 40-ракеткасы, испаниялық Сара Соррибес-Тормомен шеберлік байқасты. Тартысты өткен бірінші партияда Юлия таразы басын өзіне аудара білді – 7:5. Екінші сетте Юлия 4:0 есебімен алға кетті. Ақыры матчты жеңіспен түйіндеді – 6:1. Сағат жарымнан астам уақытқа созылған бәсеке барысында қазақстандық спортшы 1 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың алтауын пайдалана білді. Путинцева ширек финалға шығу үшін әлемнің 5-ракеткасы, грекиялық Мария Саккари немесе дүниежүзілік рейтингте 36-орында тұрған украиналық Ангелина Калининаның біреуімен таласады.
Қазақстанның бірінші, әлемнің 39-ракеткасы Александр Бублик Истборн АТР 250 турнирінің екінші айналымына шықты. Қазақстандық теннисші алғашқы бәсекесін әлемнің 28-ракеткасы, америкалық Фрэнсис Тиафомен өткізді. Осыған дейін қарсыластар бір-ақ рет кездесіп, онда америкалық спортшының мерейі үстем болған еді. Бұл жолы бірінші партияда Ф.Тиафо басымдылық танытты – 7:5. Екінші сетте Александр тай-брейкте сәтті өнер көрсетті – 7:6 (7:4). Ал үшінші, шешуші парияда қарсыласына бірде-бір гейм берген жоқ – 6:0. Бір сағат 50 минутқа созылған матч барысында қазақстандық теннисші 17 эйс жасап, 12 брейк-пойнттың бесеуін мүлт жіберген жоқ. Қарсыласы 2 эйс, 3 брейктен (6 брейк-пойнт) аса алмады. Бублик екінші айналымда әлемнің 86-ракеткасы, Astana Open 2020 жарысының чемпионы, аустралиялық Джон Миллманмен шеберлік байқасады.
Ал Әлемнің 21-ші ракеткасы Елена Рыбакина Истборнда WTA 500 турнирінің екінші айналымында WTA рейтингінің 114-ші сатысында тұрған украиналық Леся Цуренкодан 6:1, 5:7, 3:6 есебімен жеңіліп қалды., Англия. Матч 2 сағат 16 минутқа созылды. Осы уақыт ішінде 23 жастағы Елена тоғыз эйс және үш брейк жасап, допты ойынға қосу кезінде сегіз рет қателесті. Бұл теннисшілердің алғашқы кездесуі болды.
Ермұхамед Мәулен