Сенбі күні Аустралия ашық чемпионатына Лос-Анджелес пен Абу-Дабиден Мельбурнге ұшқан ұшақтағы жолаушылардан коронавирус табылғандықтан, сол ұшақта болған барлығы 47 теннисші карантинге жабылды. Олардың арасында қазақстандық теннисші Юлия Путинцева, сондай-ақ Виктория Азаренко (Беларуссия), Слоан Стивенс (АҚШ), Кэй Нисикори (Жапония) және Ангелика Кербер (Германия) бар. Карантинге байланысты ойыншылар күніне бес сағаттық жаттығуларын өткізе алмайды. Осыған байланысты қазақстандық теннисші Юлия Путинцева "Australian Open" ұйымдастырушыларының коронавирус жұқтырған жолаушылармен чартерлік рейстердегі теннисшілерді карантинге жабу туралы шешіміне қатысты өз пікірін білдірді.
"Борттағы бір адам коронавирус жұқтырса, ұшақта болған жолаушылар түгелдей карантинге жабылады деп неліктен бізге ешкім айтпағанын түсінбеймін. Мұндай жағдайда мен мұнда келмес бұрын екі рет ойланар едім. Бұған дейін олар ұшақтағы адамның кесірінен емес, команда мүшелерінің біреуі ауырса ғана карантинге алынады деп айтқан болатын", - деп жазды Путинцева өз твиттерінде.
Ал, "Australian Open" жарысының директоры Крэйг Тайли 47 ойыншының карантинге жабылғанына қарамастан турнир кесте бойынша өтетінін мәлімдеді.
"Біз пандемияның айтарлықтай қауіп төндіретінін білдік. Бірақ Аустралияның ашық чемпионаты өтеді және біз бұдан да нашар жағдайға тап болған ойыншыларға барлық мүмкіндікті жасаймыз", - деді Тайли Channel Nine басылымына берген сұхбатында.
Естеріңізге сала кетсек, Australian Open-2021 Мельбурнде 8-21 ақпан аралығында өтеді. Турнирге Қазақстанның алты өкілі - Елена Рыбакина, Юлия Путинцева, Зарина Дияс, Ярослава Шведова, Александр Бублик және Михаил Кукушкиндер қатысады. "Үздік он" ойыншылардың ішінен Нидерланды өкілі Кики Бертенс пен швейцариялық Роджер Федерер ғана жарысқа қатыспайды. Былтыр осы турнирде америкалық София Кенин мен серб Новак Джокович жеңіске жеткен болатын.
Ермұхамед Мәулен