Путинцева Торонтодағы турнирдің жартылай финалына шыға алмады

1431

Турнир жеңімпазы 439 700 доллар мен 900 рейтингтік ұпайға ие болады. Байқаудың жалпы жүлде қоры 2 697 250 долларды құрайды.

Путинцева Торонтодағы турнирдің жартылай финалына шыға алмады

Әлемдік рейтингте 46-шы орында тұрған қазақстандық Юлия Путинцева үшін Торонтодағы турнир аяқталды. Алдымен жекелей сында ширек финалда қазақстандық әлемнің жетінші ракеткасы америкалық Джессика Пегуладан 3:6, 3:6 есебімен жеңіліп қалды. Одан кейін жұптық сайыста америкалық София Кенинмен бірге Мэдисон Кис (АҚШ) пен Сан Мирзадан (Үндістан) жартылай финалға жолдама өткен кездесуде 5:7, 6:3, 6:10 есебімен жеңіліп қалды.

Айта кетейік, бұл турнирде Путинцева жекелей сында канадалық Кэтрин Себовты жеңді. Одан кейін әлемнің үшінші ракеткасы, испаниялық Пауло Бадосадан айласын асырып, әлемдік сенсация жасады. Сондай-ақ әлемнің 35-ші ракеткасы, америкалық Элисон Рискті де ұтты.

Ал теннистен Қазақстан ұлттық құрамасы 13-18 қыркүйек күндері командалық әлем чемпионатының (Davis Cup Finals) топтық бәсекесінде өнер көрсетуге дайындалуда. Қазақстандықтар өз матчтарын Глазго (Шотландия) қаласындағы "Эмирейтс арена" стадионында өткізеді. Турнирге қатысатын теннисшілердің есімдері де белгілі болды.

Юрий Щукин бастаған бапкерлік штаб мына ойыншыларды іріктеп алды: Александр Бублик, Михаил Кукушкин, Дмитрий Попко, Андрей Голубев, Александр Недовесов және қосалқы құрамда Тимофей Скатов.

Қазақстандықтар "D" тобында Ұлыбритания, АҚШ және Нидерланды құрамаларымен сынға түседі. Бірінші, екінші орынға ие болған командалар Испанияның Малага қаласында қараша айында өтетін Дэвис кубогының ширек финалына жолдама алады.

"Бізге күшті командалар жиналған қиын топ түсті. Ұлыбританиялықтар өз алаңында ойнайды. Америкалықтар – Дэвис кубогының финалдық кезеңінде әлденеше рет өнер көрсеткен тәжірибелі команда. Нидерландылықтармен біз 2019 және 2020 жылдары шеберлік байқастық. Бірақ одан бері нидерландылықтар шыңдалып, құрамын нығайта түсті. Сондықтан әр матчта барымызды салып, ширек финалға шығуға тырысатын боламыз", деді Қазақстан құрамасының капитаны Юрий Щукин.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу