Путинді әскери қылмыс үшін сотқа тарту мүмкін бе?

3533

Байден Ресей лидерін сотқа тартуға шақырды, бірақ бұл процесс қиын әрі бірнеше жолмен өрбуі мүмкін. 

Путинді әскери қылмыс үшін сотқа тарту мүмкін бе?

АҚШ Президенті Джо Байден Украинаның Буча қаласында ортақ бейіттер мен жақыннан атылған бейбіт тұрғындардың мәйіттері табылғаннан кейін Владимир Путинді соғыс қылмыстары үшін жауапқа тартуға шақырды. Бірақ Ресей президентін соттау оңай болмайды.

Әскери қылмыстар дегеніміз не?

Әлемдегі әскери қылмыстар бойынша бірінші тұрақты трибунал – Халықаралық қылмыстық сот (ХҚС) әскери қылмыстар деп Женева конвенцияларының, соғыс кезінде сақталуы керек гуманитарлық заңдар жиынтығының "өрескел бұзылуын" атайды.

Сетон Холл университетінің заң мектебінің халықаралық қылмыстық құқық және ұлттық қауіпсіздік жөніндегі ғалымы Джонатан Хафец Reuters ақпарат агенттігіне берген сұқбатында айтқандай, Бучада бейбіт тұрғындардың өлім жазасына кесілуі "кәдімгі соғыс қылмысына" жатады.

Ресей кінәсін жоққа шығаруды жалғастырып жатыр. Оның Қорғаныс министрлігі жексенбі күні "бірде-бір бейбіт тұрғын ресейлік әскерилердің зорлық-зомбылық әрекетіне тап болған жоқ" деп мәлімдеді.

Әскери қылмыстар туралы істі қалай құрылады?

АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі Джейк Салливан дүйсенбіде журналистерге төрт негізгі дәлел көздерін атап берді. АҚШ пен оның одақтастары жинаған ақпарат, соның ішінде барлау мәліметтері; Украинаның істі әшкерелеу және өлтіру фактілері бойынша сот-медициналық сараптаманы құжаттау әрекеттерінің нәтижелері; БҰҰ мен өзге де халықаралық ұйымдардың материалдары; жаһандық тәуелсіз БАҚ-тың фотосуреттерге, сұхбаттарға, құжаттарға негізделген тұжырымдары.

Путин әскерінің әрекеті үшін жеке жауап бере ала ма?

Айыптаушы тарап Путин мен оның айналасындағы адамдар заңсыз шабуылға тікелей бұйрық беру арқылы әскери қылмыс жасады немесе қылмыс жасалып жатқанын біле тұра, оның алдын ала алмады деп уәж айтуы мүмкін. Бұл істі оқшаулап дәлелдеу қиынға соғуы ықтимал, бірақ мұндай қылмыстар Украина бойынша кең етек алса, олардың жасалғанына сендіру оңайырақ болады. Айта кетсек, АҚШ Ресейді Бучаға дейін де әскери қылмыстар үшін айыптағаны белгілі.

"Сіз олардың білгенін, білуі мүмкін екенін немесе білуі керек екенін дәлелдеуіңіз керек. Үш жылдан кейін орта деңгейдегі адамдар сотталып, осы сұмдыққа жауапты басты адамдар – Путин, Лавров, қорғаныс министрі, барлау қызметкерлері, әскерилер мен оларды қолдайтын қаржыгерлер  қармаққа ілінбей кетуі", – дейді Лондон университеттік колледжінің профессоры Филипп Сэндс Associated Press агенттігіне берген комментарийінде.

Мұндай сотты кім жүргізе алады?

Халықаралық қылмыстық сот геноцид пен адамзатқа қарсы қылмыс жасағандарды жауапқа тарту үшін 20 жыл бұрын ашылды. Бірақ АҚШ, Қытай, Ресей және Украина Африкаға тым көп көңіл бөлді, "таңдамалы әділеттілік" тәсілін қолданды деп сынға ұшыраған бұл соттың мүшелері емес.

Халықаралық соттың бас прокуроры Кәрім Хан ақпан айында Ресейдің Украинаға басып кіруіне жауап ретінде әскери қылмыстар бойынша тергеуді бастағанын айтты.

Егер прокурорлар әскери қылмыстар жасалғаны жайлы "ақылға қонымды дәлелдер" келтіре алса, ХҚС қамауға алуға ордер береді. Бірақ Ресейдің бұл талапты орындауы екіталай және ХҚС біреуді сырттай соттауға пәрменсіз.

ХҚС-қа қандай альтернатива бар?

Біріккен Ұлттар Ұйымы. Бірақ оның Қауіпсіздік кеңесіне Ресей тұрақты мүше. "Оның бірдеңені бұғаттау үшін вето құқығын қолдануға тырыспайтынын елестету қиын", – дейді Салливан.

Филипп Сэндс – британдық және француздық заңгер, Лондон университеттік колледжінің халықаралық құқық профессоры. Сэндс бір кездері АҚШ Президенті Джордж Буш пен британ Премьер-Министрі Тони Блэрді халықаралық құқықты бұза отырып, Иракқа басып кіру үшін сөз байласты деп айыптап, "Заңсыз әлем" (2006)  деген кітабын жазды. Оның келесі кітабы "Азаптаушылар командасы: Рамсфельдтің естелігі мен американдық құндылықтарға сатқындық" (2008)  деп аталады. Онда АҚШ-тың жетекші саясаткерлерінің терроризмге қарсы соғыста күдіктілерден жауап алу үшін азаптауды қолдану шешімі туралы баяндалады.

Басқа бір алаң – кейбір елдер тобы ұйымдастырған арнайы трибунал болуы мүмкін. Нюрнберг трибуналы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін нацистердің жетекшілерін жауапқа тарту үшін АҚШ, Ұлыбритания, Франция және Кеңес Одағының күш біріктіруімен құрылды.

Украинадағы жағдай үшін тағы бір үлгі бар. Ол – 1990 жылдардың басындағы Балқан соғысында және 1994 жылы Руандадағы геноцид кезінде жасалған әскери қылмыстарды тергеу мақсатында жасақталған трибунал. Тағы бір мысал, 1996 жылы Сьерра-Леонеда болған азаматтық соғыс кезіндегі зұлымдықтарға кінәлілерді жауапқа тарту үшін 2002 жылы БҰҰ-ның қолдауымен арнайы сот құрылды.

Трибунал құру науқаны

Егемен елге қарсы негізсіз соғыс жүргізгеннен кейін Путинді басқыншылық қылмыс үшін қудалау оңайырақ болар еді. Дегенмен ХҚК-ның агрессия ісі бойынша Ресейге өкілеттігі жүрмейді. Өйткені Ресей Халықаралық қылмыстық сотқа мүше емес.

Өткен айда Украина Сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба мен Ұлыбританияның бұрынғы Премьер-Министрі Гордон Браун сияқты ондаған танымал заңгер мен саясаткер Ресейді Украинаға басқыншылығы үшін соттау мақсатында арнайы трибунал құру науқанын бастады.

Айыптау қанша уақыт алады?

Көп жыл кетуі мүмкін. Бұрынғы Югославия бойынша халықаралық қылмыстық трибунал сол кездегі Югославия Президенті Слободан Милошевичке 1999 жылы айып тағып, 2001 жылы қамауға алды. Оның соты 2002 жылы басталып, 2006 жылы Гаагада қайтыс болғанға дейін жалғасты.

Либерияның бұрынғы Президенті Чарльз Тейлор соғыс қылмыстары мен адамзатқа қарсы қылмыс жасаған көтерілісшілерге көмектескені үшін Гаагадағы Сьерра-Леоне бойынша арнайы сотта төрт жыл өткен тыңдаудан кейін ғана айыпты деп танылды.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу